• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Қазақстандағы қызық қондырғы

329 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда елімізде кәсіп­керлік кең өріс алып келеді. Ел кә­сіпкерлерінің сапында біздің ауда­нымыздың да осы кәсіп­керліктің түрлі саласының бүге-шүгесін терең меңгерген азаматтары жетерлік. Солардың бірі – аудан тұрғындары өміріне, кәсіпкерлік салаға жаңа өзгеріс енгізген Қазақстанда тұңғыш рет қолданысқа енгізіліп отыр­ған сиыр сүтін сататын «Моло­комат» қондырғысын орнатқан «Прекрасное» ШҚ басшысы Бақыт Құсайынов. Мұндай қондырғы алғаш болып Айыртау ауданының орта­лығы Саумалкөл ауылындағы «Астана» дүкенінің ішіне орна­ластырылған. Аталмыш қон­дыр­ғының салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Ағзам Тастеміров қатысып, кәсіпкерге қолға алған ісінің жемісті болып, кәсібі өрге домалауына тілектестігін айта отырып, елімізге тұңғыш болып арнайы жүйемен жұмыс жасайтын аталмыш қондырғыны әкеліп, қарапайым тұтынушы халықтың өміріне оң өзгеріс енгізгені үшін үлкен алғысын білдірді. Жақында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, сайлаушыларының сенімін ақтап, халық алдында ауыз толтырып айтарлықтай игі іс жасағандығын атап өтті. Жеке кәсіпкер Бақыт Мәжи­т­ұлы бұл қондырғыны Ресей еліне жасаған іссапарында көзі шалып, еліне әкелуді жоспарлаған екен. Барлық саланың кез келген қызметі автоматтандырылып жатқан уақытта мұндай қондырғының болғаны әрі уақыт үнемдеу, әрі сапалы тауарға қиындықсыз қол жеткізу болып табылады. Жеке кәсіпкер молокоматты «Молоковэнт» маркасымен Ресейдің Том қаласындағы «Манета» зауытында тапсырыс­пен жасатқан көрінеді. Ол осындай 4 молокоматты өз қаражаты есебінен 8,5 миллион теңгеге жасатыпты. Оның алғашқысы пай­даланушылар игілігіне бері­ліп үлгерсе, екіншісінің де Саумал­көл ауылының қай сауда нүк­тесіне қойылатыны жос­пар­ланып жатыр. Ал қалған екеуі  Новоишимка ауылына қойылмақшы. Молокоматтың сыйымды­лығы 100 литр болатын картриджі күн сайын таңертеңгі уақытта сауылған сүтпен ауыстырылып отырылады. Ал сүт ауысып қалған жағдайда шаруашылық иелері ол сүтті келесі күнге қалдырмайды. Яғни, күн сайын ешқандай қауіпсіз молокоматтың жаңа сауылған ­пастерленген сүтін қолдануы­ңыз­ға болады. 1 литр сүттің құны 150 теңге. Мо­локоматтың бетін­де арнайы басқарғыш түймелері бар. Сүтті 1 литр және 2 литр көлемінде алуға болады. Ал одан көп мөл­шерде алатын жағдайда, тоқ­тату түймесін басып, келесі ыдысты қойып, қайтадан сүт құюды жалғастыруға болады. Ақша қабылдағышы қағаз ақша түрінде және тиын түрінде  де қабылдайды. Ақша қабылдағышы 10, 20, 50, 100, 200, 500 теңге­лік­терді қабылдайды. Және қалдық ақшаны да қайтарады. Ал егер молокоматтың қалдық ақшаны қайтаруға тиыны болмаса, онда сол ақшаға тағы да сүт құйып алуға болады. Сүт құйылатын картридж арнайы жүйемен, арнайы қос­палармен тазаланып, буланып отырылады. Молокомат жүйесіне Ресей елі де тұтастай көшуге бет алса, Еуропа елдері 2000 жылы түгел­дей молокомат қондырғысының қызметіне көшкен екен. Молокоматтың қолданысқа берілу салтанатында зейнеткер, «Алтын алқа» иегері Зура Алғожина кәсіпкерге ақ батасын беріп, шашу шашты. Ауыл тұрғыны, 2 баланың анасы Свет­лана Топчий «Табиғи сиыр сүтіне еркін қолжетімді мүмкіндік беретін мұндай қондырғының орналастырылғаны бізге үлкен көмек болды. Ауыл тұрғындары үшін осындай керемет қондырғы орнатып, көпшіліктің көңілінен шыға білген кәсіпкер Бақыт Мә­жит­ұлына сүт өнімін көп пайдала­натын жас ана ретінде мен де үлкен рахметімді айтқым келеді», деді. 2013 жылдан өз кәсібін бас­таған Бақыт Құсайыновтың «Пре­красное» шаруа қожалы­ғында қазіргі таңда 230 бас ірі қара мал болса, оның 145-і сауын сиырлары. 1000 гектер жайылымы бар шаруа қожалығы 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2015 жылы қожалық толықтай автоматтандырылған сиыр сауу жүйесіне көшкен екен. Кәсіпті жасау мен жалғастыру оңай болғанымен, алғашқы болып алға шығу оңайға түспесі анық. Сондықтан алдағы уақытта Бақыт Мәжитұлы Құсайыновқа шаруасының шашауын шығармай жүргізуі үшін қажыр-қайрат, жұмысшылары арасында өзара ауызбірлік, мемлекеттен барынша қолдау мен тұрақты тұтынушылар, ең бастысы, елім деген ер жүрегінің, ерік-жігерінің рухы ортаймасын демекпіз. Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Суретті түсірген автор