• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Адасқан орден

383 рет
көрсетілді

73 жылдан соң иесін тапты Жуырда Шардараға Ресей Федерациясы Бас консулдығының кеңесшісі Степан Соколов арнайы келіп, аудан әкімдігінде Ұлы Отан соғысының ардагері Жұрымбай Айтөреевке «Қызыл Жұлдыз» орденін салтанатты түрде тапсырды. Шардара ауданындағы көзі тірі қос майдангердің бірі Жұрым­бай Айтөреевтің Ұлы Отан соғысы кезінде берілген «Қызыл Жұлдыз» орденін ала алмай жүргеніне би­ыл 73 жыл болған еді. Харьков, Во­ронеж қалаларын азат етуге қатысқан Жұрекең жауды тү­ре қуып, жеңісті Чехословакия же­рінде қарсы алған. Басында барлаушы, кейіннен әуе десанты болған майдангер соғыста нағыз хас батырға айналған. Барлаушы кезінде ол «Қызыл Жұлдыз» ор­денімен марапатталыпты. Алай­да, куәлікке «Артураев» деп қате жазылып кетуі салдарынан орден иесіне табыс етілмейді. Одан кейін әуе десанты болып та жауға ойран салған Жұ­рымбай Айтөреев ерен ерлігі үшін екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Бұл орден-медальдарын бүгінге дейін жарқыратып тағып жүр. Алайда, ұзақ жылдан бері Мәскеу жаққа хат жазып, бірінші «Қызыл Жұл­дыз» орденіне іздеу салумен болады. Аудандық қорғаныс істері бөлімі арқылы былтырдан бері құжаттары Ресейге тағы да жолданды. Ақыры, көптен бері са­рыла күт­кен қуанышты сәт те келіп жетті. Қос «Қызыл Жұлдызды» өңі­ріне жарқырата таққан қарт майдангер ерекше күйге түсіп, Ресей дипломаты мен аудан басшыларына алғысын жаудырды. Соғыс кезіндегі оқиғалар еске түскен Жұр­екең ұрыстардың кейбір сәт­терін әңгімелеп те берді. – Бұл орден маған 1943 жылы берілген еді. Біздің барлаушылар тобы аса бір жауапты тапсырманы орындап келгенбіз. Жаудың 30-ға тарта сарбазын өлтіріп, 7 машинасын талқандадық. Сол тапсырманы абыроймен орындаған он адамға марапат берілді. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғаным туралы 14 қазанда шыққан «Боевое знамя» газетіне жарияланды. Днепр­­ден өткен бір ұрыста ауыр жараланып, госпитальға түсіп қал­дым. Сол кезде орден келген екен, бірақ куәлікке фамилиям қа­­те жазылуына байланысты кері қайтып кетіпті. Сол орденімді іздеп жүргеніме 73 жыл болыпты биыл, енді қолым жетіп отыр, – дейді Жұрымбай ата. Жұрымбай ақсақал әлі де қарт­тыққа дес бермей, өз аяғымен жүріп-тұрады. Бауырынан өрбіген 5 ұлдан 22 немере мен 40 шөбере сүйіп отырған соғыс ардагері тамырын тереңге жайған бәйтерек іспетті. Жұрымбай атамыз әр­уа­қытта да: «Біз көрген соғысты сен­дер көрмеңдер, ел-жұрт аман болсын», деумен отырады. Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы әкімдігінің қызметкері  Оңтүстік Қазақстан облысы