Астана халықаралық көрмесіне қойылады
Астанада өтетін халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесінде «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ зауыты «Қажымұқан» су жаңа мұз жарғыш катерінің нобайын ұсынады.
Катер 2014 жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тапсырысы бойынша салына бастаған. Ол өзендерде, су қоймаларында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде мұзда патрульдік қызмет атқару үшін арналған. Катердің салмағы шамамен – 151 тонна, суға бату тереңдігі – 1,8 м.
Сонымен қатар, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ көрмеге келушілердің назарына КамАЗ-дың базасында жылжымалы стансаны ұсынады. Станса 10 метрге дейінгі тереңдікте әскерилердің су асты операцияларын жасауға арналған.
Бұл кәсіпорын «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіреді. Институт кеме құрастыру, мобильді робот техника, сүңгуірлік техника, навигациялық жабдық, мұнай-газ секторына арналған техникаларды жасайды.
Көрмеде қазақстандық басқа да кәсіпорындар өз өнімдерін көрсетеді. Олар экспортқа торпедоларды, кеме гидравликасын, заманауи жылу құралдарын, көздеуіштерге арналған линзалар мен басқа да құрал-жабдықтарды ұсынады.
Биыл көрменің секциялары кеңейтілді. Онда авиациялық техниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық технологиялары, құрлық әскерлері мен әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы, IT-технологиялары, байланыс жүйелері мен құралдары, әскери саладағы робот техникалары қойылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»