өзінің 150 мыңыншы экспонатын күтуде
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің төл мерекесін кеншілер астанасындағы орталық саябақта атап өтті. Бұл жерде қала музейі десе ішек асын жерге қойған ағайын көптеп жиналды. Олар ашық аспан астына қойылған тарихи жәдігерлерді қызыға тамашалады. Әсіресе, самаурындар жиынтығы жұрттың ықыласына бөленді. Сондай-ақ, жүз жылға жуық тарихы бар шойын үтіктердің түр-түрі, ескі сағаттар мен алғаш шыққан теледидарлар да жұрт назарын өзіне аударды. Мұражай қызметкері Меруерт Орысбаеваның айтуынша, орталық саябақтағы мұражай алаңқайына 100-ден астам жәдігер қойылған.
Жалпы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында бүгінгі күнде 149 985 жәдігер бар. Қазіргі мұражай «Сүйікті қалама сый» акциясын жариялап, қолында тарихи жәдігерлер бар қала тұрғындарына үндеу тастаған. Осыған орай мұражай өзінің 150 мыңыншы экспонатын асыға күтуде.
Мұражай қызметкерлері кәсіби мереке күні музейдің табалдырығын аттаған жұрт үшін түрлі тақырыпты қаузаған зияткерлік-танымдық ойындар мен викториналар ұсынды. Бұдан бөлек, олар қала тарихымен жақын таныс болғысы келетін жастарға арнайы автомарафон ұйымдастырды. Бұл шара барысында студенттер мен оқушылар автобуспен қаланың тарихи һәм көрікті жерлерін аралап, экскурсия жасады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ