Елордада «Кескіндеме және графика» үйірмесі мүшелерінің қатысуымен «Музей әлеміне саяхат» атты балалар көркемсурет көрмесі ашылды.
«Шебер» студиясының «Кескіндеме және графика» үйірмесінің жетекшісі Мұхтар Байбосынов көрменің ашылуында мұндай іс-шаралар өңірлердегі өнерлі балаларды қолдауда айтарлықтай рөл атқаратынын айта келіп, балауса қылқалам шеберлерінің туындыларына жан-жақты тоқталып өтті.
– Бүгін көпшілік назарына мұнда 40-қа жуық сурет ұсынылып отыр. Бұлардың барлығы балалардың жүрегін жарып шыққан жұмыстар. Олардың өнер биігінен көріне беруі үшін осындай іс-шараларды әрі қарай да жалғастыра беруіміз керек. Оқушылар өздерінің ұшқыр қиялдарымен Қазақстандағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен тыныштықты бейнелеген, – деді М.Байбосынов.
Ұлттық музейде өткен көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат оқушылардың шығармашылық ізденістеріне баға беріп, жасөспірімдердің эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру болып табылады.
«Егемен-ақпарат»