• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2016

Қала мен дала хикаялары

1582 рет
көрсетілді

Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев шығармашылығы туралы сөз Ұзақ жылдар бойы баспасөз, баспа саласында қызмет істеген менің қазақтың бірталай белгілі қаламгерлерінің өзімен де, шығармашылығымен де жете таныс болуымның жөні бар. Міне, сондай тағдыр табыстырып, ағайындай араласып-құраласып, дос-жар болып кеткен жігіттердің бірі – қазақтың қазіргі көрнекті жазушы-драматургі, қарымды көсемсөзші әрі қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев. Сұлтанәлінің жазушылық таланты­ның қыр-сырын айғақтау үшін оның ондаған әңгіме-повестерінің бірлі-жарымына тоқтала кетейін. Сонау қан майданда – от пен оқтың ортасында жүріп танысқан қарулас достардың соғыстан аман-сау оралып, қызметтес болған кездегі өмір-тіршіліктері арқау болған «Ескі дос­тар» әңгімесінің өрнегі де, өнегесі де өзгеше. Соғыстың талай аласапыран шешуші сәттерінде өзін батыл, тапқыр, қайсар, жаужүрек сардар екендігін көрсеткен Қалдыбай колхоз-совхозға басшылық жасаған кездерде де керемет іскерлік көрсетіп, өзі тізгінін ұстаған ұжымның артта қалған шаруашылығын алға шығарып, көсегесін көгертіп, ел-жұртының құрметіне бөленіп, абыройы асқақтап жүріп жатады. Алайда, араға біраз жылдар салып ол өзгеріп сала береді. Енжарлыққа, жайбарақаттыққа жол беріп, салғырттыққа салынып, жан ты­ныш­тығын іздеуге көшкен. Ал сол шаруашылық қарамағына кіретін ауданның бірінші хатшысы Қалдыбайдың қандыкөйлек досы, бір кезде өзі өлімнен құтқарып қалған Еділ еді. Сол араларынан қыл өтпейтін достардың сыналар тұсы жазушының айтпақ идеясын ашып, түйінін түйсіндіруге арналған. Әуелі жеке отырып сөйлесіп, тіпті болмаған соң қызметін төмендеткен.  Содан Қалдыбай науқастанып қалған тракторшының орнына уақытша бір баланы отырғызған. Оқыстан трактор аударылып, бала аяғын кестіріп, мүгедек болып қалады да, жайбарақаттыққа салынып, жауапкершілікті ұмытқаны үшін бастауыш партия ұйымы Қалдыбай партиядан шығарылсын деген шешім шығарған. Ендігі мәселе аудандық партия комитетінің бюросында қаралмақшы. Міне, адами достық пен азаматтық борыштың шешімі шиеленіскен сәті. Бірінші хатшы Еділдің жаны қиналатын жері осы. Бюро өтерден бір күн бұрын Қалдыбай мен Еділ екеуі кездесіп сөйлеседі. Қалдыбай өзі­нің қызмет жағдайын пайдаланып ішіп-жеп қоймағанын, қоғам мүлкін талан-таражға салмағанын, басқарып отырған шаруашылықты құлдыратып жібермегенін, сөйтіп, адамгершілік мұраттан таймағанын, қартайған шағымда кездейсоқ кезіккен бақытсыздыққа бола партия қатарынан шығарғандарың мен үшін өлім емес пе дейді. Оған Еділдің де айыбын бетіне басып, айтар уәжі бар. Бұл сенің енжарлықтан, жайбарақаттықтан жасағаның, бақытсыздық емес, қылмыс! Аяғында әлгі екеуара әңгімеден соң жүрегі ауырып үйіне қайтқан Еділдің жұбайы дәрігер шақыртпақ болғанда айтқан сөзінен кесіп айтпаса да, мәселенің шешімі қалай болатынын аңғарамыз. «Қажеті жоқ, ауыр­сам ауырған шығармын... Бірақ бұл дәрігер емдейтін ауру емес». Иә, осынау шағын ғана әңгіменің айтатын ойы, түйсінтер түйіні аса маңызды. Ар соты адал достықты арашалай алмауы тиіс. Ел-жұр­тының алдындағы азаматтық борышыңды ұмытсаң, кешегі ерен еңбегің еш, адалдығың да, қияметтік достығың да көмектеспесі кәміл. Атап, анықтап айтпаса да, жазушы ойының емеурінінен осындай пікір түйеміз. Бұл тегі бүгінгі ел басшылығында жүрген кісілерге құлаққағыс десе де болғандай. Ендеше, әңгіме қашан жазылса да бүгінгі уақытпен үндес мәселені қозғап отыр. Сұлтанәлінің айтар ой, түйер түйіні тереңі­ректен қозғалатын «Сүйгенің шын болса» деген тамаша туындысы бар. Осынау жасы отызды орталағанда жазылған шығарма – жас дәуреннің – махаббат, қызығы мол мазасыз мезгілдің мөлдір мұңы мен сәулелі сырын шертетін, көп адамның іштегі шерін тарқатып, жанын жылытатын қызулы да қызықты хикаяттың оқырмандарын ойлантып-толғантып, бірден баурап алары ақиқат. Шығарма көркемдік шындықтың өмір шын­дығымен сабақтаса, үйлесе, жараса үндесіп, көкейіңе қона кететін күйдің қоңыр әуеніндей әдемі әдіптелуімен, жазушылық шеберліктің көрігінде шыңдалуымен де бағасын асырып тұр. Повестің бас кейіпкері Төрежан саябақтың бір түкпірінде жалғыз отыр­ған. Ту сыртындағы теректің ар жағынан шыққан дауысқа құлақ түргенде естігені өз өмірінің өткен шағын есіне түсірген. Күйіне сөйлеген жігіт өзінің ғашықтығына, адалдығына, сезіміне сендіре алмай әуреленіп тұрса, әйел де айтқанынан қайтар емес. «Шынында да мені шексіз сүйетін шығарсың. Жарайды, сенем. Бірақ бұл бүгінгі сезімің. Ал ертең суисың... Менен жалығасың. Құтылғың келеді...». Жігіт те қайтар емес. «Сен қатыгезсің, махаббаттың не екенін мүлде түсінбейсің. Менің жүрегімде ... қандай оттың лапылдап тұрғанын білмейсің. Ол өрт бүгін де, ертең де... сөнбейді». Әйелдің айтқаны: «Өтірік. Талай естіген сөзім. Әлгі ажырасып кеткен... күйеуім де ылғи осылай дейтін. Мен байғұс соған құдайдай сеніп жүрсем... Көресіні кейіннен көрдім ғой». Аузы күйгеннен кейін ашынып, ашуланып айтқан бейтаныс әйелдің оның соқырлығын көріп, мүсіркегені емес, махаббат жоқ деген пікірі. Жүрегін аяусыз осқылап өткендей болған. Біраз жүргеннен кейін ол сабасына түсіп ойлағанда, бір кезде өзінің де махаббат туралы пікірі әлгі әйелдің аузынан шыққан сөздермен үндес болғаны есіне түседі. Міне, осы жерден Төрежанның басынан кешірген махаббат хикаясы басталады. Ол өзімен бір сыныпта оқитын  Әмина есімді қызға ес-түсі  кетіп ғашық болған. Хат жазған. Осы күні ойлап отырса, жазғаны тым түсініксіз болып шыққан екен. Ең болмаса «сені сүйемін» деген бір ауыз сөзді айтуға батылы жетпей, әр нәрсенің басын бір шалса керек. Екеуі талай кездесіп, сөйлесіп жүретін. Төрежан қызды құшақтамайтын, сүймейтін, ең болмаса шашынан сипап, сүйемін деген сөзін де айтпайтын. Неге екенін өзі де білмейтін. Бәлкім балалығы, тазалығы, тәжірибесіздігі болар... Содан аттестаттарың даяр болғанға дейін совхозға қол ұшын бере тұрыңдар деген желеумен ер балалар шөп шабуға қыр асып кеткен. Арада үш-төрт күн өткенде Әмина күйеуге қашып кетіпті деген хабар естиді. Оған сенбеген Төрежан жолдастарын ертіп ауылына барып, ешқандай зорлаусыз, уәде байласқан жігітіне қалауымен келгенін қыздың өз аузынан естіп, қайран қалып кері қайтқан. Содан Алматыға аттанып, оқуға түсіп, бозбалалық дәуренін дүрілдетіп өткізіп жатады. Өзі сымбатты, өзі сөзшең, жақсы киініп, еркін жүретін жайсаң жігіттің жолы болғыш. Көзі түскен қыздың қырын қараған, көңілін қалдырған біреуі жоқ. Алғашқы махаббатынан аямай таяқ жеген сері жігіт сөйтіп қыздардан кек қайтаруға көшкен. Бірде университетте махаббат туралы диспут өтетінін естісе де, оған барамын, сөйлеймін деген ойы жоқ-тын. Қасындағы жігіттер қолқалаған соң көнген. Олар айтқан: қыздардың сырын, махаббаттың құпиясын сенен артық білмейміз. Сұлулардың басын шыр айналдырғанда кереметсің. Сөйте тұра, мына кеште бір ауыз пікір айтпауың ұят деген. Сөйтіп, кешке барып отырғанда жаппай жарыссөзге шыққандар, әсіресе қыздар жағы көп болды. Олар махаббаттың шырқын бұзатын жігіттер, қыздар періштедей пәк деген пікірлер айтудан аспады. Қарап отырса, араларында Төрежан жақсы білетін, күнде бір жігіттің қолтығында жүретін қыздар да бар-тын. Солардың жалған сөздері жынына тиген. Төрежан сөз алып: «Махаббат деген бос сөз. Шын ғашық өмірде бір-ақ  адамды сүюі керек. Кәне, ондай қыз бен жігіт? Ондай ешкім жоқ. Әлгінде ғана сөз алған бірнеше қыз: «Жігіттер тұрақты болса, әркімнің соңынан бір жүгірмесе екен», деп кінәні бізге аударды. Жөн-ақ, алайда сол әдемі сөз айтқан әдемі қыздарды мен неге аптасына бір жігітпен көремін. Тұрақты болу екі жаққа да бірдей болуы тиіс. Қыздар ақыл айту үшін алдымен өздері түзелсін». Төрежанның сөзінен кейін мыстары құрып, қалай тойтарыс берерлерін білмей отырғанда, ортаға бір талдырмаш қара қыз шықты. Ол мәселені төтесінен қойды. Әлгінде сөйлеген Төрежан ағайды мен жақсы білемін. Сол кісі салған жерден қыздардың бәріне топырақ шашып, махаббат жоқ деп, тұрақсыздар қатарына біздерді неге қосты?! Өйткені, ол кісінің ауылда жүргенде Әмина деген қызы болған. Оқуын бітіре сала сол қыз біреумен қашып кеткен. Міне, Төрежан ағай қыздардың бәрін опасыз санайтынының себебі. Бір қызға бола бәрімізді неге кінәлайды. Әмина емес, кінәлі өзі шығар. Ал махаббатты жоққа шығаратындар сол махаббаттан жолы болмаған, сүйгеніне сөзін өткізуге дәрмені жетпеген жігіттер... Кештің соңында Төрежан жаңа сөйлеген қаршадай қара қызды тауып алып танысқан. Аты Балқия, мектепті өзінен екі жыл кейін бітіріпті. Оған мені жеті жұрттың көзінше масқара қылғаныңа жол болсын деп ұрысқалы барған. Бірақ ол райынан тез қайтты. Себебі, Балқия кінәлі сіз емес, сізді жерге қаратып кеткен әлгі Әмина деп дәлелдемек едім, ол ойымды жеткізе алмадым. Сондай-ақ, залда отырған жүздеген қыздар сізге өкпелеп, теріс қарап кетпесін деп айтқан сөзім көңіліңізге келмесін дегені Төрежанды тоқтатып тастаған. Сонымен оқиға немен аяқталды дейсіз ғой. Студенттік отрядтың қатарында ауылға барып, құрылыста жүрген кезінде бір үйден тапа-тал түсте өрт шығып, үй ішінде қалып қойған бір баланы сыртқа алып шығып, енді екіншісін құтқаруға бет қаратпас оттың ішіне қайтадан қойып кеткен сәтте белгісіз бір нәрсе қақ маңдайынан аямай соғып өткені еміс-еміс есінде. Одан арғысы бұлдыр-бұлдыр. Міне, сөйтіп, екі көзі су қараңғы соқыр болып қалған Төрежан дүниеден баз кешіп, енді тірі жүргенім кімге керек. Бүйтіп кәрі-құртаң әке-шешеме масыл болмайын деп құлап өлмекке бел буады. Оны байқап қалған  қасында жатқан қарт майдангер құтқарып қалады. Сөйтіп, қайғы-қасіретпен ауруханада жатқанда артынан баяғы Балқия қыз іздеп келіп, соның намысына тиіп, жігерлендіруі арқасында Төрежан қатарға қосылып кетеді. Артынша Балқияға үйленіп, оқуын жалғастырып, тіпті аспирантураға қабылданып, ғылым жолына түсіп, балалы болуымен хикаят аяқталады. Шығарманың негізгі түйіні шынайы махаббаттың өміршеңдігіне сенген сол киелі қасиетті қастерлей білген адамдардың бақытты ғұмыр кешетіндігіне көзіңді жеткізуді мұрат еткен жазушының ақ жүрек, пәк тілегіне сүйсінбеске не шара?! Сұлтанәлінің кезекті сүбелі шығар­масы «Ұрпақ» повесі. Бұл өзі өте күрделі мәселені қозғаған, алмағайып заман, дүрбелең дүниенің қатпар-қатпар құпия сырларын, айтылмай келген ақиқаттарын жалғанның жарығына шығарған шығарма. Қазіргідей азаттық алып, тәуелсіз ел болған бостан кезіміз емес, кешегі қарасы батқан кер заманның зар-мұңын жалалы болудан қаймықпай, сол кездегі цензураның қырағы көзіне түспей, амалын тауып, батылы барып жазылған бұл шығарманың қалай у-шусыз жарық көргеніне таңым бар. Сұлтанәлінің өз қолтаңбасында: «Осы кітапты ойлы-қырлы жерлерден алып шыққан қадірлі Қуағаңа автордан. 22.VI. 84 ж.» деп жазып көрсеткенi менiң де мерейiмдi өсiргенiн айта кетсем, артық болмас. Ендiгi жерде шығарманың шырайын шығарып, соншама сүйсiндiрген мазмұны мен мақсатына қатысты әңгiмеге оралғаным жөн болар. Кейiпкерi Олжабай болса Мәскеуде оқып, бүгiнде атағы, абыройы көпке мәлiм, отыз­дың ортасында ғылым докторы болған, ғылым жолына түскен адамдардың армандайтын мақсатының бәрiне жеткен тарихшы. Осылайша төрт құбыласы түгел, бақытты, адам санатындағы Олжабайдың көңілінде бір түйткіл бар-тын. Оны уақыт та, абырой-атағы да емдей алмаған. Бұл түйткіл әкесінің тым алыс­та, сонау Сарысудың бойындағы иен далада иесіз қорымда жатуы еді. Жас кезінде басына көктас қойып, басын қарайтып, төртқұлақ там тұрғызып, сөйтіп перзенттік  парызымды орындадым деп жүрген. Сөйтсе, қателесіпті. Қанша қадір-қасиетті адам болсаң да өмір өлшеулі. Ерте ме, кеш пе, өзі де өмірден озады. Содан кейін кіндік қаны тамған Сарысуға, сол жерде жатқан әкесі Сейітмұратқа деген сағынышы өзімен бірге мәңгіге өшетініне өкінеді. Шөл даланың бір қиырында, жапан далада жатқан әкесін іздеп барып, басына құран оқитын ешкім жоқ. Оған Олжабайдың көзі баяғыда жеткен. Себебі, Сарысуға, аталары жерленген зиратқа екі ұлын әлденеше рет ертіп апарған. Сонда мен өлген соң да аталарыңды ұмытпай, басына  келіп тұрыңдар дегенде ұлдары үндемеген соң да тұла бойы мұздай болған. Былай шыққан соң мынау ата-баба, әкелеріңнің туған жері, мұны да ұмытпаңдар деп ескерткен. Қанша қарағандарымен шөл далада ұмытпайтын, есте сақтайтын, қызығатын ештеңе таба алмай тұрғандарын да сезген. Қанша қамықса да балаларын кінәлай алмаған. Мұндай мидай далаға келіп тұру үшін көкіректі сыздатар сағыныш керек. Өздері туып, өспеген жерді көріп, ба­уыр баспаған атаны қайтіп жүректері елжіреп сағына қойсын. Ал туғандарынан қолында өскен әжелері Сандуғаш қайтыс болғанда зіңгіттей жігіт болған ұлдары түгіл, олардың балаларының өзі әжелерін іздеп ботадай боздаған. Олар еш­қа­шан ренжімейтін, еркелетіп, ертек айтып, айтқандарын істейтін мейірімді әжелерін неге іздемесін! Немере, шөберелері әжелері қай жерде жатса да ешкімнен ақыл, жөн-жоба сұрамай іздеп барар еді.  Олжабайдың жүрегін жібіткен де осы сезім. Сөйтіп, жазушы туған жердің, ата-бабаның қадір-қасиетін біліп, ардақтаудың сырын ашып береді. Тағы бір тәлімді мәселе жөніндегі тәмсіл де шығарманың шырайын шығарып тұр. Оны Олжабай мен досы, сәулеткер Нұриддиннің арасындағы әңгімеден аңғарасың. Атақты архитек­тордың арманы артында атын өшір­мейтін бір ғаламат ғимараттың жобасын жасап, көзі тірісінде емес, қайтыс болғаннан ке­йін жүз жылдан соң жарық дүниеге қайтып келсем, сөйтіп, оны кейінгі ұрпақ қалай бағалап жатқанын естісем, артына қандай із қалдырғанымды сонда білер едім деп Ол­жа­байға сырын ашады. Міне, осыдан кейін Олжабай әкесіне перзенттік борышын өтейтіндей, мәңгі тұратындай сәулетті күмбез орнатсам деген ойын жеткізеді. Сондағы Нұриддиннің әр ұрпақтың  ата-баба алдындағы борыш-парызы күмбезбен өтелсе, ол оңай ғой, бірақ мәңгі тұратынын саған кім салып берер екен. Мен бе? Ондай құдіретті өнерім болса, басымды қатырып, азапқа түсіп, мынадай қағаз шимайлап нем бар дейді. Олжабай сонда не істеуім керек дегенде, Нұриддин оған қарсы сұрау салады: әкең мен өлгенде басыма көктас қой, үстіме күмбез орнат деп өсиет қалдырып па еді? Жоқ... Бірақ оқығанымды, ғалым бол­ғанымды армандайтын. Ендеше, ол арманын орындадың. Басқа не керек»... Мәңгілік ескерткіш салсам деген талабың дұрыс. Бірақ ол сен ойлағаннан мүлдем басқа... басқа!» Ал кейінірек елге барып, бала күнгі досы Қажымқұмармен пікірлескенде де, ол да өз әкесінің басына неге күмбез орнатпағанын айтқан. «Анау... төм­пешіктердің астында қандай адамдардың жатқанын кім айта алады. Осы өңірде... талай қырғын соғыс болған дейді, бәлкім сол шайқастарда қаза тапқан батырлар жатқан шығар? Елдің қамы үшін, жерұйық іздеп дүние кезген Асанқайғының жатпағанына кім кепіл?.. Енді солардың онсыз да өшуге, жоғалуға айналған қабірлерін одан сайын жүдетіп, жермен-жексен етіп,  үстерінен төндіріп зәулім күмбез салуға қолым бармады... Солардың аруағынан қорықтым. Бұл менің діншілдігім де... емес, басқа ... басқа бір­деңе... Әйтеуір, жым-жырт жатқан көне қорым­ның тыныштығын бұзуға тәуекелім жетпеді». Олжабай Алматыдағы атақты архитектор мен ауылдағы қарапайым қойшының айтқан пікірлерінің соншама ұқсастығына қайран қалған. Өзінің қателесіп жүргенін, күмбез тұрғызып, перзенттік парызынан оңай құтылып кетпекші болғаны бекер екенін, ата-баба алдындағы борыш, парыз дегендер бұл ой­лап жүргеннен мүлдем басқа нәрсе екенін түсінген. Олжабайға қосыла қалың оқырманға ой салған жазушының бұл есті сөзі де есте жүр­гені абзал ғой, тегі... Сұлтанәлі соңғы жылдары қарым-қабілетін түбегейлі драматургтің жолына арнап жүр. Оның ондаған пьесалары Астана, Алматы, облыстық және таяу шетелдердің театр сахналарында қойылып жатыр. Жазғандары бәйге, сыйлықтардан құр қалған емес. Бұл, әрине, Балғабаев жазбаларының күн тәртібінде тұрған толғақты мәселелерге арналғандығының айғағы. Мысалға, «Тойдан қайтқан қазақтарды» алайық. Мұндағы мұң қазіргі әлеуметтік ортаның күйінішті мәселесі. Бүгінгідей ел-жұрт жиналып еңсе көтеруге, сан ғасыр аңсаған азаттығымыздан айрылып қалмаудың жолында жұмылудың орнына той тойлап, тойғанша арақ ішіп, есіріп, есінен адасқан адамдардың арасында ауыл арасының жеңіл мінез жігіттері ғана емес, ел билігінде жүрген лауазымы жоғары кісілерінің қисық қылықтары ашына әшкереленіп, беттеріне басылып жазылған пьеса  қазіргі кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік ортаның асқынып кеткен дерті екенін айтуға  арналған. Мұндағы Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай сияқты мерез мінезді, арамыздан тезірек аластауын көздеп сүмірейте сомдалған, сорақы қылықтары жирендіретін кейіпкерлер сахнада емес, күнделікті ортамызда жүргені белгілі. Драматургтің күйініп айтқан сөздері солардың санасын тазартса игі. Несін айтайық, қоғам болып жұмыла күресетін, айығуға  асығатын мәнді мәселе. Ал «Ғашықсыз ғасыр» болса, ел ішін ен жайлаған сорақы қылықтың кесірінен отау көтергеннен гөрі шаңырағы шай­қалған отбасыларының көбейіп кеткендігін көрсететін пьеса. Үйлену оңай, үй болу қиындап кеткен қазіргі қазақ қоғамының сырқатын сахнаға шығарған драматургтің ұрпағымыздың ар-намыс, адалдық, адамгершілік, отбасының ынтымақ-бірлік сияқты қастерлі қажеттерді жоғалта бастауы елдің  ертеңіне кесірін тигізетін зардапты залал екендігін санамызға сіңіруге арнап отырғаны ақиқат. Шынында да, жастар түгіл, тойынған, қалтасы қалыңдап, қызметі өскен  егде жастағы кісілердің тоқал алып, сұлуларға сұқтанып, болмаса байшыкешке тиіп алуды көздеген қыз-келіншектердің көп жағдайда ажырасып, бала-шағасын тірі жетімдер қатарына қосып жүрген қырма сақалдар мен кербез келіншектер арамызда көбеймесе де, баршылық. Міне, солардың сорақы, теріс қылықтарын ел алдына шығарып, мінеп-сынау өте қажет. Әрине, бұл құрғақ  ақыл айту, мораль оқу деңгейінде емес, жанға тиетін, санаңа сәуле түсіретін тірі сөз болса, көңіліңе қонатын мысал-дәлелге құрылса ғана, көркемдік қуа­тымен әсерлендірсе ғана дертке дәрумен болмақшы. Пьесада драматург Сұлтанәліні  сүріндіретін ондай олақтық жоқ, ойлы сөз, парасатты пікірімен сүйсінтеді. Бұл қойылымдарды сөзбен естігенше, көзбен көрген әлдеқайда пайдалы екендігін мен айтпасам да жұртшылықтың сезетіні күмәнсіз, Менің пайымдауымша, Сұлтанәлі­нің қалам­герлік қарымы мен қайрат­керлік қызметіне ай­рықша айғақ болатын бір қыры – көсемсөздері. Республикалық баспасөз беттерінде үзбей жарияланып, ең таңдамалысы «Қазақтың қызыл кітабына» енген сол бір қоғамдық-әлеуметтік өмір-тіршіліктің сан сала­сының көкейкесті мәселелерін қозғаған мақалалары қандай керемет. Жазушы қызыл сөзді суша сапырып, дабылдата даңғаза көтеруге әуес емес. Әйтеуір, жөні осы екен деп, көпке қосыла кетіп, басқалар айтқанды қайталап,  қағаз шимайлап, жеті жұртқа танылып қалуға тырысқан емес. Ол ана тілінің өз елінде өгейсіреп, ұлтының  діні мен тілінің төменшіктеп кеткенін, эко­но­миканың тұрмыстық-әлеуметтік тіршіліктің сұранысына сай еместігін, жас ұрпаққа қазіргі заманның талабы мен мұқтажын қанағаттандыратын деңгейдегі білім және ғылым беру  сала­сының  кенжелеп қалғанына қынжылыс білдіріп қана жазылған жайдақ жазбалар емес. Мақалалары мәселенің мән-мәнісін тереңнен қозғап, көзқарасын айтып, ақыл қосуымен де құнды. Ал бұлай болуының сыры: Сұлтанәлінің  көтеріп жүрген көкейкесті ойлары тікелей күнделікті өзі араласып, зерттеп жүрген шаруаның жай-күйі. Мысалы, жазушының шетелдердегі оралмандардың мәселесімен, тіпті, тәуелсіздік алмай тұрып та Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығында жүріп те қызу араласып, небір толғақты іс-шаралардың шешімін табуына сүбелі үлес қосқаны көпке аян. Осы орайдағы ұйымдастырушылық қабілеті, Үкімет алдына мәселе қоюға ұйытқы болуы сияқты қызметі ерен де ерекше. Жазушының жазғандары ай­далаға айтылған сөз емес, көпшілігі жүзеге ас­қан игі шаралар болғандығын да білемін. Жалпы, қорыта айтсам, жазушы Сұлтанәлі Бал­ғабаевтың осы күнге дейінгі бар жанрда жазған шығармалары да, тындырған шаруалары да тұтастай ұлтына қызмет көрсетудің кере­мет үлгісі мен өнегесі. Оның бұл еңбегі елге атақ-даңқымды шығарайын, жақсатты көрінейін деген пенделік әрекет емес. Бұл – жазушының ұлтына, ел-жұртына деген жанашырлығының жемісі. Ендеше, Сұлтанәлінің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын, «Құрмет» орденін, халықаралық «Алаш» сый­лы­ғын алуы – бәрі-бәрі оның туған еліне сіңірген ақ, адал еңбегінің арқасы, лайықты бағасы деп білемін. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  АЛМАТЫ Суретті түсірген Айтжан Мұрзанов