Шаруа адамы болғандықтан бүгінде жалпыхалықтық талқылауды, ой қосуды қажет етіп отырған жер мәселесі мені де қатты толғантуда. Негізі «Не ексең соны орасың» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан ықылым заманнан бері адамзаттың асыраушысы болып келе жатқан жер-ананы өз кезегімізде дұрыс пайдаланып, келер ұрпақ өкіліне өткізу перзенттік парызымыз деп санаймын. Біз дала төсінде еңбек етіп ыстыққа да, суыққа да төзіп, жел мен жауын-шашынға шыдап маусымдық жұмысымызды үзбей жүрген жандармыз. Нақтылы жұмысымызды біліп, сол еңбектің өтеуін көріп те жүрген жайымыз бар. Шаруашылығымызда 39 мың гектардан астам жер бар. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасынан бастап, егін шаруашылығының жұмысын дөңгелете жүргізуде 5 бригада жұмыс істейді. Оның сыртында 1,5 мың бас ірі қара, 7 мың бас қой, 300 бас жылқы малын да бағып өсірудеміз. Құдайға шүкір, жұмысшыларымыз түрлі этнос өкілдерінен құралса да бір үйдің баласындай тату-тәтті, ең бастысы, түсіністікпен еңбек етуде. Негізі айтайын дегенім, жер қыртысын жыртып түрлі өнім ектіңіз бе күтімдеуді де ұмытпаңыз. Бар екен, кең екен деп жерді бей-берекет тілгілей беруге болмайды. Не нәрсенің болсын сұрауы бар екендігін әсте ұмытпаған ләзім. Сондықтан жайылымдық жерді бүлдірмей төрт түлікті еркіне жіберіп пайдаланудамыз. Ал тәтті түбірді гектарлап еккен соң сол жерді келесі жылы тағы да пайдаланып, мол өнім алу үшін күтіп, тыңайтып отырамыз. Былтырғы жылы жетісулық қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтар мол өнімге кенелді. Олардың алдына 4 мың гектар алқапты 6,4 мың гектар жерге жеткізіп өнім түсімділігін гектарына 350 центнерден алу талабы қойылды. Сонда барлығы 220 мың тонна қант қызылшасын жинау үшін әкімдік тарапынан тұқым және тыңайтқыш алуға, сондай-ақ, арнайы техникалармен де көмек көрсетілген еді. Ал біздің шаруашылығымызда жылдар бойы қалыптасқан жұмыс нәтижесін беріп құнарлылығын жоймай күтімде болған жеріміз өнімді еселеп берді. Сондықтан жер күтімді қажет ететіндігін тағы да қайталап айтқым келеді. Егер заман талабына сай жерлестерімізге жалға жер телімдері берілді ме заңнама шеңберінде алсын, пайдалансын, бірақ сол жерді тоздырмай күте білсін. Сонда әділдік болады. Жер күтімі туралы сөз қозғарда айта кетерім, менің де кіндік қаным Жетісу жеріне тамған. Сондықтан болар суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген бұл өңір маған ыстық. Қашанда бүйрегім бұрып тұрады. Жанашырлықты жай сөзбен сыдырта айтып өту оңай. Ал нақты ісіңмен ел разы болатындай әрекет ету перзенттік парыз. Өзім басқарып отырған «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі былтыр қант қызылшасының әр гектарынан 730 центнерден, оның ішінде жекелеген жер телімдерінің әр гектарынан 810 центнерден өнім жинады. Бұл жерді күте білгендіктің, тоздырмай сақтай алғандықтың нәтижесі деп санаймын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің облысымызға келген сайын ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерімен кездесу өткізуге уақыт таба біледі. Ең бастысы, егін егіп, мал бағып жүрген жандардың хал-жағдайларын сұрап, жұмыс барысы жайлы әңгіме өрбітетіні қуантады. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Жер біздің ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Ол біздің басты байлығымыз. Жерді шетелдіктерге сатайын деп отырған ешкім жоқ. Бұл жерде қозғалған әңгіме ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне жерді ұтымды пайдаланып, мол өнім алуына мүмкіндік тудыру болып отыр», деген сөзі менің де көкейіме қонады. Олай дейтінім, серіктестігіміздегі 500 адамның барлығы ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Өйткені, олар жердің қадірін біледі. Сол жерді жалға алғанда жауапкершілікті жете сезініп, тоздырмай күтіп пайдалана алатындығына да сенімді.
Виктор ХИЛЬНИЧЕНКО,
«Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің басқарма төрағасы,
«Құрмет» орденінің иегері
Алматы облысы