Мәжіліс Спикері Б.Ізмұхамбетов Санкт-Петербургте ТМД ПАА шаралары аясында Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан келген әріптестерімен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасымен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Жүздесу барысында парламентаралық, соның ішінде, ынтымақтастық жөніндегі топтар, сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстан парламенттерімен ұйымдастырылған Парламентаралық кеңес аясында өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.
Бақтықожа Ізмұхамбетов Әзербайжан, Қырғызстан парламенттерінің төрағаларына, сондай-ақ Тәжікстан Оли Мәжілісі Намояндагон Мәжілісінің Спикеріне Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жолдады.
Мәжіліс Спикері ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Илкка Канервамен кездесуінде де аталған ұйымға қатысушы-мемлекеттер тарапынан манифестің қолдау табатындығына сенім білдірді.
Өз кезегінде Илкка Канерва Қазақстанның ЕҚЫҰ ПА-дағы рөлін жоғары бағалады. Әңгіме барысында Бақтықожа Ізмұхамбетов дағдарыс, лаңкестік шабуылдар, экономикалық санкциялар жағдайында парламентаралық қарым-қатынас рөлінің арта түсетіндігін атап өтті.
Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған палата делегациясы Санкт-Петербургтегі шаралар барысында ТМД ПАА 44-пленарлық отырысына қатысты. Онда ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатқа пайдалану мен зерттеу саласында, сондай-ақ, «Биоэнергетиканы дамыту негіздері туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Ағартушылық қызмет туралы», басқа да модельдік заңдар бойынша ынтымақтастық туралы ТМД конвенциясының жобасы талқыланды.
Мәжіліс депутаттары М.Әшімбаев, С.Омаров, М.Айсина, М.Тінікеев, Ш.Хахазов, М.Чирков, Б.Мәкен ТМД ПАА отырысы аясында мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін өзі басқару тәжірибесін меңгеру, саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық, аграрлық саясат, табиғи ресурс және экология, мәдениет, ақпарат, туризм және спорт бағыттарындағы модельдік заңнамалар бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, Парламентаралық одақ, Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясы, Достастық (ұлттар) парламенттік қауымдастығы төрағалары да биік мінберден өзекті мәселелерді көтерді.
Осы ретте Парламентаралық ассамблеялар ынтымақтастығын арттыруға айрықша назар аударылды. Бұл турасында ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Илкка Канерва парламенттік дипломатия мен өзара іс-қимылдың күшіне сенетінін, басты мақсат етене байланыс орнату екендігін алға тартса, Парламентаралық одақ Төрағасы Сабер Чоудхури Санкт-Петербургте Шығыс пен Батыстың Парламенттік ассамблеялары кездесуінің маңыздылығын сөз етіп:
– Соңғы 24 жылда қабылданған модельдік заңдардың 86 пайызы белгілі деңгейде ұлттық парламенттермен байланысты. Бұл – ұлттық парламенттер үшін жақсы тәжірибе. Ол тәжірибені халықаралық қоғамдастықпен бөлісудің пайдасы өте-мөте зор, – деді.
Парламент өкілдері қазіргі жағдайда, мемлекеттерді жақындастыруда парламенттік дипломатияның рөлі арта түсетініне сенім білдірді.