АСТАНА. 22 мамыр. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының орталығындағы «Таймс-скверде» ілулі тұрған жарнамалық мониторлардың бірінен кенет Ресей президенті Владимир Путин көрініп, бір көзімен ым қаққанда, мұнда жүргендердің таңданбағаны жоқ. Бұл туралы Imgur порталының ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
РФ лидері көзін бір қысқаннан кейін іле-шала экраннан жоғалып кетті. Оны сол сәтінде түсіріп үлгерген бір америкалық азамат роликті YouTube-тің видеохостингіне сала қояды.
Владимир Путиннің бейнесі бар анимация немістің Volvo маркалы автомобилінің жарнамасы жүріп жатқан кезде экраннан көрінеді. Сол мезетте өз камерасының объективін дереу бағыттай қойған кісі бұған қатты таң қалады. Ал басқа бір куәлардың айтуларынша, РФ президенті «Таймс-сквердегі» жарнаманы осылай бірнеше тәулік бойына үзіп тұрған.
Ал YouTube-те жарияланған видеоролик біршама уақыттың ішінде 288 мыңнан астам көрермен жинап үлгереді. Кадрдың сыртындағы дауыс: «Мынаны көрдіңіздер ме? Құдай-ау, өз көзіме сенбей тұрмын», деп қатты таңырқаған сыңай білдіреді.
https://youtu.be/yFIdHXCIhXU
Қазір желі пайдаланушылар бұл видеоның шынайы не шынайы емес екендігі туралы пікірталасты қыздырып жатқанға ұқсайды. Олардың қарсы аргумент айтатындары бұған Батыстың ірі БАҚ-тарында бұл оқиға туралы ештеңе жазылмағанын алға тартады.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Imgur.