• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 16:53

ЖИ көмегімен жасалған мультфильм кинотеатрдан көрсетілді

30 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет толықтай жасанды интеллект көмегімен жасалған мультфильм кинотеатрдан көрсетілді. «Түркістан сақшылары» атты жоба шытырман оқиғаларға толы тартымды сюжетімен ерекшеленеді, деп жазады Egemen.kz.

Алғашқы сериясы «Тұмар» телевизиялық сыйлығына ие болған анимациялық туындыны әзірлеуге кеткен шығын әдепкі мультфильмдерге қарағанда – 100 есе аз. Осылайша, жоба авторы Ғасыр Құралбайұлы ЖИ арқылы да толыққанды дүние жасауға болатынын дәлелдеуге тырысқан.

«Ең алғашқы идея өткен жылдары Chatgpt суреттерді дұрыс шығарып жатқанда ойға келді. Сол кезде осы суреттерге анимацияны қосу туралы ойладым. Идеямды жергілікті телеарна қолдай кетті. ЖИ арқылы мультфильм әзірлеу арқылы шығынды және уақытты азайттық. Әрине ЖИ-дің де анимация саласында кемшілігі бар. Бірақ уақыт өте келе бұл да жойылады деп ойлаймын», дейді Ғасыр Құралбайұлы.

«Түркістан сақшылары» балаларға ең алдымен туған жерге деген сүйіспеншілікті, оны қорғау жауапкершілігін сезіндіруді мақсат еткен. Бұл мультфильмде сақшы ұғымы тек күш пен батырлықты ғана емес, адалдықты, әділдікті, достықты және бірлікке ұмтылуды білдіреді. Мультфильмде жасанды интеллект жоба авторларының шығармашылық мүмкіндігін кеңейтетін құрал ретінде қолданылған. Сондай-ақ ЖИ сценарийді дамытуда кейіпкерлердің визуалдық образдарын іздеу мен кейбір анимациялық шешімдерді жылдам сынап көруге септескен. Негізгі сценарий өзегін белгілі Ержан Жаубай мен Өмірбек Нышанбек жазып шыққан. Ұзақтығы 50 минутты құрайтын мультфильм 3,5 айда әзір болған.

«Қазір ЖИ барлық шекараны бұзды. Енді шалғай ауылда тұрып та ЖИ-мен небір туындыларды жасауға болады, бастысы интернет және қажет жазылымдар болса болғаны», деді Ғасыр Құралбайұлы.

Елімізде алғаш рет толықтай жасанды интеллект көмегімен жасалған мультфильм Түркістандағы кинотеатрда кішкентай көрермен назарына тегін ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар