АСТАНА. 23 мамыр. Euromonitor International жүргізген зерттеулерге сәйкес әлемдегі ең көп шай ішетін елдердің көшінің басын Өзбекстанның бастап тұрғаны белгілі болды. Бұл туралы The Independent газетінің ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Басылымның жазуынша, Өзбекстан тұрғындарының өте-мөте басым бөлігі шай ішкенді қалайды екен. Зерттеу бұл ел тұрғындарының 99,6 пайызының шайсыз жүре алмайтынын көрсетті. Ал екі Американың қиылысындағы Гватемала мемлекеті жұртының 99,6 пайызы керісінше кофені қалайтын болып шықты.
Әлемдік зерттеу ұйымы мұны жер жүзінде «Сіз шайды қалайсыз ба, кофені жөн санайсыз ба?» деген сауалдама жүргізу арқылы анықтаған.
Осы сұрау салудың қорытындысында шайқор елдер де, кофеқұмар халықтар да анықталып шыға келген. Айталық, шай ішкіштердің тізімін Өзбекстан бастаса, одан кейінгі қатарларды Кения (99,2%), Әзербайжан (99,1%), Пәкістан (99%), Қытай (98,9%) және Мысыр (98,5%) елдері алады. Ал кофе ішкіштердің көшінде Гватемаладан кейін Доминикан Республикасы (99%), Бразилия, Эквадор (97,4%), Грекия (96,8%) және Дания (92,2%) тұр.
Қазақстан бұл екі тізімнің де кеуде қатарында жоқ. Бізге қарағанда, Ұлыбритания мен Ресейдің өзі жоғары. Бұлардың алдыңғысында шайқұмарлар 78,4% болса, келесісінде 77,5% көрсеткішінде. Ал Эстония мен Польшада кофе мен шайдың ара салмақтары бір-біріне өте жақын. Бұларда тиісінше олар 49% және 51% мөлшерлерін құрайды.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: The Independent.