АСТАНА. 23 мамыр. Кеше, яғни жексенбіден дүйсенбіге ауысқан түнде Ресейде өткен хоккейден әлем чемпионаты аяқталды. Финалдық сында Финляндиядан 2:0 есебімен басым түскен Канада құрамасы әлем чемпионы атанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шешуші кездесу толығымен Канаданың басымдығымен өтті. Ойынның 12-минутында Солтүстік Америка құрлығының өкілдері есеп ашып, алға шықты. Мергендігімен көзге түскен Коннор Макдэвид болатын. Қалған уақытта фин хоккейшілері сауатты қорғанып, канадалықтардың шабуылына лайықты тойтарыс беріп отырды. Тіпті, соңғы минутқа дейін есеп өзгеріссіз қалды. Тек 60-минутта ғана Канада хоккейшілері есепті еселеудің амалын тапты. Алайда, бұл жолы шайба бос қақпаға соғылғанын атап өткен жөн. Шешуші соққының авторы – Мэтт Дюшейн.
Өткен жылы да үйеңкі жапырақты елдің хоккейшілері әлемдік додада топ жарған болатын. Демек, бұл жолы олар чемпиондық атақтарын лайықты қорғай білді. Осылайша, Канада тарихында 26-рет әлем чемпионы атанды.
Ресей құрамасы чемпионаттың қола жүлдегері атанғанын айта кетейік. Солтүстіктегі көршіміз үшінші орын үшін болған ойында АҚШ-ты 7:2 есебімен жеңді. Ал өз тобында соңғы орын алған Қазақстан элиталық дивизионмен қош айтысты.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Фото: championat.com.