ҚАРАҒАНДЫ. 23 мамыр. Облыстың Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында болған өрттің салдарынан екі бала қайтыс болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Үміткер ауылында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан алты бөлмелі үйдің шатыры жанған. Өрт сөндірушілер 3-сынып оқушысы мен оның екі жастағы інісін үй ішінен аман алып шыққанымен, олар ауруханаға апара жатқанда қайтыс болды. Өрт болған кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған.
Қазіргі таңда ауыл басшылығы жанып кеткен үйдің тұрғындарына уақытша баспана қарастырып жатыр.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек: Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Фото: vesiskitim.ru.