• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

«Штамм» оқиғасы

442 рет
көрсетілді

Барлаушы Мұрат Сыздықов та 1968 жылы Мәскеудегі МҚК Жоғары барлау курсына (бүгіндегі Ресей Федерациясы Сыртқы барлау академиясы) жіберіледі. Осы оқуды бітіргеннен кейін оның адам айтса сенгісіз асқан жауапты да таңғажайып қызыққа толы тарихи жолы басталды. Жол басы Оның әкесі белгілі журналист болған еді. 1904 жылы Алматы қаласында ту­ып, 1989 жылы сол шаһарда қайтыс бол­ған. Журналист деген аса қастерлі ма­мандыққа адал қызмет ету мен осы бір ізгілікті атқа лайықты болу жолында о кісі көптеген баспалдақтан өтті. Сонау Ташкенттегі жоғары оқу орнын бітірген соң, Мәскеудегі КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде де оқыды. Сол кезде оған И.Сталинмен қол алысып амандасудың сәті түсіпті. Әрине, бұда тұр­ған не бар деп ойлайтындар болады ғой. Мәселе ол кезде Сталиннің өзі амандасуға ниет білдірмесе, онымен ешкімнің батылы барып қол алыса алмайтындығы белгілі. Ал Хамза Сыз­ды­қовты ол кезде көпшілік жақсы білетін. Сырттай танитындары қан­шама. Бір өзі еңбегі үшін бірнеше ордендер, соның ішінде Ленин орденін алған. Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мүсірепов сынды жазушылармен жақсы қарым-қатынаста, шы­найы достықта болған. Павлодар, Семей, Қызылорда, Шымкент және Ал­маты облыстық газеттерін басқарған. Қаласаңыз, Қызылорда қаласында Хамза Сыздықов атындағы көше де бар. Иә, Хамза Сыздықовтың кезінде Ста­­лин­нің өзі қолын алғанына де­йінгі және одан кейінгі бар ең­бектерін баян­дап шығу мүмкін емес. Бірақ біздің кейіп­керіміздің, яғни оның ұлының тұла бойына барлаушылық өнердің дәні қа­лай егілгені, бастауы қайдан алын­ғаны осылайша менмұндалай түсетіндігін айтқымыз келеді. Өйткені, Хамза Сыз­дықов­тың перзенті, яғни болашақ барлау­шы Мұрат Сыздықов та 1968 жылы Мәскеудегі МҚК (КГБ)Жоғары барлау курсына (бүгіндегі Ресей Федерациясы Сыртқы барлау академиясы) жіберіледі. Осы оқуды бітіргеннен кейін оның адам айтса сенгісіз асқан жауапты да таңғажайып қызыққа толы тарихи жолы басталды. Ал бұл жолды өткен Мұраттың бастан кешкен небір сырлы әңгімелерін есту шытырман оқиғалы фильмді көріп отырғанмен бірдей. Бірақ кәнігі барлаушы бастан кешкендерінің бәрін айта бермейтіні белгілі ғой. «Айтар әңгіме көп, әттең айтуға болмайды. Құ­пиялықты ашудың әлі уақыты жеткен жоқ», дейді ол. Рас сөз, шындық солай. Дегенмен, кейіпкеріміз бастан өткерген қайсыбір оқиғаларды есіне алып, газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көрді. Ол өзінің бойында барлаушылық қабілет бар екенін мектепте оқып жүргенде-ақ білді десек, артық айтқандық шығар. Алайда, жастайынан дәрігер болуды аңсағаны анық. Соңғы сыныптарда соған кәдімгідей дайындалып жүрген. Бірақ ол мектепті тәмамдасымен өзі мақсат тұтқан жоғары оқуына бара алмады. Әр заманның өз сыры бар дегендей, ол кезде мектепті бітіре салып жоғары оқу орнына бару дұрыс саналмайтын, міндетті түрде өндірістік өтіл болу керек. Демек, жұмыс істеу қажет. Содан ол мектепті аяқтасымен тас қалаушы болып орналасты. Екі жыл үзбей сонда жұмыс істеді. Кейін оның арнаулы қызметтік жеке қағазына да: «Барлаушы полковник Мұрат Сыздықов 1941 жылы Семей қаласында дүниеге келген... Ол еңбек жолын 1960 жылы Қызылордадағы «Жилстройуправление» атты мекемде «7-ші разрядты тас қалаушы» болып бастады», деп жазылады. Бұл туралы оның өзі: «Әлі күнге дейін қолымнан пеш қалау келеді, үйдің қабырғасын кірпішпен өруді ұмытқан жоқпын. Достарымның саяжайындағы талай баспалдақ, қабырға менің қолымнан шыққан», деп есіне алады. Төбелес дүрбелеңі Ол осылайша тас қалаушылық жұмы­сын жалғастыра берді. Бір жағынан әс­керге де барып келуді ойлады. Жоғарыда айтқанымыздай, қара жұмыс істесе де қара күші тұла бойына сыймай жүрген кезі. Жұмыстан қолы қалт еткенде зілтемір көтеріп, ауыр атлетикамен айналысты. Соның арқасында бірқатар жарысқа да қатысып, Қызылорда қаласының чемпионы атанды. Жас жігіт емес пе, күнделікті би кештерін де қалыс қалдырмауға тырыс­ты. Бірақ ондай жерлерде кімдер жүрмейді дейсіз. Ұрынарға қара таппайтын тентектер де, небір дөкейлердің есірген еркетотайлары да, өздеріне сенген жүрек жұтқандары да, әйтеуір, кімді болса да кездестіре аласыз. Сөйткен би кешінде бір күні жойқын төбелес болды. Оң келгенін оң, сол келгенін сол ұр­ып құлатып жүре беретін Мұрат та бұл төбелестен шет қалмады. Жон арқасы тұтаса жұмырланып, аяқ-қолдарының бұлшық еттері тамырлана білеуленіп, жұ­дырығы шойын балғаға айналған әрі тас қалаушы әрі спортшы мұның төбелеске қа­тысуы қауіпті екені белгілі. Бірақ болар іс болып қойды. Тыныш жүрмей артықтау кеткенін де түсінді. Артынша об­лыс­тық МҚК шақырады деген хабар да жетті. Сол кезде барып ол не істеп қойғанын түсінді. Иә, гүрзі жұдырығын пайдаланып, төбелеске соншама атсалысып қатысқанына қорыққанынан емес, тым тәуір спортшы, жақсы жұмысшы, құрметті адамның баласы деген атына кір келтіретіндігінен намыстан жарылардай қиналды. Бірақ мұндай құқық бұзушылық болып жатса, ең алдымен, қудалау органдары іздейтіндігі белгілі. Ал МҚК-нің не қатысы бар деп ойлады. Содан барлық жауаптарын дайындап, әлгі кеңсеге барды. Әлі есінде, мұ­ны ешкім де жылы шыраймен қарсы алған жоқ. Қылғына киінген жігіттер сұсты кө­рінді. Тіпті, оған өзін таныстырудың да қа­жеті болмады, бәрін біледі екен. Мұның кім екенін өздері айтып отыр. «Сондықтан сені сырттай әбден тексеріп, зерделеуден өткізгендіктен, саған үлкен сенім артамыз», деді бірі. Ал бұл болса әлі сол, орынсыз жұдырықтасқанын ойлап, «қалай болғанын өзің-ақ айтып беретіндігіне сенім артамыз» деп отыр-ау деп тағы қара терге шомылды. Сөйтсе... Арадағы салиқалы әңгімелесуден кейін Мұрат бұл ұсынысқа қарсы еместігін білдірді. Оны біраз күннен соң Мәскеудегі МГИМО-2 деп аталатын атақты оқу ордасына жіберетін болып келісілді. Алайда, өзі алдын ала дайындалған медициналық институты тартып тұрды ма, әйтеуір, жолы болмай қалды. Нақты айтқанда тура сол жылы ол оқу орнын Хрущев жауап тас­тады. Кейін бұл кезді Мұрат: «Хрущевтің ол оқу орнын жауып тастағанын қайдан білейін, мен болсам алаңсыз күтіп жүрмін. Сөйтіп жүргенде медициналық институтқа емтихан тапсыру уақыты да өтіп кетті, мен оған да бармадым, Мәскеуге сеніп. Содан МҚК-ге барайын бір күні, «мен не істеймін енді» деп. Сөйтсем, олар менің құжаттарымды Алматыдағы шекара училищесіне жіберіп қойыпты, соған барасың, дейді. Солай, ойламаған жерден шекарашы болып кеттім», деп еске алады. Осылайша 1960 жылы Алматыдағы Ф.Э.Дзержинский атындағы Жоғары әскери шекара училищесіне түсуі оның өмірін күрт өзгертіп, 40 жылға созылған әскери қызметі басталды. 1964 жылы бұл оқу орнын бітіргеннен соң Семей облысындағы шекара заставаларында төрт жылдан аса қызмет істеді. Осы кезеңде қоғамдық жұмыста да жарқырап көрінді. Үржар аудандық және Семей облыстық комсомол комитеттерінің мүшесі болды. Семейліктер оны Қазақстан комсомолының ХІ съезіне делегат етіп сайлады. Бұл туралы оның өзі: «Шекарада жаман қызмет істеген жоқпын. Комсомол жұмыстары бойынша әрдайым алда болдым. Сонымен қатар, онда «жасыл шекара» арқылы шетелге агенттер жіберумен айналыстым, яғни барлау ісімен сол кезден таныспын», дейді. Осылайша шекара күзетінде озат қыз­меткерлердің озығы болып жүре берер ме еді, кім білсін, егер тағы да мұны барлаушылық тағдыр қолынан ұстап жетектей тартпағанда. Бір күні кезекті кезекшіліктен келсе, застава бастығы ша­қырып жатыр дейді. Демек, маңызды бір шаруа бар екенін іші сезді. Жетіп барды. Әйтеуір бастығының жүзі жылы екен. Бұл соған қарап жақсылықтың бір нышаны ғой деп ойлады. Амандасып болысымен застава бастығы бірден «осылай да осылай, сені 101-ге жібереміз, келіссең бөліміңе бар да баянат жаз» деді. Бұл туралы Мұраттың өзі де әңгімесінде: «101 деген не екенін біл­месем де, барамын дедім. Бөлімге келіп, баянат жазып жатып, бөлімдегілерден сұраймын ғой, «101» деген не деп. Ол кезде біздің бөлімде соғысқа қатысқан, майдангер кісілер бар еді. Олар да: «Ойбай, 101 деген барлаушылар мектебі ғой, оған жіберсе міндетті түрде бар», деп мені одан сайын қызықтырып қойды», дейді. Сөйтіп, ол тағдырдың жетегімен 1968 жылы Мәскеудегі МҚК Жоғары барлау курсына (бүгіндегі Ресей Федерациясы Сыртқы барлау академиясы) жіберілді. Ал 1970 жылы Қазақ КСР МҚК Бірінші (барлау) бас­қармасына қызметке алынды. Виски сақтап қалған штамм Кеңес Одағының дүркіреп тұрған кезі. КСРО Денсаулық министрлігі тарапынан сыртқы барлау органдарына нақты тапсырма түсті. «С» деген штаммды қолға түсіру керек дейді. Зерттей келе ол штаммның екі жақты зат екенін, яғни одан дәрі-дәрмек жасауға да және бактериологиялық қаруға пайдалануға да болатыны белгілі болды. Демек, өте бағалы да құнды дүние деген сөз. Кезінде КСРО секілді алып ел қалайда, қайтсе де оны текке қолға түсір­гісі келмегендігі анық. Соған байланысты одақ­тық аса маңызды жос­пар құрылған деген сөз бар. Ал сол жоспардың жүзеге асуы барлаушы Мұрат Сыздықов қызмет істейтін қазақстандық ғылыми-техникалық бар­лауға жүктеледі. Оның ішінде жоспардың негізгі орындаушысы Мұрат Сыздықов болды. Ғылыми-техникалық барлаудың ерек­шелігі сол, шетелдік агенттен алынатын мәлімет қағазға жазылған ақпарат немесе ауызша айтылған сөз емес, қандай да бір нақты зат болуы тиіс. Ол зат кішкене болса жарайды, кейде сөмкеге сыймайтын үлгілер де болуы мүмкін. Бірақ бәрібір, көлемі қандай болса да әкел деген затты апару қажет. Дегенмен, біріншіден, алдымен ол затты қолға түсіру керек, екіншіден, тексеріс кезінде сыр ашылып қалса, бәрі құрдымға кетті деген сөз. Айта берсе тапсырманың қаупі орасан. Басқа да кездесер толып жатқан кедергілер бар. Соның бірі Мұраттың да алдынан шықты. Аталған штаммды Мұраттың өзі барып ала алмайтындығы белгілі. Оны тауып, алып шыға алатындай адам болуы керек. Өзіне қажетті ондай жансызды Мұрат айнытпай тапты да. Оны агент деп атайтындығы белгілі. Сол агентпен үшінші мемлекет аумағында келесі бір кездесуде ол Мұратқа биологиялық штамм үлгісін беруі тиіс деп жоспарланды. Осы жасырын жоспар бойынша белгіленген жерге кездесуге келген агентті Мұрат жолай өз машинасына отырғызып алды. Біраз жүріп, артта аңдушы жоқтығына әбден көз жеткенде көлікті елеусіз тұсқа тоқтатты. Агент бұл сұратқан айрықша затты алып келгенін айтты. Көз жүгірткен Мұрат оның өзіне қажетті зат екенін бірден білді. Демек, мұндай бағалы дүниенің жоғалғаны, дұрысын айтқанда ұрланғаны анықталса, дереу іздеу дабылы соғылатыны да анық. Сосын қаладан шығар жолдардың бәрі жабылатыны сөзсіз. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деген, ол агентке штаммды барлаудың ережесіне сәйкес кездесудің соңында алатынын айтты. Ал ол үшін алдымен қаладан шығып кету қажет. Агент те алда кездесуі мүмкін қауіпті сезгендей үнсіз қалды. Көліктен кез келген сәтте атып шығардай терезеден тысқа алақтай қарайды. Иә, кімге болса да бұл сәт жеңіл емес еді. Мүлт кетсе, екеуі де қатерлі қауіптің апанына өздері түседі. Сондықтан да сабыр сақтау қажет. Салқынқандылық санаға дем береді. Осы­лайша өздерін қаншалықты сабырға шақырғандарымен күткен қауіптері тура алдарынан шықты. Қаланың сыртына шыға беріс тұста барлық көлік біткенді полиция тоқтатып, тексерістен өткізіп жатқаны байқалды. Шегінер жол жоқ. Енді не істеу керек? Агенттің қос көзі қатар жыпылықтап Мұратқа қарайды. Көліктен түсіп кетуге де кеш. Міне, осы кезде нақты шешім қабылдау қажет болды және оны Мұрат айтуы тиіс. Құпия материалды көрсетпей лақтырып жіберейін десе, ол өте қауіпті штамм болатын және соншама еңбекпен, күшпен келген дүниені бір сәтте тастай салу – ақылға сыйымсыз амал. Оның үстіне енді мұндай мүмкіндік туа ма, тумай ма, белгісіз. Ал ол затпен қолға түссе мына агентінің талай жылға түрмеге тоғытылатыны да анық. Не істеу керек? Уақыт зулап жатыр. Сол уақытпен бірге арақашықтық та азайып барады. Қару асынған қаптаған оқалы киімділер анық көрінісімен агенттің өңі қашты, тіпті бозарып кетті. Ол да ұсталған жағдайда өзіне не болатынын жақсы біледі ғой. Оның үстіне кеңестік дипломатпен бір көлікте шет елдіктің бірге отыруы бірден күдік ту­дыратыны кәдік. Бірақ... Иә тәуекелден басқа жол қалмады. Мұраттың мінгені қуатты көлік, газды басса атылғалы тұр. Қарусыз да емес. Алайда тексеріс орнында да көліктің неше түрі тұр. Бәрі сақадай сай. Тегін тексеру емес. Мына агент әкелген штаммды іздеп жатпасына кім кепілдік береді. Сонда да болса Мұрат тәуекелге баруға шешім қабылдады. Ең бастысы бұған сенім артылып жүктелген тапсырманы орындаса болғаны ғой. Ал оны қалай орындайды, оны өзі ғана біледі. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің», демей ме. Соған бел буды. Бірақ тәуекелдің де тәуекелі бар емес пе? Кеңестік барлаушының мұндай қадам жасауына әуелі агенттің өзі таңғалды. Мұрат штамм салынған контейнерді өзіне алды. Бұл, біріншіден, бар күдікті өзіне алумен бірдей, екіншіден, агентіне де үлкен сенім туғызу еді. Әйтпесе қапелімде оның қандай әрекетке барарын ешкім болжап білмейді. Сосын жылдамдатып тартпада жатқан ашылған «вискиді» алды да агентіне ұсынды. «Мынадан тездетіп тарт та, бөтелкені қолыңа ұстаған күйі мас адамдай қисайып ұйқыға бас», деді. Агенттің алғашқыда көзі шарасынан шыға жаздаса да Мұраттың айтқанын бұлжытпай орындады. Арақты қомағайлана жұтып-жұтып жіберді. «Әй жетеді», демегенде түбін түсірердей көрінді. Сосын анау кәдімгі кәнігі мастардай екі бүктеліп қисайды да қалды. Қолында жартылай ішілген ішімдік шынысы. Аузынан виски аққан сілекей. Осы кезде тексеру бекетіне де жетті бұлар. «Тоқта!» деген қатаң белгі берілді. Мұрат та тежегішті басып қалды. Қаптаған полицейлер. Сұсты бір офицер Мұраттан құжатын көрсетуін талап етті. Дипломат екенін білген соң, көлік ішіне көз жүгіртті де агентке қадалды. Оның мына оғаш түрін көрді де: «Не, ана сылқиып жатқан да дипломат па?!» деп сұрады. Дәл осыны күткен Мұрат та еріксіз жымиып: «Дәл солай офицер мырза, біраз шаршап қалды, тіпті құжатын қалтасынан қалай алатынымды білмей отырмын», деді күліп. Кенет әлгі офицер де жымиып, түсінемін дегендей басын шайқап, «жарайды, тек абайлап жүріңіздер» деді. Манадан бері шыға алмай қысылып тұрған тер де осы сәтте Мұраттың маңдайынан бұрқ ете қалды. «Уф», деді ішінен. Шлагбаум ашылып, қаптаған полицейлердің арасынан қалай жылжып өткенін де байқамады. Ал тексере қалса, кеңестік дипломатпен бір машинада отырған шетелдік, әрине, бірден күдік тудыратыны сөзсіз еді. Бірақ кеңестік дипломаттар арасында қарасы да, сарысы да, ағы да болатын. Сондықтан ол агентті де ке­ңес­тік дипломат дегенге шынымен сеніп қалды. Бәрінен қызығы Мұраттың агенті мүл­­дем арақ-шарап ішпейтін жан екен. «Вис­киді» ішерде қарашығы неге жанарынан шығып кете жаздады десе, ішпейтін болса да қорқыныштан амалсыз судай қыл­қылдата беріпті, байғұс. Сорақысы, кейін соған шынымен де мас болып қалған. Сөйтіп «вискиге» мас болған агенті бір қауіп­тен аман қалса, штамм соның ар­қасында аман өтті. «Ал мен орталықтың тап­сырмасын ойдағыдай орындап шықтым. КГБ Төрағасының атынан мақтау грамотасын алдым», дейді қарт барлаушы. Рональд Рейган саясатын білу Мұрат әлемдік саясаткер, асқан барлау­шы Евгений Максимович Примаковпен екі рет кездесті. Онда ол Қазақстан Ғылым академиясында жұмыс істейтін, әрине сыртқы барлау органының атынан. Бірақ бұл туралы бірінші басшыдан басқа ешкім білмейді. Сол жылдары АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қатынас аса жақсы емес-ті. Билікке Рональд Рейган келген кез. Оның бір кеңесшісін Примаков жақсы таниды екен, ол кезде Евгений Максимович Мәскеудегі Шығыстану инс­титутын басқаратын. Сол танысы арқылы Рейганның барлық кеңесшілерін Кеңес Одағына шақырды, кездесу неге екені белгісіз Алматыда, Ғылым академиясында өтті. Әрине ондай іс-шара МҚК-сіз өтпейді, Мәскеуден оның қызметкерлері де бірге келді. Сөйтсе, арасындағы біреуі Мұратпен Сингапурде бірге болған екен, бұл күндері Мәскеуде Барлау басқармасында үлкен бастық. Сол салған жерден: «Мұрат, Рейганның көмекшілерінің арасында Қытай мәселесі бойынша кеңесшісі бар, біз ол туралы жарытып ештеңе білмейміз. Сонымен тіл табысып, мүмкін болса АҚШ-тың Қытай туралы ұстанған саясаты жөнінде ақпарат алсаң нұр үстіне нұр болар еді», деді. Басшылыққа хабарлауға уақыт жоқ, ол бірден іске кірісті. Ресми кездесулерден кейін, шетелдікке жақындап келіп қытай тілінде сөйлеп, қазақ халқының салты деп, үйге қонаққа шақырды. Анау Қазақстан Ғылым академиясының білдей қызметкері шақырып тұрған соң, тартынбады. Сонымен, олар үйде таңғы сағат төртке дейін «әңгімелеседі». Әрине, ішімдік те ішілді. Шетелдік өзінің балалық кезінен, қытай мәселесімен қалай айналыса бастағанынан бастап (Тайваньда жеті жыл тұрып, оқыған) АҚШ-тың қазіргі саясаты туралы көп әңгіме айтып берді. Таңғы төртте Рейганның көмекшісін қонақ үйге шығарып салып, Мұрат ас бөлмеге барып, алынған мәлімет бойынша таң атқанша бірнеше беттік ақпарат дайындайды. Таңертең басшылық шақырып жатыр деген хабар алды. Сөйтсе, олар оның шетелдікпен өздерінің рұқсатынсыз байланысқа шыққанына риза емес екен. Төрағаның алдына баратын болды, түсі­ніктеме беру үшін. Абырой болғанда Мұрат қабылдау бөлмесінде мәскеулік әріптестермен кездесіп қалды. Кешегі тапсырма берген мәскеулік досы: «Рейганның кеңесшісі не болды?» деп сұрады. Мұрат оның қолына таң атқанша жазған аса құпия әрі өте маңызды ақпаратты ұстатты. Ол қағазды сол жерде оқып шықты да, Төрағаға бірге кірді. Арғы жағы түсінікті: сөгіс естимін деп келіп, алғыс алып шықты. Мәскеуліктер Мұрат дайындаған құжатты бір сөзін өзгертпей Орталыққа жолдауға нұсқау берді. Артынша Евгений Примаковпен жолықтырып, таныстырды. Екінші рет Мұрат Евгений Макси­мо­вичті Нью-Йоркте кезіктірді. Онда ол Тәуелсіз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі болатын. Ол кезде басшылықтың рұқсатымен ресейлік әріптестермен байланысып тұруға болатын еді және де олардың көбісі кезінде онымен бірге қызметтес болғандар. Сонда АҚШ-қа Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің директоры Евгений Примаков та келді. Ресей сыртқы барлауының өкілі Мұратты онымен кездестірді. Екеуі көп әңгімелесті, сөз арасында 80-жылдары Алматыда болған жағдайды еске алып Примаков: «Иә, иә, есімде, сол кездегі «ғалым» сен екенсің ғой», деп күліп алды. «1991-1996 жылдары Нью-Йоркте істе­ген қызметіміз туралы тек бір нәрсені ғана айтсам, біздің қалай жұмыс істегеніміз нақты айқындалады. Бәрі сол кезде бастау алды. Алғашқы дипломаттар Америкаға Қазақстан Президентінің ұшағымен ұшып барды. Сол кезде қабырғасы қаланған жұмыстың нәтижесі бұл күнде көрініс беруде. Біздің Елбасымыздың халықаралық аренадағы атқарған сындарлы еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы абыройы жоғары. Еліміз бұл ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынды. Ал бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркеліп, дүниежүзі саясаткерлерінің назарына ілікті. Яғни, біздің алғашқы қадамдарымыз бүгінгі жұмыстың алғы шарты болды», – дейді кейіпкеріміз. Соңғы ұзақ мерзімді шетелдік іссапар­­дан оралған соң Мұрат Сыздықов барлау­дың орталық аппаратында қызметін жалғастырды. Зейнетке шыққанға дейін ол қазақстандық ғылыми-техникалық және экономикалық барлауды басқарды. Мұрат Сыздықовтың ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті осы ғылыми-техника­лық және экономикалық барлауды бас­қар­ған тұста бар қырынан жарқырап көрінді. Мемлекет қауіпсіздігі саласындағы еңбегі еленіп, Кеңес Одағы мен Қазақстан­ның түрлі 14 орден, медальдарын омырауы­на тақты. «ҚР ҰҚК құрметті қызметкері» төс белгісінің иегері. Қазіргі күні құрметті еңбек демалысында. АЛМАТЫ Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»