Облыс диқандары 4,3 миллион гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын агротехникалық талаптарға сай орналастыруды белгілеп отыр.
Теріскейге көктем ерте келіп, қырдағы еңбек дүбірі жылдағыдан бұрын басталды. Қызылжар ауданына қарасты «Петерфельд-Агро» ЖШС-нің егіс танабында БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров 4,3 миллион гектар жерге дән сіңірілетінін, 3,2 миллион жерді дәнді, бұршақты, 469 мың гектарды майлы дақылдар құрайтынын жеткізді. Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткеру үшін 1140 жоғары өнімді техника бірлігі қатыстырылады. Агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары 490 мың тонна бірінші, екінші сұрыпты тұқым қорымен, 65 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етілген. 822 мың гектар алқапқа 50 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілмек. Өңір аграршылары «ҚазАгро» АҚ-тың еншілес ұйымдары арқылы 14 миллиард теңге жеңілдікті несие алу мүмкіндігіне қол жеткізген. Ал, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 8,4 миллиард теңге қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі дала жұмыстарына жан-жақты әзірлік жасалып, басты назар жауапты науқанды мерзімінде аяқтауға жұмылдырылған. Атап айтқанда, майлы дақылдарды 31 мамырға, бидайды 5 маусымға дейін сеуіп бітіру міндеті тұр.
Жерге дән себу ісіне қарқынды кіріскен аудандардың бірі–Мамлют. Ауданда 54 ЖШС, 183 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Василий Лисичкиннің мәлімдеуінше, дала жұмыстарына 900 трактор, 776 тұқым сепкіш, 24 осы заманғы егіс кешені қосылған.
Осындағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі астық өндірісін әртараптандыруға зор көңіл бөліп келеді. 19 мың гектардың екі мың гектары – майлы дақылдар. Бидайдың «Омская 35», «Омская 36», «Астана» секілді сұрыптарын аудандастырып, мол өнім жинап жүрміз. Арпаның «Боярченко» сұрыбы да өте түсімді. Науқанға 80 техника, 180 адам тартылған. Тұқым, жанар-жағармай жеткілікті, дейді бас агроном Батыржан Сауытбаев.
«Ишим-Агро-Норд» серіктестігі бидаймен қоса рапс, зығыр, күнбағыс өсіруге де маманданған. Шаруашылық директоры Владимир Грачев Үкімет тарапынан зор қамқорлықтар жасалып жатқанын, мәселен, тыңайтқыштарды 50 пайыз жеңілдікпен алғандарын қуана айтты. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылып, таң атқаннан қараңғылық түскенше ен далада еңбек ырғағы бір тыным таппайды.
Айыртау ауданында көктемгі егіс науқанына 1155 трактор, 1153 тұқым сепкіш, 114 егу кешені, 480-ге жуық жүк көлігі атсалысуда. «Достық Дән» ЖШС-нің базасында жауапты науқанды ұйымшылдықпен атқару және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде семинар өткізген едік. Онда айтылған ғалымдар мен мамандардың ой-пікірлерін жете ескерудің арқасында агротехникалық шаралар қатаң сақталуда. Шаруашылықтар 44 мың тонна сапалы тұқыммен, 6 мың тонна дизель отынымен толық қамтылды, деді хабарласқанымызда аудан әкімі Ағзам Тастеміров.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметтер бойынша, өңірдегі барлық егістік алқаптың бестен біріне дән сіңіріліп, еңбек қарқыны өрістей түскен.
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы