• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Астанада «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы өтеді

300 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы биыл ел тәуел­сіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы аралықта өткен онжылдықтар биігінен көз тастар болсақ, біздің мемлекетіміз үшін бұл уақыт еліміздегі және әлемдегі түрлі бағыттағы өзгерістерді ой елегінен өткізумен, қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының үрдістерін болжаумен және іздестірумен, барлық қазақстандықтардың мүддесіне жауап беретін өзгерістердің пәрменді стратегиясын жасақтаумен байланысты күрделі жылдар болды деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл жылдар, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің барлық азамат­тарының құқықтарының теңді­гін қамтамасыз ету негізінде халық­тың этносаралық және конфес­сияаралық ауызбіршілігін сақтау мен нығайтуға және мемлекет саясатының іргесін құрап отыр­ған үнқатысу мен келісімнің басымдығын бекітуге бағытталған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл әрекеттері мен салиқалы шешімдерінің уақыты болғаны сөзсіз. Елбасының күші, ерік-жігері мен батылдығының арқасында біздің еліміз жас тәуелсіз мемле­кеттің стратегиялық бағытын таңдауда және заманауи әлем елдерінің қатарына үйлесімді енуде тарихи артықшылықтарға ие бола алды. Осы орайда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің Ата Заңын қабылдаудың маңызы туралы айтқан сөзі еске түседі: «Конституция бүкіл әлемге біздің еліміз ең басты орынға жалпыадамзаттық құндылықтарды қоятынын және әлемдік қоғам­дас­тыққа бейбіт қатар өмір сүру мен ынтымақтастықты басшы­лыққа алатын ізгі ниетімен енеті­нін көрсеткен кезде ғана Қазақ­стан Республикасы әлемдік қоғам­дастықтың абыройлы және тең құқықты мүшесі бола алады». Мемлекет басшысының осы және басқа да іргелі ойлары этнос­аралық және конфессия­аралық келісімнің бірегей қазақстандық моделін, қоғам мен мемлекетті жұмылдыратын негізгі идеялар­ды таңдауды іздестіру мен қалып­­тастырудың жаңа кезеңін айқын­дап берді. Біздің мемлекетіміздің соңғы 25 жыл ішіндегі сыртқы және ішкі саясатының бұлжымас сипаты ретінде бейбітсүйгіштігі мен мәміле іздеуге басымдық беруін айтуға болады. Қазақстан осы­ның арқасында әлемнің үнқа­тысу алаң­дарында аймақтағы және әлемдегі тұрақтылық пен сенімділікті нығай­туға бағытталған идеялар мен ұсыныстар өзектендіріліп оты­ратын Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық ­эко­номикалық одақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес секілді ірі және беделді аймақтық бір­лес­тіктердің белсенді қаты­сушысы ретінде ­танылды. Біз бүгінгі таңда адамдардың дінге деген қызығушылығы өсе түсіп отыруына байланыс­ты үшінші мыңжылдықта халық­аралық қауіпсіздіктің классикалық проблемалары жаңа сипатқа ие бола бастағанын аңғарудамыз. Дін интеграциялық үдерістерге де оңды ықпал ете алатын аса бай материалдарға ие өркениеттік бірегейліктің маңызды эле­мент­терінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, барлық әлемдік және дәстүрлі діндер жер бетіндегі барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне бағытталған ортақ құндылықтар мен бағдарға ие. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасында дәйекті үн­қатысу ұйымдастыру мен орнату үшін қажетті алғышарттар құрудың арқасында діни ұйымдар бейбітшілік пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге өз үлестерін қоса отырып, жаһандық коммуни­ка­тивтік қауымдастыққа қатысу­ға мүмкіндік алады. Осы тұрғы­дан алғанда, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назар­баевтың бастамасымен 2003 жылы алғаш рет шақырылған Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі өзінің алдына осы мақ­саттармен қатар, тең құқықты­лық, өзара сыйластық, бір-бірі­нің мүдделерін мойындау, ынты­мақ­тастық пен өзара түсіністік қағидаттарын сақтауды қоя білді. 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің өтуі Мемлекет басшысы бастамаларының нақты іске асқанын көрсетіп берді. Қазіргі күндегі заманауи әлемдік және отандық тарихта осынау дінбасылар форумының алатын орны ерекше екені сөзсіз, өйткені, дәл осы алаңда дінаралық және мәдениетаралық үнқатысудың негізгі мақсаттары мен басты басымдықтары нақты анықталды. Олардың қатарында адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруінің бұлжымас қағидаттары ретінде бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті орнықтыру, әртүрлі діндер, мәдениеттер мен этнос­тар арасында өзара сыйластыққа қол жеткізу, адамдардың діни сезі­мін қақтығыстар мен әскери қи­мылдарды қоздыруға пайда­ла­­­нуға жол бермеу, діндер үнқа­тысуын іске асыру және бірлес­кен ортақ шешімдер қабыл­дау мақсатында тұрақты жұмыс істейтін халықаралық дінара­лық институттың қызмет етуін қамтамасыз ету секілді аса маңыз­ды міндеттер көрініс тапты. Бұдан кейінгі уақытта Астана қаласында әлемнің көптеген ел­дерінің беделді дінбасылары мен танымал саяси қайраткерлерінің қатысуымен заманауи әлемнің өзекті мәселелеріне арналған Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің ІІ, ІІІ, IV және V съез­дері болып өтті. Ал 2015 жылғы 10-11 маусымда Астана қаласында өткен V съездің басты мақсаты әлемдегі миллиардтаған адамның үміттері мен сенімдерін бойына жинақтаған, съездің барлық қатысушыларынан қо­л­дау тапқан және дінаралық форум­ның қорытынды құжатына енген Елбасының «бес үндеуінен» көрініс тапты. Аталған үндеудегі негізгі мә­селелер әскери қақтығыстарды тоқ­татуды және тыныштық жария­лауды, саяси мәселелерді шешуде күш қолдану әдістерінен бас тартуды, ірі державалар арасындағы сенімсіздікті жоюды, бұқаралық ақпарат құралдарын дінаралық өшпенділікті қоздыруға пайдалану тәжірибесін тоқтатуды, діни және саяси қайраткерлерді заманауи әлемдегі өзекті мәселе ретінде қалып отырған кедейлік, аштық, жұқпалы аурулар, жұмыссыздық, табиғи және техногендік апаттармен күресуге жұмылдыруды қамтыды. Осы мақала шеңберінде Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің тарихына қысқаша шолу жасау Астана дінаралық форумы дін мен саясаттың, діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің өзара әрекеттесуінің жаһандық ережелерін жасақтау үшін пәр­менді үнқатысу алаңы ретінде қалыптасқанына дәлел бола алады. Қазақстанның және Елбасының заманауи әлемдік құрылысқа енгізген аса құнды үлесі ретінде күллі адамзаттың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету үшін үнқатысу арқылы тікелей әңгімеге әлемдік және дәстүрлі діндерде бар ауқымды мүмкіндіктер мен ресурстардың қосылуын айтуға болады, өйткені, діндер мен дінбасылардың әлеуеті қазіргі әлемдегі саяси, экологиялық және заманауи рухани мәселелерді шешуге оң септігін тигізетіні сөзсіз. Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу стратегиясын таңдауы және оны табанды іске асыруы отандық және әлемдік саяси тарихтың жаңа беттерін ашуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев таяуда өткен Бірік­кен Ұлт­­тар Ұйымы Бас Ассамб­лея­сының 70-ші сессиясында қақ­ты­ғыстардың себептерін жою және барлық ұлттардың инфра­құры­лымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей мүмкіндігін қамтамасыз ету негізінде дамудың жаңа тренд­терін жасақтау, БҰҰ атынан әрекет ететін халықаралық анти­­террорлық коалицияны құру арқылы халықаралық қауіп­сіз­дік­тің жаңа әрі пәрменді жүйе­сін құру, 2016 жылы халық­ара­лық құқық қағидаттарын бекіту және әлем елдері арасындағы өзара сенімді қайта орнату мақ­сатын көздейтін Жаһандық Стра­тегиялық Бастамалар – 2045 Жос­парын әзірлеуге қатысты салмақты ұсыныстар енгізді. Осы орайда БҰҰ Бас Ассам­б­леясы өзінің 2016 жылғы 12 ақпанда өткен пленарлық отырысында Қазақстан Президентінің «Діндер бейбітшілік үшін» форумын өткізу және оның месседжі – ядролық қарудан бас тартуды адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты ретінде жариялау бастамасын қолдағанын айта кету керек. Қазақстанның еңбегінің арқа­сында үстіміздегі жылғы 6 мамырда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассам­б­леясы төрінде терроризмнің алдын алудағы және осынау дертті құбылыстың пайда болуының бастапқы себептерін жоюдағы діни лидерлердің рөлі туралы жан-жақты әрі байсалды пікір алмасулар өткен «Діндер бейбітшілік үшін» жоғары деңгейдегі үнқа­тысуы ұйымдастырылды. Осы ретте БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіп­сіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде жоғары мәртебе алған Қазақ­стан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесі еліміздің тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде жүріп өткен жолы­ның есебіне айналды десе де болғандай... Ойымды тұжырымдап айтар болсам, осы шағын мақала барысында аталып отырған оқиға­лар реті заманауи әлемдегі бар­лық адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруі мен прогресі үшін дінара­лық және мәдениетаралық үнқа­тысу бастамасын көтерген, оны нақ­ты іске асыра білген және ілге­рілетіп отырған жаһандық актор ретіндегі өз орнын абыроймен алған Қазақстанның гуманистік ұстанымының тереңдігіне нақты дәлел. Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Мәдениет және спорт министрі