• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Сардар Сұлтан

561 рет
көрсетілді

Сұлтан Оразалиннің 75 жылдық мерей­тойына арналып Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде өткен салтанатты кеш «Қазақ руханиятының сардары» деп аталған екен. Академик Серік Қирабаевтан бастап жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің баршасы бірауыздан: «Иә, сардар десе дегендей», деген пікірге тоқтады. Шын мәнінде де, «мем­лекет және қоғам қайраткері, жазушы, теледраматург, Қа­зақ телевизиясының негізін қа­лаушылардың бірі» деп шашбауын көтеріп тұрған аз ғана анықтауыштан ақжолтай азаматтың еліне сіңірген толымды еңбегі көрініс тап­қандай. Мерейтой иесінің атына Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовадан, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедтен, Президент Әкімшілігі Басшысының орын­­­­басары Б.Майлыбаевтан, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Н.Оразалиннен, Қа­зақ ұлттық өнер уни­верситетінің ректоры А.Мұса­қо­жаевадан, туған ауылы – Абай ауданының әкімі Т.Мүсәпірбековтен және бас­қалардан келіп түскен құт­тықтаулар, көрсетілген құр­­мет пен жүрекжарды лебіз­дер тұлға тұғырын биіктете түсіп, мерейін асырды. Әсіресе, кеңестік кезеңде жұртқа кеңінен әйгілен­ген теле­дидар сұхбаттары, «Қы­­­мызхана», «Кездесу», «Айтыс», «Халық қазынасы» сынды телехабарлары тәуелсіз елімізде Тіл комитетінің тұң­ғыш төр­ағасы болып, бірегей мем­лекеттік тіл саясатын қалып­тастыруға, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, «Тіл туралы» жаңа Заңның әзірленіп қабылдануына басы-қасында жүріп басшылық жасауы қайраткерлік қарым-қа­білетін танытты. Мәжіліс депутаттары Қ.Сұлтанов, А.Тасболатов, «Қазақстан» ТРК» АҚ басқарма төрайымы Н.Мұхамеджанова, «Хабар» телеарнасының продюсері Р.Кертаев, белгілі жазушы Ә.Сарай және басқалар Сұл­текеңнің нақ осындай шы­ғармашылық-азаматтық кел­­бетін тарқатыңқырап айтты. Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық универ­си­тетінің ректоры Е.Сыдықов мерейтой иесін «Күлтегін» медалімен марапаттаса, Ал­матыдан арнайы жеткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілі, ақын, ғалым Б.Жақып оқу орда­сының алтын медалін табыстады. Сондай-ақ, университет баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Сұлтан Оразалы» атты кітаптың сүйінші даналарын сыйға тартты. Жаңа кітаптың тұсауын академиктер С.Қирабаев пен С.Қасқабасов кесті. Сардар Сұлтекең де ұлым деп емі­ренген еліне алғысты сөзін арнады. Назар ҚАСЫМ