Соңғы жылдары Қазақстанда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (ҚазҰМУ) жанынан өз клиникасы ашылып, елімізде халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатындағы алғашқы қадамын жасап, жетекші емдеу орындарының біріне айналып отыр. Клиникада науқасқа диагноз қою, оларды емдеу және алдын алуда заманауи деңгейде жаңа технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы медициналық көмекті ұсынады. Бағалары қолжетімді әрі қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Олар әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық құралдарымен жабдықталған.
Бүгін біз С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Біріккен университет клиникасының директоры Жанар ҒҰБАЙДУЛЛИНАҒА жолығып, емдеу орны жайлы жақынырақ білген едік.
– Жанар Аюпханқызы, Біріккен университет клиникасы қазіргі нарық заманында денсаулық сақтау саласына айтарлықтай үлес қосуда. Оқырмандарға түсінікті болсын, клиникаға жеке тоқталып, оның мақсат, міндетін таратып айтып берсеңіз...
– Бүгінде ҚазҰМУ құрамында заманауи құралдармен жабдықталған, көптеген ауруларға кешенді диагностика мен амбулаториялық емдеу жүргізуге мүмкіндік беретін Біріккен университет клиникасы жұмыс істейді. Онда амбулаториялық дәрігерлік кеңес беру орталығынан басқа бауыр мен іш-құрылыс патологиялары, буын мен омыртқа, дәнекер тінінің диффузды ауруларын, жүйке жүйесінің ауруларын, ішкі секреция бездерінің аурулары мен тамыр ауруларына нақты диагноз қойып, оларды емдеу және алдын алуда заманауи деңгейде жаңа технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы медициналық көмек көрсететін орталықтар бар.
Ревматология бөлімшесінде науқастарға әлемдік медицинаның соңғы жетістіктері, оның ішінде гендік-инженерлік терапиясы қолданылады. Ал эндокринология бөлімшесінде ауруды ерте диагностикалау мен емдеуден басқа осы аурудың асқынуларын алдын алуға тиімді кеңестер мен ем алуға арналған «Диабеттік табан және қол» кабинеті жұмыс жасайды. Инсулин помпасын қолдану арқылы 1 типті қант диабетін емдеудегі жаңа технологиялар туралы кеңестер беріледі. Бауыр және асқазан ішек ауруларын және жүйке жүйелерінің ауруларын емдеуде де кіші инвазиялық ем-шаралар қолданылады.
Клиникада науқастарды жоғары дәрежелі мамандар, профессорлар, ғылым кандидаттары мен докторлары, түрлі ауруларды емдеу саласының әлемдік деңгейдегі беделді дәрігерлер қабылдайды. Олар емдеу мен диагностикалауда инновациялық әдістерді қолданысқа енгізу мақсатында жақын және алыс шетелдерде өз кәсіби деңгейлерін үнемі арттырып отырады.
Міне, Біріккен университет клиникасында жоғары мамандандырылған, кең спектрлі, сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Мақсатымыз – халқымыздың денсаулық сапасын және өмір сүру ұзақтығын, жұмыс істеу қабілеттілігін арттыру. Ендеше, дәрігерлердің кәсіби деңгейі, әлемдік және отандық медицинаның ең жаңа жетістіктеріне негізделген тексерудің заманауи аспаптық әдістері және емдеу стандарттары – уақтылы алдын алу шараларын өткізуге және әрбір емделушіге бағытталған емдеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Ал негізгі тұжырымдамамыз – емделушіге бағытталған клиника жасау.
– Емделушіге бағытталған клиника деп айтып қалдыңыз, осы жөнінде толығырақ мәлімет алсақ...
– Қазіргі кезде емделушіге бағытталған клиникаға нақты анықтама жоқ болғандықтан кейін, біз әйгілі фирмалар мен компаниялардың жұмыстарына талдау жасап, бүгінгі уақытта емделушіге бағытталған әрекет – науқас дертінің маңыздылығын түсіну, кілтипанын анықтау, науқастың мұқтаждығын бағалау мен қажеттілігін қанағаттандыру, сондай-ақ, науқастың емнен күткен нәтижелеріне сәйкес келу және психологиялық жағдайын түсіне біліп, біріккен шешім қабылдау. Сөйтіп, науқастың денсаулығына бірге жауапкершілікте болу. Бұл бағытты тек қана алғашқы медициналық-санитарлық көмекте ғана емес, стационар деңгейінде де қолдану керек.
– Клиниканың емделушіге деген көзқарасын қалай өзгерттіңіздер?
– Біздің клиникада емделушінің рөлі белсенді, медициналық көмектің рецепиенті ғана болып табылмайды, яғни науқас үшін шешімді дәрігер, мейірбике және науқас бірге қабылдайды. Себебі, медицинадағы көмек дертке емес, науқасқа бағытталған. Ал емделушіге бағытталған клиникада емделушінің рөлі белсенді: өзінің шешімін қабылдауға, ауруға қарсы күресуге, мақсатын қоюға дәрігермен бірге атсалысады. Ол үшін біз емделушінің қажеттілігін үш топқа бөлдік: медициналық, психологиялық, әлеуметтік.
Медициналық топ – дер кезінде ем және ауру туралы ақпарат алу, дәрігер мен емделушінің ынтымақтастығына ауруханада қолайлы орта жасау. Науқасты қарағанда, дәрігер уақытын толығымен бөлу, емдеу жоспарын науқаспен бірге талдау, тағайындалған емнен қандай нәтиже күтетінін ақпараттау. Қорыта айтқанда, науқас пен дәрігердің арасындағы ашық қарым-қатынас орнату.
Психологиялық топ – аурудың нәтижесінде пайда болған әртүрлі психологиялық қосымша сезімдермен бірлесіп күресу. Науқасқа деген құрмет көрсету, шағымдарына назар аударып, қолдау көрсету.
Әлеуметтік топ – емге келген науқасқа клиникада әлеуметтік орта жасау. Осы ортада ол өзінің қандай қарым-қатынаста болатынын ойлайды. Медицина қызметкерлерінің қайырымдылығы науқастың сенімділігін тудыру керек.
– Жанар Аюпханқызы, өзіңіз айтып отырған емделушіге бағытталған клиникадан қандай нәтиже күтесіз?
– Осы тәсіл толығымен енетін болса, Қазақстанда денсаулық саласын толығымен өзгертеді. Біз медицина қызметкерлерінің моральдық және адамгершілік қағидаларын жоғарылату, жандүниелік құндылықтарын арттыру және дамыту арқылы емделушіге бағытталған медициналық көмек көрсетудің жаңа деңгейіне өте аламыз.
– Біріккен университет клиникасының ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бүгінге дейін қаншама қала тұрғындарына ашық есік күнін өткізіп, өз тараптарыңыздан көмектеріңізді дәстүрлі түрде көрсетіп келесіздер. Соның бірнешеуіне біз де куә болған едік...
– Иә, биыл төртінші жыл қатарынан айтулы күндерге орай бір жылда бірнеше рет арнайы акциялар өткіземіз. Мәселен, былтыр 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Отан соғысына қатысқан және соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналарымызды шақырдық. Оған 31 адам келсе, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды да тегін дәрігерлік тексеруден өткіздік.
1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «АРДИ» мүмкіндігі шектеулі балалар қауымдастығының тәрбиеленушілерін де тегін қабылдадық.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған акцияға 60-тан аса алматылықтар келді. Бір айта кетерлігі, келушілер ақысыз негізде дәрігерлерден кеңес алып, қажет дегендері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін емделді. Тағы бір ескеретін жайт, баршаға аян, қазір елімізде кез келген адам емдеу орнын, дәрігерді өзі таңдай алады. Ендеше, қараша айында Алматы қаласының тұрғындары өз таңдауларын жасап, біздің емханаға тіркелулеріне болады. Сондай-ақ, олар күндізгі стационар бөлімінде де емделеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»