• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Әлем жаңалықтары

328 рет
көрсетілді

Іздестіруге сүңгуір қайық та қосылды Египет президенті Абдул Фаттах Халил Ас-Сиси ел билігі Жерорта теңізіне құлаған А320 жолаушылар ұшағының «қара жәшігін» және ұшақ сынықтарын іздестіруге сүңгуір қайық жіберілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, бортында 66 адам бар ұшақ апатына қатысты жайттардың барлығы зерттеліп жатқанын, оған байланысты дәл қазір қандайда бір шешім қабылдау асығыс болатынын атап өтті. Мамырдың 20-сында Египет билігі жоғалған авиалай­нердегі адам д­ене­сінің бөлігін және ұшақ отырғышын, сонымен қатар, жолау­шылардың жеке мүліктерін тапқанын хабарлаған еді. Табылған адам денесінің бөліктері ел астанасы Каирге жеткізілді. Сот-медициналық сараптама қызметі қаза тапқандардың денесін анықтау үшін ұшақ бор­тындағы жолаушылардың туған-туыстарынан ДНК сынамасын алады.   Әскери келіссөз жүргізуден бас тартты Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі Солтүстік Корея тарапымен әскери келіссөздер жүргізуден бас тартты. Бұл жөнінде «Енхап» ақпарат агенттігі хабарлады. Ресми Сеулдің атап өтуінше, кореяаралық үнқатысу аясындағы ең басты басымдық КХДР-дің ядролық қарудан бас тарту мәселесі болып табылады. «Біз Солтүстік Корея өздерінің ядролық проблемаларын ескермей, әскери келіссөздер жүргізу туралы ұсынысына өкінішпен қарадық», – деді Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігінің өкілі Мун Санг Гюн осы жөнінде. Ресми Сеул Пхеньянның ұсынысына жауап ретінде қазір Солтүс­тік Кореямен үнқатысу туралы сөйлесетін уақыт емес екенін де атап көрсеткен. Бұған дейін де Оңтүстік Корея КХДР басшысының екі­жақты үнқатысуды әскери деңгейде қайта жалғастыру жөніндегі ұсынысынан бас тартқан еді. Ал КХДР президенті Ким Чен Ын Корея Еңбек партиясының съезінде екі ел арасындағы әскери үнқатысуды жолға қою қажеттігін айтқан болатын. Шығыс Еуропаға қатысуын күшейтпек НАТО-ның Варшавадағы саммитінде Солтүстікатлантикалық альянс күштерінің Шығыс Еуропаға қатысу мәселесін күрт өзгертетін шешім қабылданатын болады. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтен­берг­тің сөзіне қарағанда, ұйым­­ның саммитінде қауіпсіздікке қатысты жаңа жағдайларға бейім­делу сияқты негізгі позициялар айқындалады. «Біз НАТО-ның Еуро­паның шығыс бөлігіне қатысуын нығайтуымыз қажет. Бұл көп ұлтты қатысу болмақ. Осылайша, біз бір елге жасалған шабуыл НАТО-ға мүше елдер­дің барлығына жасалған шабуыл болатынын ескертеміз», – деп атап өткен Й.Столтенберг. Бұған қоса, ол бірқатар одақтастар, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Германия альянстың шығыс қап­талын нығайтуға қазірдің өзінде ниет білдіріп отырғанын айтқан.   Енді қанша мәрте сайланса да еркі Жексенбі күні Тәжікстанда ел конституциясына өзгеріс­тер енгізу туралы референдум өтті. Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Бахтиер Худоерзоданың мәлімдеуінше, сайлау учаскесіне келген тұрғындардың 95 пайыздан астамы референдумға шығарылған сұрақты жақтап дауыс берген. Референдумға азаматтар «Ел конституциясына енгізілетін өзгеріс­тер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап қай­тарған. Мұнда мәселе 41 түзетуден тұратын құжат жобасындағы президент Эмомали Рахмонның президенттікке сайлануға қойылған шектеу мерзімін алып тастау және президенттік лауазымға кандидат­тар­дың жасын 35-тен 30-ға дейін төмендетуде болып отыр. Конс­титу­цияға енгізілген өзгеріс­терде, сондай-ақ, ұлттық немесе діни негізде пар­тиялар құруға және олар­ды шетелдердің қаржыландыруына тыйым салынған. Кейбір ақпа­рат құралдары президенттікке кандидаттар жа­сының төмендетілуі қазір­гі президент Э.Рахмонның ұлы Рустам Эмо­малиге байланысты екенін атап көрсетуде. Өйткені, ол 2020 жылы 33 жасқа толады. Нөсер жауын су тасқынына ұласты Қытай Халық Республикасында нөсер жауынның салдарынан бірнеше провинцияны су басты. «Синьхуа» агенттігі таратқан ақпараттарға қарағанда, Хуанань провинциясында жауын-шашыннан 500 мыңға жуық адам зардап шеккен және 18 мың адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Соңғы мәліметтер бойынша, жалпы көлемі 46 мың гектардан астам алаңды су басқан, қазіргі кезде 4 мыңдай адам көмекке мұқтаж болып отыр. Ал Гуанси-Чужанси автономиялық ауданында екі адам қаза тауып, 290 мың адам зардап шеккен. Осы ауданда 610 үйді су басып, 12 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Бұлардан бөлек, 40-қа жуық тас жолда көлік қозғалысы тоқтатылды және көптеген су құрылғылары істен шықты. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Синьи қаласы­ның бір өзінде ғана алты сағат ішінде 429,5 мм ылғал түсіпті. Сегіз адам ажал құшып, төрт адам хабар-ошарсыз кеткен. Метеорологтар Юньань, Сы­чуань провинцияларында табиғат апатының қаупі жоғары екенін ескертуде. Қысқа қайырып айтқанда: Тайландтың оңтүстігіндегі Чианграй провинциясында мектеп оқушыларының жатақханасынан өрт шығып, 17 адам қаза тапты, тағы екі оқушы іздестіріліп жатыр. Өрт шыққан кезде жатақ­хана­да 7-13 жас аралығындағы 38 оқушы болған. Мюнхен әуежайынан Канаданың Ванкувер қаласына бет алған Lufthansa компаниясының ұшағы борттағы жолаушылардың бірі­нің жанжал шығаруына байланысты Гамбург әуежайына қонуға мәжбүр болды. Алғашында әлгі ер адам ұшу кезінде темекі шекпек болыпты, содан кейін жанұшыра шыңғырып, әуе кемесінің есігін ашуға ұмтылған. Әлемде шайды ең көп ішетін ел Өзбекстан екендігі белгілі болды. Зерттеу осы ел халқының 99,6 пайызының шай ішпесе жүре алмайтынын көрсеткен. Ал Гватемала тұрғындарының 99,6 пайызы, керісінше, кофені қалайды екен. «Рейтер» ақпарат агенттігі Сирияның Жерорта теңізінің жа­ғалауындағы Джабла мен Тартус қалаларындағы терактілер сал­да­­рынан 100-ден астам адам мерт болғанын хабарлады. Терак­ті­лер жауапкершілігін «Архар аш-Шам» экстремистік ұйымы мойын­дарына алды. Интернет материалдарының негізінде әзірленді