• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

«Жас қанат-2016» жеңімпазы анықталды

360 рет
көрсетілді

«Жас қанат – 2016» жас әншілердің республикалық байқауының алғашқы концерті 20 мамыр күні өткен болатын. Бұл күн тек қатысушылар ғана емес, қазылар алқасы үшін де аса толқымалы сәттерге толы болды. Әсіресе, Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Мәдина Садуақасова, Жанар Дұғалова сынды жасқанаттықтарға концерт ерекше тосын сый тартыпты. Олар «Жас қанат» байқауының мұрағатындағы бейнежазбадан өздерінің өнер көрсеткен кездерін тамашалап, өткен күнге саяхат жасады. Сайысқа қатысушы өнерпаздар бұл жолғы бәйгеден өздерінің өнер жолы­на үлкен са­бақ алып қана қой­май, Астана қаласымен де кеңінен танысып үлгерді. Олай дей­тініміз, жарысты ұйым­дастырушылар үміт­керлердің әрбір күні әсерлі болуы үшін қаламыздың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырған болатын. Солардың соң­ғысы әрі қатысушылар үшін ең маңыздысы елорда әкімдігіндегі кездесу болды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев өнерлі өрендермен жүрекжарды әңгіме қозғады. «Жас қанаттың» енді-енді аяққа тұра берген кезеңіне көз жүгіртіп, жас дарындарды қанаттандырды. Кездесу соңында қатысушылар бір ауыздан «Айттым сәлем қаламқас» әнін тарту етіп, ризашылықтарын жеткізді. Әкім орынбасары естелік кітаптар мен гүл шоғын табыстады. Сонымен, сайыс қорытындысына келетін болсақ, үш күн бойы үміткерлердің арасынан үздік болып, өзінің өнерімен көрерменді де, қазыларды да ерекше таңғалдырған Парасат Отан оза шығып, жарыстың жеңімпазы атанды. Екінші орын Қарағандыдан келген «Үш жүз» тобына бұйырса, үшінші орынды оралдық Айбек Дәулетқалиев еншіледі. Сондай-ақ, мерейтойлық гала-концертте еліміздің танымал әншілері Мәдина Садуақасова, Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, «Меломен» тобы, Нұрлан Абдуллин, Нұржамал Үсенбаева, Ерлан Көкеев, Бақыт Шадаева, Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»