АСТАНА. 24 мамыр. Мамырдың 21-і күні Түрікменстан президенті Гурбангули Бердымухамедов жұмыс сапарымен Ашхабад төңірегіндегі шекара заставаларының бірінде болды. Бұл туралы ras.kz ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Гундогар» сайтының жазуынша, Түрікменстан президенті застава айналасының көркейіп-көгалдандырылу және жасыл желектерді күту мәселесіне көңілі толмағанын білдірген. Ааркадаг сол жерде Түрікменстан мемлекеттік шекара қызметінің бастығы Бегенч Гундогдыевке застава айналасын тез арада тәртіпке келтіріп, бұдан былай жеміс-жидек, көкөніс және бақша дақылдарын өсірумен айналысуды қатаң тапсырған.
«Мемлекет басшысы ауаны тазартып тұратын саялы және қылқан жапырақты ағаштар егіп, айналада жақсы микроклимат қалыптастыруды, маңайға жеміс ағаштарын егіп, жерді тиімді пайдалануды міндеттеді. Ал өздері өсірген көкөніс және бау-бақша өнімдері әскери қызметкерлердің дастархандарын байытып қана қоймайды, сонымен қатар олардың жақсы тамақтанып тұруларына жол ашады», - делінген «Түрікменстан дәулеттік хроникасы» (ТДХ) хабарламасында.
Бұдан бөлек, президент барлық шекара заставаларында «шекарашыларды жыл бойы дәруменді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, олардың күнделікті рациондарын пайдалы көкөністермен байыту үшін жылыжай шаруашылығын жүргізуді» тапсырған.
Тап осындай жылыжайлар шаруашылығын ұйымдастыру ішкі істер министрлігіне қарасты барлық бөлімшелерге де тапсырылды.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: ТДХ.