ШЫМКЕНТ. 24 мамыр. Бұдан екі апта бұрын жоғалып кеткен студент Айгерім Оспанбекованың мәйіті Қазығұрт ауданының аумағынан табылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық прокуратурасының мәліметіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Еске сала кетейік, биылғы жылғы 11 мамыр күні Сарыағаш ауданының 53 жастағы тұрғыны аудандық ішкі істер бөліміне өзінің 1998 жылы туған қызы, 1-курс студенті Оспанбекова Айгерім Сүннатқызының 10 мамыр күні сағат 15:00 шамасында оқуына бару үшін Шымкентке кетіп бара жатқан жолында кенет жоғалып кеткенін айтып, шағымданып келді.
Аталмыш факт сотқа дейінгі тексерудің біртұтас тізіміне енгізілді. Осыған байланысты Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жоғалған қызға іздеу жариялады.
Сол күні 18 жасар студент қыздың Жетісай-Шымкент тасжолының Сарыағаш ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылы тұсынан жолай кездескен көлікке отырғаны белгілі болды. Ол машинада келе жатып, такси жүргізушінің түрінен қорқып келе жатқанын, өзін Шымкентте күтіп алуды өтініп, әлдекімге смс тастаған екен. Бірақ біраздан соң өзі ешкімнің қоңырауына жауап бермей қояды. Ақырында облыс орталығына жетпеген.
Жоғалған студент қыздың мәйіті Жаңатұрмыс ауылының көріпкелі Орынхан Жүнісовтің ақпары бойынша Қазығұрт ауданының аумағынан, Бағыс ауылына жақын жерден кеше кешке табылған. Бидің айтуынша, қыз өлер алдында біраз қорланған. Ал бүгін таңертең марқұмның денесі жер қойнына берілді.
Қыздың нақты қалай қаза тапқаны әзірге ашылған жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің дерегі бойынша, қылмыскер алдымен Айгерімді қорлаған, содан кейін өзін өлтірген. «23.05.2016 жылы шамамен 18.00 сағатта Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне бір тұрғын Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылының жанынан бір әйелдің өлі денесі табылғаны туралы хабары түсті. Жедел-іздестіру тобы Сарыағаш ауданының Бағыс ауылына қарай баратын асфальт жолдың бойынан 130 метрдей қашықтықтан әйел адамның мәйітін тапқан. Оның мойны, оң қолы мен екі аяғы түссіз скотчпен және тоқыма белдікпен байланып тасталған. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында оның бұдан бұрын жоғалып кеткен Оспанбекова Айгерім екенін таныды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда 1998 жылы туған қызды өлтіруші күдікті ретінде 1990 жылғы жігіт ұсталды. Одан айғақты заттар ретінде қыздың ұялы телефоны мен ақшасы алынды. Қазір күдіктінің үстінен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, фото: Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.