• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Қызылордада облыс прокуратурасы алаяқтық жайын талқылады

239 рет
көрсетілді

АСТАНА. 24 мамыр. Қызылорда қаласында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің төрағалық етуімен алқа отырысы өтті. Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жиында алаяқтық қылмыстардың алдын алу, тіркеу және қылмыстық істерді тергеп-тексеру, олармен шешім қабылдау барысында заң талаптарының сақталу жағдайына қатысты мәселелер талқыланды. Онда аймақта алаяқтық қылмысының тыйылмай келе жатқаны, тұрғындардың арбаушылардың құрығына ілініп қала беретіні айтылды. «Конституциямыздың 26-бабына сәйкес, соттың шешімінсіз адамдарды мүліктерінен айыруға тыйым салынған. Дегенмен, азаматтардың адал еңбекпен тапқан мүліктерін қылмыстық жолмен иемденіп, оңай олжа табу деректері облысымызда кездесуде», – деді жиында прокуратура өкілдері. Сонымен қатар, алқада осы жылдың 4 айында атқарылған шаруалар айтылды. Облыс аумағында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің  бірыңғай тізіліміне тіркелген 414 (570) алаяқтық қылмыс тіркеліп (қылмыстық іс қозғалып), оны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 156 немесе 27,4 пайызға төмендеген. Бұл санаттағы қылмыстар Қазалы (6-дан 14-ке) мен Шиелі (24-тен 27-ге) аудандарынан басқа барлық қадағалау аумақтарында төмендеген болса, ал Қармақшы ауданында бір деңгейде қалған (7/7). Сонымен қатар, облыс аумағында алаяқтық қылмыстың негізгі түрлері, яғни  жұмысқа орналастыруға 31-ден 52-ке, пәтерді алып беруге 8-ден 29-ға, жер учаскелерін рәсімдеп беруге 6-тан 25-ке, телефон арқылы алдауға 8-ден 13-ке және ұялы телефонды қоңырау соғу үшін сұрап алып  иеленіп кету 11-ден 16-ға өскен. Негізінен облыс көлемінде пәтер, жер алып беруге қатысты алаяқтық қылмыстардың барлығы Қызылорда қаласында орын алуда. Оның бірден бір себебі соңғы жылы облыс орталығы Қызылорда қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлердің көбейгені және қала төңірегендегі жерлерге сұраныстың жоғары болуында. Мәселен, қала көлемінде жерге 48000 адам және пәтерге 19121 адам кезектілікте тұр. Яғни, алаяқтар кез келген жағдайларды тиімді пайдаланып, оның ішінде жер мен пәтерге сұраныстың жоғары болуына байланысты осы жерде туындаған қатынастардың төңірегенде алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыруда. Алаяқтық қылмысын жасау үшін таудай уәде беріп, адамды алдап, сеніміне кіре білсең болды. Оған күш қолдану, жасырын әрекет жасау қажет емес. Сондықтан да әйел адамдар қылмыстың бұл түрін жиі жасауда. Талдау көрсеткендей, алаяқтың арбауына түсіп, жәбір көрген адамдардың көбісі өздерінің әрекетін білместіктен болғанын аңғартады. Жиында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов сөз алып, алаяқтық қылмысының алдын алу барысында жан-жақты жұмыс жасау керектігін қадап айтты. Талғат Райымбек. Дерек: Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі. Фото: alashainasy.kz.