Атырауда алғаш рет шығарылды
Мұнайлы өңірдегі байырғы кәсіпорынның бірегейі саналатын «АтырауНефтеМаш» серіктестігі алғаш рет ең ауыр әрі ең ірі габаритті өнімдерді шығарды. Серіктестіктің өндіріс жөніндегі директоры Сергей Ткачуктің мәлім етуінше, елімізде дәл мұндай аса ауыр салмақтағы өнім осы кезге дейін шығарылмапты. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы сатылы жаңғырту, нақтылай айтқанда, мұнайды терең өңдеу жобасына арналып шығарылған қос қазандықтың әрқайсысының ұзындығы – 37,2 метр, ішкі диаметрі – 6 метр, ал салмағы – 210 тонна.
Аталған қос қазандық кәсіпорынның өткен жылы іске қосылған жаңа цехында жергілікті мамандардың темірден түйін түйетін шебер қолымен жасалды. Жаңа цехтың аумағы да үлкен, ұзындығы 144 метрді құрайды. Ені – 30 метрге, ал биіктігі 60 метрге тең. Осынау атшаптырым аумағы бар цехта алдағы уақытта бұдан да ірі габаритті өнімдер шығару жоспарланыпты. Серіктестік басшылығы КРА компаниясы іске асыратын газ-химия кешеніне қажетті 1100 тонналық ірі габаритті өнімді шығаруға келісім жасауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде мұндай ірі өнімді жеткізу жобасы жасалыпты.
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жобасы үшін бұдан ірі габаритті өнімді шығару жұмыстары жасалуда. Ірі дейтін себебіміз, жаңа өнімнің салмағы 440 тоннаны құрайды. Ұзындығы – 52 метр. Бұл жапондық «Марубени» компаниясының тапсырысымен жасалуда. Тапсырыс берушінің және бас мердігердің сұрауымен жаңа өнімнің соңғы құрастыру жұмыстары мұнай өңдеу зауытының алаңында іске асырылады. Өйткені, биіктігі 52 метрді құрайтын дүниені тікесінен тұрған күйінде тасымалдау мүмкін емес.
– Алғашқы ірі габаритті өнімдер шығару ойдағыдай іске асты. Шетелдік компаниялардың тапсырысы да, сенімі де ақталды. Біздің жергілікті мамандарымыз бұрын Еуропа елдерінде шығарылатын ірі габаритті қазандықтар жасауды меңгерді. Бұл – біздің кәсіпорын мамандарының алғашқы жетістігі. Әрине, мұндай өнімдер шығару оңай емес. Әсіресе, мамандарымыз күрделі инженерлік шешімдерді іске асыруда шеберлік, біліктілік танытты, – дейді «АтырауНефтеМаш» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі директоры Сергей Ткачук.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ