• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Шаруасын шалқытқан шопан

627 рет
көрсетілді

Негізі, малшы мамандығын кешегі Кеңес Одағы кезінде қат­ты дәріптеп жазды ғой. Ол кезде «аға шопан» деген екі­нің бірі қолы жете бермейтін жұ­мыс са­налатын. Ал, қазір бізде мал­шы­ларға деген көзқарас дұрыс емес. «Пәленше қойшы екен» десе, көз алдымызға күнін көре алмай, қатқан нан жеп жүрген бейшара біреуді елестетеміз. Бірақ бүгінде осы мал бағудың арқасында біреулер тұрмысын түзеп, «Джип» мініп, қаладан пәтер алып, күн сайын ет жеп, қымыз ішіп жүргені жасырын емес. Біз әңгіме еткелі отырған құландық Сайрамбай Дөненбаев осы шопандықтың арқасында шаруасын дөңгелетіп, ол құр­ған шаруашылық осы елдің бағы, құт-берекесіне айналып отырғаны анық. Ағайынды Дөненбаевтар 1996 жылы өз алдына шаруа қо­жалығын құрған болатын. «Шәушен» шаруа қожалығы. Төр­ағасы – Сайрамбай. Енші ал­ғанда барлығы 300-ге жетер-жет­пес мал болыпты. – Бұл өте қиын жылдар еді ғой, – дейді Сайрамбай аға бізбен әңгімесінде. – Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жәрдем берілмек түгілі, көп-кө­рім дүниенің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түсіп жатқан шағы болатын. Шаруашылықтың шаруасын дөңгелетіп, аяғынан тұрып кетуі өте қиынға соқты. Тіпті, қанатын енді жая бастаған шаруашылықты қайтадан жабамыз ба деген де ойлар талай мәрте келген. Бірақ, барлық қиындыққа төзе білдік. Тек 2000 жылдан бастап жағдай түзеле бастады. Жаңа ғасыр жаңа мүмкіндіктер беріп, Қарағандыдан 1000 бас қазақы қой әкелдік. Малды асылдандырмай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайтынымызды түсініп, Павлодар, Ақмола, Оралдан мал жеткіздік. Ет бағытындағы шаруашылықты дамыту үшін Ресейден ірі, етті жылқылар алып келдік. Міне, талай қиындықты бас­тан өткеріп, тіпті, тарқап кету­дің сәл-ақ алдында қалған «Шәу­шеннің» шаруасын ағайынды жігіттердің еңбекқор, талапшыл, қанағатшыл, өз істерін сүйе білген іскерлік қасиеттері өрге сүй­регені анық. Бүгінде бұл ша­руа­шылықта 21 отар қой бар. Енді 2017 жылға дейін қой санын 40 мыңға жеткізуді мақсат тұтып отыр. Табын-табын жылқы ­жайылып жүр. 78 адам тұрақты жұмыс істейді. – 2005 жылы кәсіпкерлігімізді кеңейту мақсатында Астанаға жол тартып, елорда маңынан жер алып, үлкен қасапхана салдық. Қазір жылына 1000 бас жылқы, 5000 бас қой бордақылаймыз. Басқа-басқа, малшының жағ­дайын, тұрмысын өзім жақсы түсінемін. Малшының баласы болғандықтан интернатта оқыдық. Шаруашылыққа қарасты малшылардың баласы біреуге кіріптар болмасын деген ниетпен ауылдан интернат үйін салдық. Бұл құрылысқа бас-аяғы 150 млн. теңге жұмсалды. 40 орындық ғимараттың барлық жағдайы жасалған. Жиһаз-жаб­дық, көрпе-төсек, табақ-қасы­ғына дейін алып бердік, – дейді Сайрамбай Дөненбаев. «Жылқыны мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – ет» деп жатады. Шаруашылық жылқы малынан қандай пайда көріп отыр? Әлде тек үйір-үйір жылқы бағып, соны базарға ет қылып сатып пұлдағанын ғана мақтаныш тұта ма? Жоқ, Сайрамбай қымыз мәселесін де қолға алыпты. Дәл қазір 250 бас жылқы байлап отыр екен. Енді, міне, жақында «Шәу­шен» шаруа қожалығы Жарлысу ауылынан қымызбен емдеу орта­лығын ашты. Тау бөктерінен ашылған жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын қымызбен емдеу орталығында заманауи қонақүй, сауна, бассейн, тағы басқа да нысандардың құры­лысы толық аяқталған. Сай­рамбай Дөненбаев мұндағы баға қарапайым тұрғындарға қолжетімді болады дейді. Ерекше атап өтерлігі, мұнда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қымызбен емделуіне тегін арнайы екі бөлме қарастырылған. Қымызбен емдеу орталы­ғы­ның қазіргі басты мәселесі Жарлысу ауылынан тау етегіне дейінгі 6 шақырымға жуық жолдың жайы болып тұр. «Жол салынса ойға алған жобамыздың іске асуы да жеделдей түсер еді», дейді шаруашылық басшысы. Ендеше, тынымсыз еңбегінің арқасында даңққа бөленген Сайрамбай Дөненбаевтың бүгінгі тірлігі әрбір қазақ баласына үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы