• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Жүктелген міндет жүйелі атқарылды

371 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Ел тұрғындары мәдениет, өнер, спорт, тілдердің дамуы, үкіметтік емес ұйымдардың қыз­меті және дін саласындағы өздерін қызықтыратын сұрақтарына министрден тікелей жауап алды. Кездесуге келген қалың жұрт­шылық қана емес, еліміздің барлық аймақтарының тұрғындары да сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Өзге облыстардың өкілдері үшін министрліктің ресми сайтында сұрақ қою функциясы бар арнайы бөлім ашылды. Кездесу барысында Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы Министрліктің есеп беру кезіндегі қызметі туралы баяндап, құзырындағы сала­ларда атқарылып жатқан жұмыс­тар мен мемлекеттік органның болашақ жоспарларымен бөлісті. Ведомство басшысы баян­да­масының басты тақырыптары Елбасының бес институттық реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, Қазақстан Республикасының Мәдени саясат тұжырымдамасы және т.б. мемлекеттік құжаттарда көзделген мақсат-міндеттерді орындау үрдісінің өзекті мәсе­лелерін қамтыды. «Ұлт Жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылы саланы жаңғыртуға бағытталған 19 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Мәдениет саласында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Заңы қабылданды», – деді министр. «Сондай-ақ, Заңның нормаларын іске асыру мақсатында 2015 жылы мәдениет және өнер сала­лары бойынша салалық көркем­дік кеңестер құрылып, табысты қыз­мет етуде. Мәдени саясат тұжы­­рым­­дамасына енгізілген өзгеріс­тер мен то­лықтырулар шең­­­бе­рін­­де мә­дени-туристік клас­­­тер­­лерді одан әрі дамытуға ерек­­ше мән бе­рілді», – деді А.Мұ­ха­­­ме­диұлы. Сондай-ақ, келер жылы Ас­та­нада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне арналған Ке­шенді мәдени бағдарлама әзір­лен­генін де атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанның мәдениеттегі мәртебесін көтеріп тұрған саланың бірі кино десек артық болмас. Басқосу барысында Министр бұл тақырыпты да айналып өтпеді. «Отандық кинематографияның одан әрі дамуы үшін биыл еліміз­де киноөндірісін дамыту тұжы­рым­дамасы жасалады. Соны­мен қатар, кино туралы бөлек заң әзірлеу мәселесі де қарасты­ры­луда, өйткені, «Мәдениет туралы» Заңда ұлттық киноөндірісті қолдауға байланысты барлық аспектілерді толыққанды қарас­тыру, саланың ұзақмерзімді да­муының басымдықтарын анық­тау мүмкін емес», – деп сөзін жалғастырды министр. Бұдан бөлек, есеп беру аясында отандық спорт және дене шынықтырудың даму болашағы, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына дайындық барысы да баяндалды. Сонымен қатар, «Тілдерді да­мыту бөлімі қоғамдық-саяси жұ­­мыс саласында министрлік алға қой­ған барлық міндеттерді бел­сен­ді іске асыруда», – деді министр.­ Ол 2015 жылы мемлекеттік органдар, кітапханалар, тілдерді дамыту және білім беру жөнін­дегі аймақтық мекемелер бойын­ша таратылған 6 сөздік, ба­ла­лар әдебиетінің 10 түрі, 11 оқу-әдіс­темелік құралдар шыға­рылған­дығын қоса айтты. Бала­лар­­дың сөйлеу қабілеттерін дамы­ту барысында 15 томнан тұратын аудио­кітаптар жинағы, 50 бөлім­ді анимациялық фильм шыға­рылғанын мақтанышпен жеткізді. Татулық пен бейбіт өмірді бей­нелейтін Ислам дінінің келе­шегі де келелі кездесуде кеңінен қозғалды. Жиын соңында министр еліміз­дің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Мәдениет және спорт министрлігінің алдағы уақытта атқарар қызмет ауқымы үлкен екенін және жүктелген міндеттерді жұмыла көтеретіндіктерін алға тартты. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»