• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

«Аттандық сапарға, Көңілде мол үміт!»

336 рет
көрсетілді

Сарыағаштықтар солтүстік өңірлермен танысуға бет алды Оңтүстік – адам ресурсына бай. Бұл бір жағынан мақта­ныш болғанымен, екінші жағы­нан эконо­микалық қиындық туғызат­ын­дығын жасыруға болмайды. Республика бойынша ауыл шаруашылығынан тамаша жетіс­тікке жетіп, тек жылыжай саласындағы үлесі 87 пайыз межеге жеткен Оңтүстік Қазақстан облысында ірі агрошаруашылықтар саусақпен санарлықтай. Жер қорының аздығынан бір-екі гектар жері бар шаруалар қанша епті болғанымен, қысқа жібі күрмеуге келмей, Үкіметтен берілетін көмек­тер­ді ала алмай, күйініп жүреді. Есесіне Қазақстанның солтүстік облыстарында халық саны аз, жер қоры көп. Елбасы оңтүстікке келген сапарының бірінде келелі кеңесте жұмыс таппай жүрген оңтүс­тікқазақстандықтардың сол­түс­тікке қоныс аударып, жағдай­ларын түзеуге ақыл қосқан. Сырт дейтіндей емес, екі жақ та – қазақ жері. Ел ағалары мақұл көрген. Жақында Сарыағаш ауданына облыстық мәслихаттың хатшысы Хамит Айтөреев арнайы іссапармен барып, жұртшылыққа «Серпін» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жұмыстар жайында кеңес өткізді. Ел іші – алтын бесік. «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін, мемлекеттің келешегіне бір азаматы ретінде үлес қосып жүрген ақберендер көп. Соның бірі – белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков: «Солтүстікке қоныс аударатын жерлестерімнің көші-қон шығынын, техникасын өзім көтеремін. Солтүстік Қазақстан да өз жеріміз. Табиғаты қатал деп қорықпаңыздар», – деген. Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Парманов – көбік сөз, құрғақ уәденің емес, нағыз істің адамы. «Солтүстік аймақта табиғат қатқылдау болғанымен, жерінің құнар­лылығы өте жоғары. Біз бірге барамыз. Ол жақтың тұрмыс жа­ғ­дайы­­мен танысамыз. Аудан әкім­дері­­мен сөйлесіп, қандай жерлерді бере­тіндерін байқаймыз. Көшіріп тастап, іс сонымен бітпейді. Біз әрдайым байланыста боламыз», – деді ол. Осылайша, жұмыс тобы құрылған. Ел ағаларының уәжіне тоқтаған, тұрмыс жағдайын түзеуге бекінген керуен, 40 адамнан тұратын топ  солтүстікке аттанды. Бұл алғаш­қы сапар емес. Бұрынырақ барған­дар бүгінде бақуатты отбасыларға айналғанын осындағы ағайындар біледі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»