• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Теледидар дидары қандай?

642 рет
көрсетілді

Бүгінде кез келген қа­­ланың әр­бір тұрғыны дер­лік «ка­бель­ді теледидар» деп ата­ла­тын теле­ди­дар­ларды тамашалайды. Тура мағынасында айтар болсақ, ол ақылы теледидар дегенді білдіреді. Олай болатын себебі, телехабарлар таратудың бұл түрі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сапалы болуы тиіс. Әйтеуір, осы бизнесті кәсіп қылған компаниялардың үйлеріңізге кабельді теледидар тартыңыздар деп халықты үгіттеген кезде солай деп илан­дырғандары рас. Бірақ, бір қы­зығы, іс жүзінде ахуал дәл олар мақтағандай болып шыға қойған жоқ. Айталық, теледидар қарап отырған кезіңізде белгілі бір ар­надағы бейнекөріністердің не бір орында тұрмай, селкілдеп кететін немесе керісінше, қимыл­сыз қатып қалатын кездері жиі орын алып тұрады. Ондайда экранда «нет сигнала» деген жазу шыға келеді. Сонда біз ақысын төлеп қойған ол «сигналды» кімдер «ұр­лап» алып кетеді? Қазақстандық теле­арналар­дың өздері жасаған қызғылықты хабарларының аз болуынан, эфир уақытын толтыру үшін ертеден қара кешке дейін шетелдердің жақсы деуге келе бермейтін фильм­дерін көрсететіндігі туралы бұрын да, бүгінде де айтылып жүр. Ал енді бір арналар әншілердің, композиторлар мен күйшілердің өткізген шығармашылық кештерін дүркін-дүркін қайталап көрсетуді дағдыға айналдырған. Бұл да көрермен мүддесі үшін емес, эфир уақытын толтыру үшін жасалған амал. Тағы бір телеарналар бастан-аяқ бірыңғай жарнама көрсетуге көшіпті. Мәселен, «ТВ Азия» мен атауы түсініксіздеу тағы бір телеарна сақина, білезік, сырға, алқа сияқты әйелдердің әшекей бұйымдарын көрсетуден әрі аса алмайды. Айтқандай, сағаттап көрсететін «жұлдыз жорамалы» тағы бар. Осы орайда, бұл жерде әңгіменің түрлі телехабарлар мен кинофильмдердің арасында беріліп тұратын жарнамалар жөнінде емес екендігін де ескерте кеткен ләзім. Әңгіме бүкіл эфир уақытын тек жарнамаларға ғана арнайтын, басқа ештеңе көрсетпейтін телеарналар туралы болып отыр. Ал егер жаңағы жүріп жатқан хабарды үзіп тастап көрсететін жарнамаларға келсек, оларға да белгілі бір шектеу болуы тиіс. Мәселен, өркениетті елдерде жарнама беру үшін жүріп жатқан хабарды 30 секунд, әрі кетсе 1 минуттан артық уақытқа үзуге тыйым салынады екен. Баяғыда бір шал үйде бір қызым бар, ол бұдан да сорақы депті ғой. Сол айтқандай, жаңағы кісінің жүйкесін тоздыратын, адам баласына тигізер пайдасы жоқ, кіржуғыш ұнтақтар мен сусабындар сияқты кәкірбай-шүкірбайдан құралған жарнамалары біте бергенде көріпкелдер, яғни экстрасенстер шығады экранға небір қияли әңгімелерін ойқаста­тып. Айт­қандай, көріп­кел­дер туралы хабарлар бас­қа арналарда да бар. Олар «Экс­тра­сен­с­тер шай­қа­сы» деп аталады. Бұл қалай сонда? Ондай алдау мен арбаудан тұратын сәуегейлікке кім­дер зәру болып отыр екен біздің елімізде? Жеткіншек ұр­пақ үшін ондай хабарлардың та­нымдық, өнегелілік сипаты қандай? Әлде, оларды көр­се­­тушілер қазақстандықтар тек кө­ріпкелдердің айтқандарымен ғана өмір сүрулері керек деп ойлай ма? Ол аз десеңіз, «Иллизион» деп аталатын телеарна сөзжұмбақ жа­сыруды ойлап тауыпты. Тор көздердің ішіне кәдімгі әріптерді толтырады да, осы әріптерді пай­даланып бір сөз құрастырып шы­ғарыңдар дейді әлгі хабарды жүргізуші. Сонда сен 5 мың немесе 10 мың Ресей рублін ұтып алатын көрінесің. Сол сияқты, сіріңкенің талын қолдана отырып көрсететін тағы бір құпия жұмбақтары бар. Ол баяғы бала кезімізде ойнайтын ойын. Қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір цифрлар ретінде қойылған сіріңке талдарының біреуін өзгерту немесе мүлде алып тастау арқылы жасырылған есепті шығару керек. Сөйтсек мұндай хабарлардың арғы жағында кәдімгі алаяқтық, яғни халықты алдау амалы жатыр екен. Қалай дейсіздер ғой. Ол былай. Сіз телехабарды жүргізушінің сұрағына жауап беру үшін экранның төменгі жағында көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау шалуыңыз керек. Жауабыңыз дұрыс болса, ұтысқа шығасыз. Бірақ, одан ақша ұтады екенмін деп дә­меленбей-ақ қойыңыз. Өйткені, бәрі де әншейін көз алдау. Сіздің шалған қоңырауыңызға ешкім де жауап бермейді, оның орнына «күте тұрыңыз, желі бос емес» деген тәрізді сөзді естисіз. Ақша ұтамын деп үміттенген адам әрине, күтеді. Аңқау ағайындардың айлакерге жем болатыны да дәл осы тұс. Сіз телефон құлағын ұстап күтіп тұрған кезіңізде ол болса халықаралық байланыс тарифі бойынша сіздің ақшаңызды «жеп» жатады. Жаңағы ойынды ұйымдастырушыларға да керегі осы – көрерменнің ашық ауыздығын, сенгіштігін пайдаланып пайда табу. Кейбір телеарналардың бү­гінде халыққа көрсетіп отыр­ған сапалы қызметтерінің сиқы міне, осындай. Тіпті, кең танымал деген телеарналардың өзі бір көрсеткен хабарлары мен киноларын айлар бойына қайталап көрсетумен болады. Бұл да көрермен құқығына қиғаш келетін көріністер. Неге дейсіздер ғой? Мәселенің мә­ні­сі мынада. Кабельді теледидар дегеніміздің ақылы теледи­дар екенін жоғарыда айттық. Олай болса, «клиенттің айтқаны әркезде де дұрыс» деген нарықтың жазылмаған заңына сәйкес ақысын төлеген адамның дұрыс, өзі үшін де, отбасы үшін де пайдалы хабарларды талап етуге толық құқығы бар. Ал жаңа айтып кеткендей, ешқандай мән-мағынасы жоқ, одан қалды, өзімізді алдайтын немесе шексіз қайталана беретін телехабарлар үшін біз неліктен ақша төлеуіміз керек? Кабельді теледидар операторлары келісімшарт жасасқан кезде 69 арна көрсететін болады деп уәде еткен-ді. Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған себептерден жаңағы 69 арнаның 4-5-еуі көрермен көңілінен шықпайтын дүдәмал дүниелерге айналып, саны бар да, сапасы жоқ арналар болып тұр. Бұл жерде біз тіпті, кейбір жас­тар үшін қажет шығар деген оймен, таңның атысы, күннің батысы мәдениеттілікке жанаса қоймайтын клиптері бар, желөкпе музыка ойнап жататын «RU TV», «Музыка», «МТV» сияқты телеарналарды, «жұлдыз» деген аттары бар, шындығында әннен де, музыкадан да еш хабары жоқ жас жігіттер мен қыздардың сыңсыған дауыстарымен тал­ғамы жоғары көрерменнің нара­зылығын туғызып, телеэкран­нан түспейтіндіктері туралы ай­тып та жатқан жоқпыз. Әлгі ән­шісымақтардың таландарына қа­рай біздің ағайындардың да талабы мен талғамы онша жоғары емес. Сондықтан, олар теледидардан естілген «әлаулайлардың» бәрін шайнамастан «жұта» береді. Сондықтан ұсыныс та сұранысқа лайық. Жарайды, мәселе онда емес. Мәселе біздің ақысын төлей оты­­рып, теледидардан өз таң­да­ға­нымызды емес, қалта қамын ой­лаған пайдакүнемдер алдымызға тосқан түкке тұрғысыз бей­не­көріністерді қарауға мәжбүр болуымызда. Сонда дейміз ау, олар көрермендерді қашанға дейін басына бермекші?.. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»