Хромтау аудандық соты мен прокуратурасының қызметкерлері жақында жарқын қуанышка кенелді. Осы екі мекеме еңселі жаңа ғимаратқа орналасты. Нәтижесінде олар пайдаланып келген екі бірдей балалар мекемелері босады. Жаңа ғимаратқа қоныстану салтанатына арнайы келген облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың мәлімдеуінше, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту қолға алынған. Өткен жылы Алға аудандық соты жаңа ғимаратқа көшсе, биыл аудандық прокуратура да сайлы да жайлы мекен-жайға қол жеткізіп отыр екен.
Ғимаратты салуға облыстық бюджеттен 151 454,0 мың теңге бөлінген. Құрылысты «Санжар» ЖШС айналдырған алты айдың ішінде аяқтапты. Жалпы алаңы 1295 шаршы метр ғимарат жылу, желдету, су, кәріз, электр жүйелерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, байланыс және өрт сөндіру желілері орнатылған.
Ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Жоғарғы Сот судьясы Жолымбет Бәйішев пен Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, мұндай ғимарат елімізде әзірге некен-саяқ көрінеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.