• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Құралайдың салқыны

1554 рет
көрсетілді

Халқымыз әр жылдағы мамырдың 20-25 жұлдызы аралығын осы шағын хабардың тақырыбына шығарып отырғанымыздай киік лағын өргізетін кез деп санайды. Әрине, бұл халықтық күнтіз­бенің дәлдігі мен нақтылығына әрі ақи­қаттығына ешкім күмән келтіре алмайды. Осы тұрғыда «дала аруының» қазіргі жай-күйі жө­нінде бірер ауыз сөз қозғағанды жөн көрдік. Атап айтқанда, бұл ақбөкендердің Ақжайық айма­ғындағы бүгінгі санына байланысты, яғни әр жыл сайын сәуір айының соңғы апталарының бірінде республиканың барлық өңірлерінде киіктердің нақты санын есептеу үрдісі енгізілген. Бұл аса жауапты іс-шара әуе санағы деп аталады. Яғни киік­тер санағы қазіргі кезде жерде емес көкте тікұшақтың көмегі арқылы жүргізіледі. Мұны атқа­ратындар – «Қазақстан биоалуан түрлілігін сақтау қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ғалымдары мен «Охотзоопром» арнайы кәсіпорны және облыстардағы орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары екенін де айта кет­кеннің артықшылығы жоқ. Батыс Қазақстан облысындағы аталған инспекцияның бөлім басшысы Талғат Ілиясовтың айтуынша, Ақжайық алабы аумағында бүгінде 51 мыңнан астам ақбө­кен бар. Алдағы кезде киіктердің саны қан­ша бол­мақ? Жер­гілікті ғалымдар мен ма­мандардың тұжы­рымдауынша биыл Орал өңірінде дала еркелерінің белгілі бір мөлшердегі өсімі күтілмек. Ал осы әуе сана­ғының нәтижесі қашан әзір болады деген сауалға келсек, жетекші мамандардың айтуынша, бұл кез тұтастай республика бойынша жаздың соңғы айына сәйкес келеді. Соған дейін барлық есептеу­лер мен түсірілімдер өңдел­мек. Қазір ел аумағындағы ақбө­кендер тұтастай төлдеп болды. Бүгінгі күннен бастап дала арулары лақтарын өргізе бастады дейді мамандар. Киіктің лағын құралай дейді. Ақбөкендер лақтаған кезді халқымыз құралайдың салқыны деп атайды. Өйткені, салқындық ақбөкендердің төлдеуі үшін өте қолайлы жағдай екен. Қайран табиғаттың жаратылысы-ай де­сеңші. Сол салқындық бұған дейін даламыздың әр қиырында болды да. Енді сірә күн ыситын шығар. Өйт­кені, синоптиктер алдағы күн­дері ауаның температурасы 30 гра­дустың үстіне шығады деп отыр. Даламыздың сәні, әлбетте, киіктер. Ендеше, оның саны көбейе түскеніне не жетсін? Осындайда ақбөкендерді аялайық, киелі жануарлар санатындағы сахараның ботакөздеріне мылтық көздемейік дегіміз келеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы