Қазақстан құрамасынан жартылай финалға шықты
Астанада бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында кеше Қазақстан құрамасынан алты спортшы жартылай финалға шықты.
Ширек финалда Назым Қызайбай (48 кг) үнді қызы Саржубала Шамжетсабамды, Жайна Шекербекова (51 кг) германиялық Азиза Ниманиді, Дина Жоламан (54 кг) жапон Ая Шинмотоны жеңсе, Айман Қожабекова (57 кг) Қытай боксшысы Мейлин Гаоны, Валентина Хальзова (69 кг) ирландиялық Грэйнни Уолшты, Ләззат Күнгейбаева (-81 кг) үндістандық Симой Поонианы тізе бүктірді. Жекпе-жектерде отандастарымыз қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Әсіресе, Хальзованың айқасы қызықты өтті. Кездесуде Валентина Уолшты техникалық нокаутқа жіберді.
Ширек финалда Зарина Цолоеваның (64 кг) жолы болмады. Ол чемпионатты жақсы бастағанымен, осы кезеңде қарсыласынан айласын асыра алмады. Соның алдында Римма Волосенко
(60 кг) мен Юлдуз Маматкулова (-81 кг) жарыс жолынан шығып қалған болатын. Қазақстан құрамасында жартылай финалға шыққандардың барлығының алтын медаль алуға мүмкіндігі бар. Әсіресе, чемпиондық атаққа Назым Қызайбайдың үміті мол. Бұл қызымыз – 2014 жылғы әлем чемпионы. Содан кейін ол 51 килоға дейінгі салмаққа ауысып, біраз уақыт көлеңкеде қалып қойған еді. Әлем чемпионаты алдында Назым салмақ қуып, 48 килоға қайта ауысты. Осы салмақта Қызайбай жарыс басталысымен, қарсыластарын аса қиналмай жеңіп келеді.
Кеше кешкісін Виолетта Князева (75 кг) шаршы алаңға шықты.
Астанада өтіп жатқан әлем чемпионаты елімізде алғаш рет өткізіліп жатыр. Бұл додада боксшылар Олимпия ойындарына лицензияны сарапқа салады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»