• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Алға ұмтылған аудан

496 рет
көрсетілді

Әкім есеп берді. Ел не деді?

Қорғалжын аудандық мәслихатының сессиясында аудан әкімі Сұлтан Қасеновтің есебі тыңдалды. Мәдениет үйіне көптеп жиналған тұрғындар баяндаманы белсенділікпен талқылап, толғақты мәселелерге тоқталды. Мінберге көтерілген шешендер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы атқарылған жұмыстарға сыни тұрғыда қарап, қабылданған қаулы өзекті ұсыныстармен толықтырылды. Залда менімен қатар отырған, күні кешеге дейін аудандық қазынашылық басқармасын басқарып, жыл басында зейнеткерлікке шыққан Рамазан Даңғылов ауданда атқарылған істерге қанық болып шықты. Жиналыстан кейін ол кісімен арнайы әңгімелескенді жөн көрдік. – Рамазан Ысқақұлы, биылғы есептің ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз. Жал­пы, осы шараның қандай артық­шы­лық­та­ры бар? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстан халқына дәстүрлі Жолдауы жа­рия­ланды. Баршамыз әкімдік мәжіліс­ха­на­сын­дағы теледидарды тамашалап, Прези­дент­тің салиқалы сөздерін, болашаққа негізделген тапсырмаларын құлшына тыңдадық. Әкім есебі толықтай былтырғы Жолдау міндеттерін орындаудан өзек алғаны көңілге қо­нымды шықты. Өзім насихаттық топтың жетекшісі ретінде былтыр 81 кездесу, 32 ақ­па­раттық сағат, 32 дәріс, 5 дөңгелек үстел өт­кізіп, оған 8124 адам қатысқанын жақсы білемін. Ау­данның ірі мекемелері 13 билборд қойды. Мұны айрықша айтып отыр­ға­ным­ның себебі, маңызды құжаттың жыл ішіндегі тіршілігімізге тірек болғандығына екпін түсіру. Біздің жерлестеріміз Елбасы алға қойған талаптарды басшылыққа алумен қатар, өзі авторы са­налатын тағдыр­шеш­ті бағдарламаларды жү­зеге асыруды абырой санайды. – Өткен жылғы есептік кездесулерде қандай мәселелерге назар аударылып еді және олардың орындалуы қанағат­тан­ды­ра алды ма? – Президент барлық деңгейдегі әкім­дердің халық алдындағы есебін тыңдауды міндеттеуі әкімдердің ғана емес, жалпы жұрт­­шылықтың жауапкершілігін көтереді. Аудан әкімі Сұлтан Қасенов қол жеткен табыстарды көпшіліктің еңбегімен, мақсат бірлігімен байланыстыруы әбден орынды. Ал жоспар, міндеттер күрделі. Ауыл шаруа­шылығындық өңір 656 527 гектар жерді бап­тай білді. Жыл ішінде комбайн паркі 25 пайызға, тракторлар саны 6 пайызға өске­німен, бұл тым аз. Яғни, аудандағы 70 ша­руа­шылық құрылымының қаржылық қуаты әлі де талап деңгейінен төмен деген сөз. Шаруа қожалықтарына 195,8 мың гектар жер телімі жалға берілгенімен, өнімділіктің көңіл көн­шітпейтіні сыналуын дұрыс деп санай­мын. Негізінен, былтыр арнайы есепке алын­ған 37 ескертпе, ұсыныстың назардан тыс қалғаны жоқ. Олардың басым көпшілігінің жедел шешімін тапқаны әкімдік аппаратының іскерлік қабілетін айқындайды. Бір ғана мы­сал айтайын. «Жол картасының» шарапа­тын көріп жатырмыз, 7 ауылға көптен күткен са­палы ауыз су келді. Ал, қанағат мәселесіне тұжырымды жауап қайтару қиын. Ұғымды тікелей қабылдау то­қырау туғызады. Бірақ, Светлана Жал­ма­ғам­бетова, Серік Аяғанов сияқты сенатор­лар­дың, облыстық мәслихат хатшысы Өмірсерік Мұ­сабаевтың Елбасы Жолдауынан кейін іле-шала біздің әкімнің есепті жиналысына әдейі келіп қатысуы жайдан-жай емес шығар... – Бұл үлкен мерей екендігі даусыз. Сонда да тындырылған қандай істерді алға тартар едіңіз? – Былтыр индустриялық-инновациялық үде­мелі жобамен Сабынды ауылында құны 1 миллиард теңгелік заманалық ет комбинаты іске қо­сылды. Қазір мұнда 165 тонна ет өн­дірілді. Өткен жылы Қарағанды облысынан – 348, Шығыс Қа­зақстан облысынан – 742, Павлодар облысынан – 58, өз облысымыздан 725 бас мал қабылдануы комбинат иесі «Астана-Агро Продукт» серік­тес­тігінің келешегі кемелдігінен дерек береді. «Балтабеков және К», «Ақ құлын», «Берекелі 2030», «Алтынай» серіктестіктері асыл тұқымды мал өсіруге мамандандырылған. Ау­дан­дағы 8 ауылдық округте жоғары білімді мал дәрігерлері жұмыс істеп жатқандығы бұл бағытта тиісті қайтарым болатындығына сендіреді. Өнеркәсіп саласы, баяндамадан есті­ге­ні­ңіздей, өсіммен жұмыс істеуде. Шағын кәсіп­керлікпен 860 адам айналысуда. Олар салық түсімін былтырғыдан 141 пайызға көбейтіп, 43,5 миллион теңгеге жеткізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 22 адамға мал сатып алу үшін 12,3 миллион теңге несие бөлінгені жұртшылыққа желпініс әкелетіні сөзсіз. – Қазақы қалпымыз қаймақтай ұйы­ған Қорғалжынның мәдени-әлеу­меттік мәселелері баршамызды толғандырады. Осы тараптан не айтар едіңіз? – Былтыр жарыққа шығып, төрімізден орын алған «Қазақстанның таңдаулы аза­маттары» энциклопедиясына ауданы­мыздың 16 азаматы еніп отыр. Бұл алақай қуаныш қой. Оның үстіне Мәриям Жагорқызы дос­тық пен ынтымақтың мәңгілік жаршысы емес пе? Жаңа мәдениет саласына бөлінетін қаржының жыл санап өсіп отырғандығы айтылды. Біздің аудандық мәдениет үйінде ғана 4 халықтық шығармашылық ұжым жұмыс істейді. «Дударай» фольклорлық ансамблі 2009 жылы Түркияда, 2010 жылы Оңтүстік Кореяда өнер көрсетсе, биыл Фран­ция­дан шақыру алып отыр. Ауданы­мыз­да, міне, он жыл қатарынан ана өлімі тіркелмесе, былтыр 151 нәресте дүниеге келді. Елімізде той көп. Әйткенмен, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алушылар саны азаймай отырғандығы алаңдатады. Аудан әкімі мұны бірінші кезектегі мәселе ретінде қадап айтқаны ұнады. – Әкімге сілтеме жасап отырсыз ғой. Адами тұрғыдан алып қарағанда, әкімге, нақтырақ айтсақ, оның қызметіне кө­ңі­ліңіз тола ма? – Мәслихат депутаттары аудан әкімі Сұл­тан Қасеновтің есепті кезеңдегі жұ­мы­сына қанағаттанарлық баға берді. Мандатым болса, мен де сол бағаны берер едім. – Бәрі ел үшін ғой. Салмақ сал­ғанымызға түсіністікпен қараға­ны­ңызға рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.