«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері Батыс Қазақстан облысының зиялы қауымымен және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды.
Талқылауға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Парламент депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық ұйымдардың, өңірдің заңгерлік және сарапшылық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Қатысушылар Ата заңды жаңарту қоғамның заманауи сұраныстарына сай болуға тиіс екенін атап өтті. Оның ішінде құқықтық кепілдіктерді нығайту, азаматтардың басқару ісіне қатысуын кеңейту, цифрлық дәуір жағдайында адамды қорғау мәселелері бар.
– Біріншіден, жаңа Конституцияның басты өзегі – азаматтың мүддесі мен елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы. Бұл құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны, билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа сапасы айқын көрініс тапқан. Жаңа преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде көрсетілді. Яғни мемлекет адамның мүддесін қорғауды өз қызметінің басты мәні ретінде айқындап, биліктің бар тетігі азамат игілігіне жұмыс істеуге тиіс деген қағида Ата заңның өзегіне айналып отыр. Конституция кіріспесінде ұлттық болмыс, тарихи сабақтастық және мемлекеттіліктің терең тамыры нақты көрсетілген, – деді вице-премьер.
Аида Балаева «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаттары және табиғатқа жауапкершілікпен қарау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілетінін атап өтті. Сонымен қатар Ата заңда ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі мен эмиссия құқығының тек Қазақстанға тиесілі екені конституциялық деңгейде көрініс тапқанын сөз етті.
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздің отыз жыл бойы қалыптасу жолынан өтіп, бүгінде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырғанын тілге тиек етті. Ал мәжілісмен Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасы қоғамның ел басқарудағы рөлін күшейтіп, азаматтардың тікелей қатысу тетіктерін бекітетінін айтты. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңашылдықтардың қатарында вице-президент институтын қайтару, бір палаталы Парламент – Құрылтай құру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатын қоғамдық диалогтің жаңа институтын енгізу бар екенін жеткізді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ұсынылып отырған реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген саяси жүйені жаңғыртуды көздейтінін еске салды.
Сапар барысында Жалпыұлттық коалиция мүшелері Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде креативті және белсенді жастармен жүздесті. Кездесуде жоба нормаларының басым бөлігі дәл бүгінгі жастарға арналғаны ерекше атап өтілді. Аида Балаева жаңа Конституция білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуге бағытталғанын айтты.
– Президент елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін ғылымды, технологияны және білімді ілгерілету арқылы қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Өйткені шынайы табысты мемлекет – бұл интеллектуалдық әлеуеті мықты, мәдениеті жоғары, жаңаша ойлайтын ұлт. Бұл үдерісте сіздердің рөлдеріңіз аса маңызды. Сондықтан конституциялық бастамаларда ғылым мен білімге қатысты негізгі қағидаттардың – ғылыми шығармашылық еркіндігінің, ғалым мәртебесінің, білімнің адам мен азаматтың ажырамас құқығы ретінде танылуының бекітілуі стратегиялық мәнге ие, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Аида Балаева Конституция жобасында алғаш рет цифрлық қауіпсіздікке, дербес деректерді қорғауға және интернет-алаяқтыққа қарсы нормалар бекітілгенін тілге тиек етті.
– Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де көрініс тапты. Бұл норманы Ата заң деңгейінде бекіту – креативті индустрияны дербес әрі экономикалық маңызы бар сала ретінде қарастырудың айқын дәлелі. Өнер, ғылым, цифрлық технологиялар, дизайн, медиа және мәдени контент саласында қызмет ететін жастар үшін бұл құқықтық кепілдіктердің күшейгенін білдіреді, – деді А.Балаева.
Жиында «Ассамблея жастары» жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Залина Алиева да сөз сөйледі. Ол жастардың балалармен атқарылатын жобаларын, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамалары туралы айтып, референдумға қатысты жастардың ұстанымын жеткізді.
Одан кейін делегация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен бас қосты. Жиында Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасы еліміздің білім беруді дамыту және адам капиталының рөлін арттыру бағытындағы стратегиялық бағдарын көрсететінін жеткізді.
– Қазір әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізген мемлекеттер ең алдымен білім беру жүйесіне инвестиция салып, ғылыми-зерттеу қызметін қолдауға басымдық берген. Себебі жоғары технологиялық өндірістер, цифрлық экономика және креативті индустрия дәл осы адам капиталының сапасына негізделеді. Ғылым мен инновацияны дамыту – экономиканы әртараптандырудың басты тетіктерінің бірі. Бұл жаңа өндірістерді қалыптастыруға, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше көңіл бөлінуі – Қазақстанның білімге негізделген экономика құруға бағытталған стратегиялық таңдауының айқын көрінісі деп білемін, – деді А.Балаева.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары жаңа Конституция жобасында елдің болашағын айқындайтын адам, оның білімі, құзыреттілігі, әлеуеті даму моделінің ортасына қойылатындығын және осы бағытта елдің дамуының жаңа кезеңіне өтудің заңды негіздері қарастырылғанын атап өтті.
– Жаңа Конституция жобасының 3-бабының 2-тармағында: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп нақты көрсетілген. Бұл норма ендігі жерде білім беру жүйесін дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау және инновациялық бастамаларды ілгерілету тек әлеуметтік саясаттың бір бағыты ғана емес, ұлттық дамудың негізгі стратегиялық басымдығына айналатынын білдіреді. Яғни мемлекет болашағы ең алдымен азаматтардың зияткерлік әлеуетіне, кәсіби даярлығына және шығармашылық мүмкіндіктеріне тәуелді болады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Кездесу барысында студенттер тарапынан білімді насихаттауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған экологиялық және ағартушылық жобалар сияқты бастамалар көтерілді.
Сонымен қатар осы күні Батыс Қазақстан машина жасау зауытының цехында кездесу өтті.
– Еңбек адамы үшін Конституцияның мәні – абстрактілі ұғым емес, нақты әлеуметтік кепілдіктер жүйесі. Жаңа Ата заң жобасында әрбір адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына ие болу құқығы, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз еңбегі үшін лайықты ақы алу құқығы нақты бекітіліп отыр. Бұл өте маңызды кепілдіктер Конституция жобасының 27-бабының 2-тармағында нақты көрсетілген. Өйткені еңбек адамына деген құрмет ұран деңгейінде қалып қоймай, құқықтық қағидаттармен қамтамасыз етілген нақты нормаға айналуға тиіс. Бұл норма – өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін мемлекет деңгейінде қорғауға бағытталған маңызды құқықтық негіз. Сонымен қатар Жаңа Ата заңда Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде еңбексүйгіштік ұғымының енгізілуі де айрықша мәнге ие. Бұл – адал еңбек қоғам дамуының басты қозғаушы күші ретінде танылатынын білдіреді. Яғни мемлекет дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі – еңбек адамы, оның біліктілігі, кәсібилігі мен әлеуметтік қорғалуы, – деді А.Балаева.
Жиында еңбек ұжымы өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, Конституцияда азаматтар үшін нақты кепілдіктердің және еңбек адамына әділ көзқарастың маңызына тоқталды.
Оралдағы «Uniserv Medical Center» ұйымы қызметкерлері де Жалпыұлттық коалиция өкілдерімен жүздесті. Әңгімелесу барысында Аида Балаева денсаулық сақтау саласының Конституциядағы маңызына ерекше тоқталды.
– Денсаулық сақтау саласы мемлекеттің әлеуметтік моделінде маңызды орын алады. Конституция преамбуласында және бірінші бабында Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде сипатталады, оның жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Денсаулық сақтау қоғамның тірегі әрі халықтың әл-ауқатының кепілі. Сала жұмысының сапасы демографиялық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ экономикалық дамуға елеулі әсер етеді. Қоғамдық талқылауда кейде әлеуметтік саладағы мемлекеттік міндеттемелер қысқарады деген жаңсақ пікірлер айтылып жатады. Алайда Конституция жобасында мұндай мазмұн жоқ. Керісінше, онда азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіп пен көлемде өздері төлемейтін медициналық көмекті алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда ақылы медициналық қызмет алу мүмкіндігі сақталады, – деді А.Балаева.
Жиын соңында медициналық қызметкерлер сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар денсаулық сақтау жүйесі үшін тұрақты ережелер, пациенттердің сенімі мен әлеуметтік кепілдіктерді сапалы іске асырудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ олар Ата заңды уақыт талабына сай жаңартуды қолдады.