• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Құдайы көрші

2446 рет
көрсетілді

Кейде айналамыздағы көп нәрсеге мән беріп, зейін сала қоймайтындығымыздан опық жейтініміз рас. Өкінішке қарай, қайырымдылықтың орнына қатыгездікті, адалдықтың орнына айлакерлік мен алаяқтықты, достықтың орнына дөрекілікті, бауырмалдықтың орнына жеке бастың қамын жеушілікті, елгезектіктің орнына есепке құрылған екіжүзділікті көргенде, халқымыздың байырғы салт-дәстүрінен, ұлттық тамырынан алыстап, асыл қасиеттеріміздің бүгінде көзден бұлбұл ұшып бара жатқанын мойындамасқа лажың қалмайды... Мәселен, адамды қасақана елемеу, ескермеу, көзге ілмеу, бір қарағанда, соншалық бір әңгімеге арқау ететіндей маңызды нәрсе болып көрінбеуі мүмкін, ал бірақ екінші жағынан ойлап қарасаңыз, кісінің түбіне жетуге осының бір өзі-ақ жетіп жатыр. Жаһанданумен жағаласатын себебіміз сондықтан... Қалада екінің бірі өзімен көрші тұратын қоңсы-қолаңының түр-түсін, аты-жөнін толық біледі деп айта алмайсыз. Темір есіктерден адам түгілі, жел өтпестей. «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген қағидасы бар кешегі қазақтың бейнесі бүгін басқаша өзгеруіне заманы, қоғамы кінәлі деушілер табылар, алайда әсіресақтық пен өзімшілдік, оңаша оқшаулану мен жүрекке барар жолдағы «қорғаныс бекінісін» қатайту түбі адами қарым-қатынастағы киелі ізгі дәстүрлерді түбімен жұтып жіберетінін әсте естен шығармаған абзал. Сол себептен де біз халқымыз қашаннан құрметтеп, қадір тұтқан, ұлт мәдениеті мен ұрпақ тәрбиесінің үлгілері ұялаған – көршілік татулық пен қоңсылық парыз туралы әңгімеге ерекше тоқталуды жөн деп таптық. ...Сонымен, қоңсы-қолаңыңыз қандай адамдар? Араларынан қыл өтпестей тату-тәтті көршілер бар ма өзі? Көршіңізді әлденеге ренжітіп, көңіліне қаяу түсіріп алған жоқсыз ба? ...Қысқасы, ортаға салсақ, ойы мен ойпаңы көп дүние екен бұл шіркініңіз. Ислам иірімі Балалықтың балдай тәтті шырынын мелдектете құйып, алаңсыз да армансыз, әке-шешенің алдында құлдыраңдай еркелеп, адам баласының басына неше түрлі тірліктің тауқыметі түседі-ау деген сезіктің миыңа дәні себіле қоймаған қамсыз шақта әке-шешелеріміз: «Адамнан о дүниеге барғанда алдымен ата-анаңа қалай қарадың, екінші, ұстазыңды құрмет тұттың ба, үшіншіден, көршіңе не істедің, тату-тәтті тұрдың ба?» деген сұрақтар көлденеңнен тартылады, сондықтан ата-ананы ренжітпей, ұстаздарыңды барынша сыйлаңдар, көрші-қолаңмен тату-тәтті тұруды үйреніңдер, олардың шамасы жетпей жатқан жұмысына жүгіріп барып көмектесе салыңдар, сонда барлығының өтеуіне мәңгі бақи Алла тағала сендерді рахымына бөлейді», деген нақылдарын үзбейтін. Қарап отырсақ, осы қарапайым ғана үш қағидатпен-ақ жеткіншектің дұрыс адами келбетінің қалыптасуына үлкендер аса мән берген екен. Бір-бірімен көңілдері суыспай, қатар қонған көршілер бара-бара туыстай болып, тілегі де, тірлігі де бір болып біте қайнасып кетеді емес пе?! «Жаман көршің асыңды бағалар, жақсы көршің басыңды бағалар», дейтін қазақ баласы тіпті, «көршің үшін намазыңды бұз» деп те айтады. Көршінің үйіне келген мейманды іліп алып кетіп, қонақасы беріп, ер-азамат көршісі соғым соярда қолынан қасапшылық келмеген күнде соның басы-қасында болса, әйелдер жағы өз үйінің жұмысын ысырып тастап, сойылып жатқан малдың ішек-қарыны түскен замат білектерін түріп жіберіп, аязды күнге қарамастан жұмысты әп-сәтте бірлесіп атқарып шығатыны көрші хақысының жоғары екенін білгендіктің арқасы. Бала кезден ана сүтімен беріліп, әке-шешенің атқарған ісімен артындағы ұрпаққа ұласатын халықтық тәрбиеден қоңсы қонған шаңырақтың көршілік хақына қандай мән берілгені көрінеді. Ғасырлардың ұзақ-сонар көшінде атадан балаға ұласып, көршіні қадірлеудің сыры: «Туыс – атадан, көрші – Алладан», дейтін ұлттық ділде жатқандай. Сонымен, қазақ «құдайы көршім» деп қастерлейтін ұғым жайлы ислам дінінде не дейді? Осы ретте белгілі исламтанушы Ершат Ағыбайұлын сөзге тарттық. – Асыл дініміз исламда көрші хақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп өсиеттер айтылған. Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге, жанашыр достарыңа және жолаушыға... жақсылық жасаңдар», делінген. Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің төрт түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі, бірінші, туыстық, екінші, мұсылман бауыр ретінде, үшінші, көршілік хақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі хақысы, ал келесі бір көрші мұсылман емес, бірақ туыс көршіңіз, оның да екі хақысы болады. Төртінші, тек көршілік қана хақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік хақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші хақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды. Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Жанындағы көршісінің аш екенін біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес», – дейді (Әл-Баззар). Көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау парыз саналады. Тіпті, әлдебір шаруашылық жайыңызды, мысалы, монша, қора-қопсы салу болсын көршіңіздің келісімін алған жағдайда салу – мұсылмандық, ал егер көрші тарапынан оған қарсылық табылса, өз дегенім дұрыс деп белден басу жарамайды. Жалпы, қазақ халқының тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдеріне үңілсек те ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, халқымызда: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», деп шенейді. Ал  шари­ғатта мұсылман баласы қоңсысы кәпірдің баласы, тіпті, дінсіз жан болсын көршісімен тату болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің бөренесін тіреуіне тыйым салмасын», – деген. Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өзінің үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс. Хадисте көршіңді ата-ананы қадірлегендей құрметте деген бар. Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті, үйді, жерді сатар­да әуелі қабырғалас көршісімен ақыл­дасу­ға бұйырады. Бұны шариғатта «әш-шуфға» басымдық беру деп атайды. Яғни, егер сіз үйіңізді немесе басқа да жылжымайтын мүлкіңізді сататын болсаңыз, бірінші кезекте көршіңізге хабарлауыңыз керек. Өйткені, көршіңіздің ақысы басқаларға қарағанда басымырақ. Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыздың үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп жәбір көрсететін көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан, ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған, – дейді дінтанушы. Кесте, кептер және көңілден өшпейтін әсер Халқымызда: «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Жақсы болсаң көршіңмен, Кем қалмайсың еншіңнен», «Отты шұқысаң, өшеді, көршіні шұқысаң, көшеді», ал татарларда: «Көршіңе кілем сыйла, бір шетінде өзің отырасың», деген тәмсілдер бар. Осындайда, яғни көрші-қолаң жайында әңгіме қозғалғанда, марқұм анамыздың қазбауыр бұлттардың қиял қиянындағы балалық базарына алып ұша жөнелетін әсерлі естеліктері қандай ғажап еді деген ойға берілесің... ... Біздің бала күнімізде ауылға тілі де, діні де қазаққа ұқсамайтын бөтен ұлт өкілдерін мәжбүрлеп қоныстандырды. Үлкендердің әңгімесінен болжауымызша, молдаван отбасы болулары керек. Салқын саясаттың зардабы әлі толық жойыла қоймаған кез-тін. Кавказдан, Қырымнан, басқа да түрлі өңірлерден қаншама адамдардың еркінен тыс көшірілгені бізге тарихтан жақсы мәлім. Әлгі жаңа көршіміз кішкентай сәбиін сыртынан қамап, ал өздері таң алагеуімнен ымырт жабылғанша жұмыс істейтін. Ата-анасыз үйінде жалғыз өзі қалған бейшара сәбидің шырылдап жылаған үніне құлақ түрген біздердің мына сұмдыққа жанымыз түршігіп, тар бөлмеден тұншығып шыққан өксікті ести-ести өзіміз зорығатынбыз. Тағдыр-талайдың ащы демін ерте сезінген бейбақты жұбата алмай, терезеден ішке тесірейе үңілуден басқа амал табылмайтын. Балапанның үні әуелгіде денесін әлдене осып жібергендей тым ащы, зор өксікпен басталып, әлден уақыттан соң бірте-бірте баяулап, қиындыққа мойынсұнған титімдей жүректің көз жасы солқылдай дамыл табатын. Біздің төзімімізді беймәлім күш сырттан сынап тұрған тәрізді, сай сүйегіміз сырқырайды. Шат күлкі мен қуаныш базарына толы өміріміз әлгі сәбидің шырқыраған шыбын жанының жанында ертегі әлемімен тең еді. Шаттықтан гөрі жанарға жас үйіріліп, мұңға торыққан кездің есте көбірек сақталатыны несі екен осы?! Сәбиінің бақыты үшін ет жүрегі езілмейтін ата-ана бар ма? Қолдарынан басқа түк келмейтін болған­дықтан байғұстар не істейді енді. Отансыз келім­сектерді елеп-есіркеген ауыл адам­дары­ның сондағы мазасыз сәтін бала да болсақ ұмыт­пауы­мызға не себеп екен? Бәлкім, ауылдан алыс­­қа ұзап шықпаған біздердің сырттағы бей­мәлім тір­шілікті біліп, көрмекке құштар балаң сезі­мі­міздің әсерінен бе, әлде қиял-арман­ға тым бері­­ліп кеттік пе, әлгі кісілердің мұң­лы кескі­ні­не мүсіркей көз тігеміз. Сұрапыл соғыс­тың соң­ғы қасіретін шеккен осы тағдырлар ар­қы­лы біз де өмірдің күн мен түннен, жарық пен қа­раң­­ғылықтан, бейбітшілік пен қасіреттен құ­ра­ла­­ты­нын санаға сабақтай бастағандаймыз... Қашып-пысып жүрген бейшаралар қайбір жетіс­кен­нен боздатып баласын қамайды дейсің... Мына­дай сойқанға жаны шыдай алмаған анамыз бір­де көршінің үйіне өзі барып, бас сұғуына тура келді. – Айналайындар-ау, бейбақ баланы соншама шырылдатып суық бөлмеге қамап қойғанша, маған-ақ беріңдер. Өзіміз де шиеттей бала-шаға­лы үйміз. Қолы бостықтан, жұмысы жоқ­тықтан ай­тып отырғаным емес, үйдегі шаруа бастан асып жатыр. Бірақ, мына жағдайды көріп отырып, мұнан әрі қарай шыдауға төзімім таусылып бара­­ды. Сорлы сәбидің не кінәсі бар еді осыншама қорлықты бастан кешетіндей. Қазақта: «Көр­ші ақысы – Құдай хақысы», деген сөз бар, мы­­нан­­ша бала сыйған кеудеме бір түйір дәнге орын жоқ деймісіңдер. Әлгі сорасы тыйылмай жы­лай бе­ретін бала мынау ма, алып кеткелі келдім, – дейді. Мұндай тосын жайтты күтпеген ерлі-зайып­ты байғұстың зәре-құты қалмай, сәлден соң естерін жиып, тіл қатыпты: – Баламызды бағып-қаққаныңыз үшін төлейтін сізге дәнемеміз жоқ. Ақысына не сұрайсыз ? – деген қос мұңлық көздеріне жас алыпты. Анамыз сонда: «Сендердің үстеріңнен пайда көрейін деп келіп отыр дейсіңдер ме мені, түге. Маған бір тиындарыңның да қажеті жоқ. Ең алдымен, қарақтарым, баланың жағдайын ойлау керек емес пе? «Байтал түгіл бас қайғы» мына заманда бала-шағаның жағдайын ойлайтын шамаларыңның жоқ екенін әрине, көріп-біліп отырмын. Сондықтан, еш алаңсыз жұмыстарыңды істей беріңдер. Ал бірақ өз балаларымның аузына не тоссам, мынаған да соны беремін. Аштан қатырмаймын, отқа, суға түсірмеймін. Ботадай боздатпаймын», деп көршінің баласын аналық мейіріммен аялап, балапандай бағып-күтеді. Әлсін-әлсін уатып, ән салады. Әсем ән сәби жүрегіне махаббат ұялатып, биіктерге одан бетер самғатады... Бірде түн жарымында көршілер есік қағып тұр. «Беймезгіл уақытта мазаларыңызды алып жатқанымызға ғафу өтінеміз. Ауылдарыңыздан көшіп бара жатқанымызды билік адамдары білмейді. Тек өздеріңізге ғана айтып отырмыз. Өйткені, біз үшін туыстан артық адамсыздар. Сондықтан, әдейілеп қоштасып кеткелі келдік... Туысқанға жасайтын жақсылықтарыңызды аямағандарыңыз үшін қимайтынымыз тағы рас. Бірақ амал қанша, жатсақ-тұрсақ атамекеніміз, ішкен құдығымыз ойымыздан еш шығар емес. Бізді сіздерге сыймай кетіп барады демеңіздер, көкірегіміз өксікке толып, қимай кетіп барамыз. Бізге көрсеткен көмектеріңізді, дос көңіл­дері­ңізді ешқашан ұмытпаймыз. ...Ал, туғандар, қош болыңдар», деп аз күнде ағайынға айналған бейтаныс көршілердің егілген көз жасына біз де қосылып жылап, қимай қоштастық. Осылай деп тұрып, келіншек: «Сіздер сияқты мейірімді, қайырымды жандар көп болсын. Татулық пен бейбітшілік жер бетінде мәңгі үстемдік құра берсін деген оймен мына көгершіндерді өз қолыммен бедерлеген сүлгіні сіздерге тарту етуге рұқсат етіңіздер. Өздеріңізге деген сүйіспеншілігіміздің үлкен белгісі болсын, қабыл алыңыздар», деп қанатын жайған қос кептердің бейнесі кестеленген аппақ сүлгіні сыйға тартты. ... Бала күнгі тұнық бастаулар жадыңның жапырағына оралады. Аршын төс ақ кептер – анасын аңсап аңыраған сәбидің ақ таңдарға ілінген кірпігін еске түсіреді. Оған әлі күнге дейін үнсіз үңілесің... Кестелі орамал төргі бөлмедегі жастықтың бетіне әсемдік үшін жабылды. Бірде сағыныш, бірде қимас сезімге айналған бір кестенің қысқаша тарихы осы. Шын ниетпен сыйланған сол құнды сыйлық тозған жоқ. Жүрек жылуы қосылып тоқылғандықтан шығар... Көршілеріңді сағыну, іздеу, еске алу кісіге бір ғанибет екен-ау! Қоңсының қоқысы Салықбек ақсақалдың ақыл-кеңесін, өсиетін тыңдау бізге қайталап оқи бергің келетін қызық кітап сияқты өте бір ғанибетті сәт... Ағамыз Алматыдан елордаға атбасын тіреген сайын редакцияға арнайы бас сұғып тұрады. Жанға жайлы жаңалығымен бөлісерде дариядай тасып ала жөнелетін әдеті. Жақында жаңа пәтерге қоныс аударыпты. Қуанышында шек жоқ. – Таңертең ерте тұрған адамның ойы да, бойы да сергек болады, қарақтарым, сондықтан әрдайым ерте тұруға дағдыланыңдар, – деп өрбітті әңгімесін сексеннің сеңгіріндегі ақсақал. – Менің күнделікті жұмысым таңертең үйдегі қоқыс шелекті сыртқа шығарудан басталады. Жо-жоқ, бала-шағасы күн көрсетпей жүр екен мына кісіге деп ойлап қалмаңдар. Қарттық жеңіп, таяқтың көмегіне сүйеніп қалмау үшін солай істеймін. Денем соған әжептәуір сергіп қалады. Осыдан артық қандай спорт керек жасы үлкен адамға... Осы арқылы мен көршілеріме тағы бір қызық тәжірибе жүргізіп көрдім, – деп қария тың әңгіменің төбесін қылтитып, қызықтырып қойды. – Қандай тәжірибе ол? – дейміз әңгіме айта алудың өзін зор өнер санайтын қарияның ойын сабақтастырғымыз келіп. – Бұл тәжірибені әркім жасына қарамай қолдана берулеріне болады, – деп қуақыланды әңгіме иесі. – Көршілерімнен бастадым алғашқы тәжірибемді, – деді ол. – Жас отбасы болғандықтан көп нәрсеге үлгере алмай жата ма, әйтеуір күнде таңертең бір сөмке қоқыс әлгі көршімнің есігінің алдында буылып-түйіліп дайын тұрады. Өз үйімнің қоқысын төгерде әлгі көршіміздің қалдығын да білегіме іле кетіп жүрдім. Бір күн, екі күн, үш күн... санаған жоқпын, осы іс маған күнделікті әдетке айнала бастады. Ол сабаздар сыртқа шығарып қоюларынан танбайды, ал мен таңертең қоқысты тасуды тоқтатпаймын. Арада біраз күн өтті. Бірде олармен бетпе-бет жолығып қалдым. Ерлі-зайыпты жастар мені көргенде қатты сасып, не айтарларын білмей аңтарылды. Өмірлері жаңадан басталып келе жатқан жастар болғанмен, беттерінің ұяты бар екен. Жүздері қызарды. Хал-жағдайымды сұрап, өздерінің жұмыстан түннің бір уағында қайтатындықтарын айтты. Соған қарағанда, қолдары босай бермейтін көрінеді. Осы көмегіме шексіз ризашылықтарын жеткізіп, жақсылыққа қолдарынан келгенше жақсылық қайтарғысы келетіндіктерін білдіруде. Мен өзіме ешқандай көмектің керек емес екендігін, көршілеріме деген шынайы сыйластықтан, адамдарға аздап та болса қолғабысымды тигізу мақсатында істеп жүргенімді айттым. Бақытты отбасымыз дедім... Жалпы, неге осы адамдарға бір жақсылық жасай қалсаң, мұны міндетті түрде қайтарылуға тиісті қарыз деп ойлайды? Жақсылықты қарызға жасайтын болсаң, мұның онда несі жақсылық? Бір білетінім, айналасына шуақ шашып, көршілеріне әрдайым жақсылық, қуаныш сыйлап жүретін кісінің одан атақ-дәрежесі кеміп, абыройы түсіп қалады деп ойламаймын, қайта араларындағы сыйластық, құрмет сезімі нығаяды, – деп өнегелі ой өрнектеген қарияның әңгімесінен біз де өзімізше сыр түйгіміз келген... «Арғы дүниеде: «Көршіңмен дестің бе, ыстық нан жестің бе?» деп сұрайды екен. Әсіресе, қалалық жерлердегі көршілердің бірінің үйіне бірі бас сұқпайтыны рас. Жаныңыздағы көршіңіздің қиындығына бірге күйзеле алмау, қуанышын бірге бөлісіп, тойламау салдарынан, көшеде кездесе қалған жағдайда бас изеуден арыға аспайтын міз бақпас қалыптан жүзіміздегі эмоция мен сезім жоғалуда... Қоңсының қоқысын төгіп жүрген Салықбек ақсақалдың мына өнегесі шынымен бізді терең ойға батырып кетті. Менің осы көршілерім кім еді...Аты-жөндерін неге есімде сақтап қала алмағанмын?  Берен дегенше, береке десейші ...Берен есімді әжемізді ауыл адамдарының әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүруінің сырына тағы бір мәрте үңіліп көруге тура келді. Жарықтық, табиғаты таза, өте бір қызық адам еді. Ол кісіге ешкім «ананы істе, мынаны істе» деп әдейілеп бір жұмысты жүктемегенмен, апамыз өзінен гөрі жұрттың қамын көбірек жейтін нағыз әулие жан болатын. Өрістен мал қайтатын уақыт таяп қалды-ау дей бастағаннан ол кісі өзінің негізгі шаруасын ат­қаруға кірісіп кетеді. Маңайда жайылып жүрген бұзау­ларды айдап әкеліп, ауылдастарының шар­ба­ғына кіргізетін. Мұндағысы өрістен оралған сауын сиырларды төлдері еміп, көршілерінің бала-шағасы ағарғансыз қалып қоймасын деген жанашырлығынан. Бұрынғының адамдарының бәрі неткен әулие деген ұғым негізі осы кісінің өмір өнегесі арқылы бала санамызға мықтап сіңіп кетсе керек. Онысына ол уақытта ешкім келемеж­деп күл­мейтін, ауылда көптің жағдайын ой­лай­тын сон­­дай бір адам жүруі керек сияқты, бұзау­ларды кеш­­кісін қораға Берен апа ғана әкеліп бай­лауға тиіс сияқты, ауыл тіршілігінің күнделікті көрі­нісі осы­­лай өрілуі заңды сияқты көрінетін. «Мынау менікі, мынау сенікі», деп ала қойды бөле қыр­қу­­ды білмей өткен жарықтық Берен апа есімі­нің көр­ші туралы әңгіме қозғалғанда алдымен ата­лып жатуының себебі содан. Көптің игілігі үшін ат­­қар­ған шаруасына ол ешқашан ақы сұрап көр­меп­ті. «Мен сендер­дің жұмыстарыңды тегін істеп жүр­­мін», деп міндет­сі­ніп, шаршы топта бәлсіне сөй­­­леу­­­ден мүлде ада жайсаң мінезді апамызды сол үшін де көпшілік қадірлеп, сый-құрмет көр­сету­ден сараң­дық танытқан жоқ. Әзіз апаның өне­гелі өмірін кейінгі жастарға аңыз ғып жырлап, ел­дің бірлігі мен ынтымағына қызмет еткізетін жақ­сы дәс­­түр­ге ай­налдырды. Берен көрші-қолаңның бере­ке­сін кір­гізіп отыратын белді ана атанды. «Береке, бір­ліктің иесі шіркін, Берен-ай!», деп алдыңғы толқын аға-апаларымыз тамсанып, табынатын ғажайып тағдыр жайында егер уақыт жетіп жатса, кейін жеке кітап етіп жазсақ та артық болмас еді-ау деп ойлаймын. Балаң санамызда сары майдай сақталған кіршіксіз, мөлдір бастаулар сол Берен секілді ірі тұлғалардың өнегесі емес пе екен деген ой тағы қылаң береді. Қазір көршінің бұзауын байламақ түгілі, біреудің қорасына баса-көктеп ешкім кірмейді. Көптің жұмысын ақысыз-пұлсыз атқарған адамды бүгінде есі ауысқан бейбаққа балайды, ақымақ санайды. Өйткені, қазір нарық заманы, атқарған жұмысына қарай әр адамға ақы төленуі керек деп есептейді жұрт. Тіпті, туған бауырлардың өзі бір-біріне ақысыз көмек қолын созбайтын деңгейге жеткеніміз тағы шындық. Берен апамызды еске алғаннан кейін өмірден озған кешегі көптеген жақсы адамдардың жарқын бейнесі еріксіз көз алдыңа келеді. Марқұм туған әке-шешеміздің өзі мейірімге шөлдеп келген жандарға жан жылуын аямай, қолдарынан келгенше қолдау көрсететін, мұңын шағып жылап-сықтаған пенделермен қосылып егілетін қайырымды, жұмсақ жандар еді. Біз де олардың «анаған мынадай жақсылық жасағанбыз, мынаған солай көмек беріп едік», деп ауылдастарына, көршілеріне өткен-кеткендерін есептеп, еске алып отырғанын ешқашан көрген емеспіз. Қазақы қалыпқа, адами қарым-қатынасқа негізделген қағидалар қабырғасы сөгілмейтін. Сол тағылымнан тарыдай із таба алмайтынымызға қазір қарадай қамығамыз. Берен апалардың кезіндегі береке қайда кеткен? Біреудің малы түгілі жанында ешкімнің жұмысы жоқ. Қазіргінің «қарияларынан» ақыл сұрасаң, ақша сұрайды. Ауылға барғанда Беренге ұқсас бейнелерді іздейсің. Сан түрлі тағдырлар кездеседі, өз шаруасына тастай мығым, жеке есебіне жүйрік жандар көп. Бірақ алдымен көршісінің, ауыл-аймағының жағдайына алаңдайтын Берен үлгісіндегі бейнелер жоқтың қасы. Берендер болмаған соң, береке қайдан болсын?! Есесіне көре алмаушылық, бәсекелестік, бақталастық, бақай есептік, балақтан тарту тәрізді жағымсыз қасиеттерге бой алдырған жетесіздік пен жігерсіздік үдеп бара жатқан жоқ па деген көңіл­де күдік күшейеді. Қоңсылармен арадағы сый­ластық туралы айтқанда, мал сойылса да, той-тома­лақ өт­кізсе де, тіпті, монша жақса да, алдымен көр­ші­лері­не сый-құрмет көрсетіп, өздерін соңына қоятын даланың дарқан пейілінің өзі түсінгенге өмірдің бір үлкен белесі, тәрбие мектебі екен-ау. Ең бастысы, сондай татулықты көріп өскен отбасындағы ұл мен қыз өнегелі тәлім алып өсетіні мәлім. Жақсы көршің туысыңдай жақын болып кететіні тағы бар. Заманның ерекшелігіне, дамуына қарай көршінің де түрі көбейді. Мысалы, ауылды жерлерде оң жағыңдағы, сол жағыңдағы көршілер, ұжымда кабинеттес көршілер, сауда нүктелеріндегі іргелес қоныс тепкен көршілер, көп қабатты үйлердегі бейтаныс, бірақ жиі кездесетін болғандықтан түрі таныс көршілер сияқты олар да саны мен сапасына қарай әрқалай бөлінеді. Бірін-бірі байқамағансып, амандаса қалса иегін ғана жыбырлатып, әзер басын изеп өтетін көршіге мысалы, қуанғаныңыз да, қуарғаныңыз да бәрібір. Керісінше, бір-бірін көрмесе тұра алмайтын, жақсылығына жадырап, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан бұрын көмекке келетін жанашыр да қимас көршілердің де бұл өмірдегі рөлі ерекше саналады. Ел аузындағы: «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық», деген нақыл сөз сондайда айтылған болса керек... Сыйластық сызығы ...Іргеңді ешқашан аудара алмайтын, сондықтан қазақша айтқанда «жақсысын асырып, жаманын жасырып», санаса отырып, өз мүддеңді де ұмытпай, мәңгілік қоян-қолтық күн кешетін көршіңді Құдай тағала шекарамен ғана бөліпті. Азияның апайтөсінде созыла түсіп, беймарал жат­қан қазақ даласының көршілермен арадағы жүргізілген сызығы 14 мың шақырымнан асады екен. Құдай басқа салмасын, жерге таласып, көрші­мен шеке қызғанша айтысып, соңы қару алып шыға­тын қан майданға алып келген тайталастар көнер­ген тарихты парақтасаң аз емес. Көнеден жет­кен әфсана ғұндар патшасы Мөде қағанның көрші­мен арадағы татулық үшін хас сұлу жарын, астын­да­ғ­ы жел жетпес атын беріп, олар үшінші талап – жер сұрағанда: «Ел болса болашақта қаншама ару да дү­ниеге келеді, сырты түк, іші боқ мал ішінен талай тұлпар да туады, ал ғұнның қай қатыны жер туып береді, жер береміз дегеннің бәрінің басын алың­дар, жер үшін соғысамыз», деп қайратын қаһар­лана ерттеп, мейманасы тасыған, әлсіз ел деп басын­ған тасыр жауды жерге қаратып жеңіп, жасытқанын айтады. Бағзының еншісінде, жылдар мен ғасырлардың қойнауына кетіп көнерген жылнамаларды жаңаламай-ақ, күні бүгінгі Палестина мен Израиль арасындағы жанжалдың қаншалықты тереңдеп кеткені бесенеден белгілі жайт. Көршімен тату болу, онымен бар-жоғыңмен бөлісіп, көз алартпайтын жайлы қоңсылық етудің салмағы жеке адамдар емес, тұтас мемлекеттер арасына келгенде салмағы зілдей ауыр, ал сақталған тыныштық пен тату көршілік аралас-құраластықтың берерін еш алтынға айырбастауға келмес сірә. «Өзіңе-өзің ие бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дейтін қазақ баласы. – XXI ғасырдағы көршілік мәселесі өзінің өркениеттік, құқықтық негізінде жүруі тиіс, – деп бастады бізбен әңгімесін, белгілі философ ғалым, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім. – Бірақ елдердің, оның басшыларының пиғылдары әртүрлі болып келетіні тарихтан белгілі. Соның салдары көрші жатқан елдердің халқына ауыртпалықтар алып келетіні бар. Бүгінгі күні шектес жатқан Украина мен Ресей арасындағы қиын жағдай көршілікті қасиеттемеудің ең бір кісәпір хәлі. Көрші отырған елмен достық қарым-қатынас жасаудан гөрі оны жаулап алып, өзіңе кіріптар, тіпті, қас етіп, жаулық ниетке итеру саясаттың ең құйтырқы, лас жері. Сол саясат жер бетінде өзектілігін өкінішке қарай, жоймай отыр. Көршіге көз алартып, жеріне қызығу, өзінің әлдебір аузы жеңіл әпербақандарына мына жерлер бізге тиесілі деп айтқызып қою сияқты жиіркенішті жайлардың бар екені де рас. Біз көршіміз, көршімен тату-тәтті тірлікке ұмтыламыз, бірақ көрші елдің саяси басшыларының пиғылдарының аяқ астынан өзгеріп қалулары мүмкін. Бір мысал, Ресей Федерациясы мен Украина ежелден ағайынды, бауырлас, ортақ тарихы, ұқсас тілі, ортақ діні бар елдер. Ал Донбастағы, Луганскідегі оқиғалар екі көрші елдің арасын өте қатты кикілжіңге соқтырды. Сонда қараңыз, қандас, бауырлас славян халықтары өзара мәмілеге келе алмай, оған Францияның президенті, Германияның канцлері, тағы да басқа елдердің басшылары араласуда. Егер орыстар мен украиндар арасында нағыз тату-тәтті көршілік қатынастар орнаған күнде, көршілік психология, идеология, дүниетаным орнағанда мұндай дүрдараздық болар ма еді? Енді бір жапсарлас жұрт Қытайдың көршілік саясатын біраз қарадық. Бұл мемлекет қарым-қатынас жолдарында жаулап алу емес, өзге тәсілдерді қолданады. Миграциялық саясат, бейбіт жолмен дендеп ену сынды өз қалыптары, өздеріне оңтайлы ұстамды саясаттары бар. Көршіміздің осы өздеріне жақсы, өте бір қолайлы саясатын бізге де дұрыстап зерттеп білген жөн. Сол кезде ол көршімізбен де арадағы қарым-қатынастың қай тұсынан қапы кетіп, қай тұсынан ұтып жатқанымызды бағамдаймыз, –дейді. «Апа, нельзя ұра береді» Жоғарыдағы бір әңгімемізде көршінің кішкентай баласын анамыздың қалай бағып-қаққанын айттық емес пе. Сонда бара-бара біздің үйді өз үйіндей көріп, еркінсіген әлгі бала, бойы үйреніп, ес жиғанда өзімізді ұрып-соға бастады. Анамыздың көршінің баласын ренжітуге болмайды деген қатты ескертуінен кейін оған тырнағымыздың ұшын тигізе алмаймыз. Әлгі бала да мейлінше бұзық-ақ, сондай сәтте анамыз әлсін-әлсін: «Нельзя», деп ақырын ғана айтып қоятын. Нельзяның қандай мағына білдіретінін қайдан білейік. Мұны сол баланың есімі деп ұғыппыз. Бір күні таяқ жеп жылап келдік: «Мама, анау нельзя бізді ұра береді», – дедік жамырап. Жымия күлген анам: «Нельзя – баланың аты емес, менің көршінің баласын ешқашан ренжітуге болмайды дегенім, бірақ сендердің одан таяқ жеулеріңе болады деген сөзім емес. Сондықтан, бөтенге еселеріңді жіберіп, жылап-сықтаған мына түрлеріңді құптамаймын, оны өздеріңе қол жұмсамайтындай ету ақыл-пайымдарыңа байланысты, бірге ойнаңдар, бірақ көп екенбіз деп, сендер әлімжеттік жасамаңдар, бәрің отырып, жалғыз баладан жабылып таяқ жегендерің тағы жарамайды», деген болатын. Анамыздың сол сөзі бізге өмірлік сабақ болды. Қиянат жасамайтын, туралықтан аттамайтын достықтың негізін қалауды, көршіге қиналғанда қол созып, көрші хақысын адалынан өтеуге үйретті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. «Егемен Қазақстан»