• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Бай елмен байланысты нығайтқан тиімді

414 рет
көрсетілді

Кеше СІМ-де Қазақстан Республикасының Катардағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Шоқыбаевтың журналистерге арналған брифингі болды. Онда елші Катар елі туралы толымды ақпараттар берумен қатар, Қазақстан мен Катар арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарға тоқталып өтті. Катар Парсы шығанағы аймағындағы ғана емес, әлемдегі жоғары дамыған елдердің бірі. Табиғи газ өндіруден және оның қоры жағынан әлемде үшінші орын алады. Сондай-ақ, мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдегі ең үлкен экспортерлерінің қатарына жатады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі жөнінен әлемде бірінші орын (100 мың долларға жуық) алады. Елдің осындай жетістіктері барын айта келіп, елші Катардың аса ірі экономикалық әріптестері кімдер екенін де атап өтті. Елде өндірілетін барлық мұнай өнімінің 54 пайызы Жапонияға тасымалданады екен. Одан кейінгі орындарда Сингапур, Оңтүстік Корея елдері тұр. Екі елдің де импортқа шығаратын тауарлары біркелкі болғандықтан, Катардың Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланысының көлемі шағын. 2015 жылы ол бар болғаны 463,5 мың АҚШ долларына тең болған. Катардың Астанаға бөлген грантына салынған «Нұр-Астана» мешіті екі елдің арасындағы жылы қарым-қатынастың символы секілді болып тұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Катарға 2015 жылғы ресми сапары барысында Астанада шейх Тамим атындағы мектеп салу үшін 13 млн. доллар бөлінетіндігі туралы келісім болған. Сонымен қатар, Катар тарапы Қазақстаннан қой етін, көкөністер мен жемістер және т.б. өнім түрлерін сатып алуға мүдделі екенін жеткізген. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»