ӨСКЕМЕН. 25 мамыр. Бүгін облыстың барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау мерекесі өтті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ақпараттық орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Салтанатты жиында алдағы дәстүрлі емтихандар мен ҰБТ сынағын тапсыратын мектеп бітіруші түлектерге ерекше назар аударылатыны белгілі.
Өскемен қаласындағы №43 мектепте оқу жылының қорытындысы шығарылып, үздік оқушылар марапатталды. Сонымен қатар, мерекелік концертпен жалғасқан жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мұғалімдердің адал еңбегіне ризашылығын білдірді.
«Сіздер үшін бүгін ерекше күн. Алда өмірдің жаңа кезеңі басталады. Әрқайсыларыңыз қоғамда лайықты орындарыңызды табады деген сенімдемін. ҰБТ сынағын ойдағыдай тапсырып, алға қойған жоспарларыңызды сәтімен жүзеге асыруларыңызға тілектеспін. Кездескен қиындықтар сіздерді шыңдай түссін, армандарыңызға жетуге жетелесін!» – деді Жақсылық Омар.
Биыл Шығыс өңірінде 5727 оқушы ҰБТ, ал 2446 оқушы дәстүрлі емтихан тапсырады. Денсаулығына байланысты 206 бітіруші емтиханнан босатылды. Ал «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 402 адамды құраса, үздік аттестатқа бітірушілер саны – 165.
Думан Анаш.
Дерек, фото: Шығыс Қазақстан облысы ақпараттық орталығы.