Кеше Астана қаласының №75 мектеп-гимназиясында мектеп бітіруші түлектердің қоштасу мерекесіне арналған «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты жиын өтті. Айта кетейік, аталған оқу ордасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 1 қыркүйекте ашқан болатын. Гимназияда оқуға ынтасы жоғары балалармен жұмыс істеуге бағытталған оқушылардың «Эрудит» ғылыми қоғамы жұмыс істейді.
Жиынға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, мектеп мұғалімдері мен бітіруші түлектер және бірінші сынып оқушылары қатысты.
Министр өз сөзінде: «Сіздер жаңа әлем – білім әлеміне қадам бастыңыздар. Бұл мүлдем басқа әлем. Меніңше, оны сіздер университеттің бірінші курсында сезіне бастайсыздар. Сіздер тереңдетілген білім алдыңыздар, енді ҰБТ-ны сәтті тапсыруларыңызға тілектеспін» дей келе, оларға еліміздегі және шетелдегі үздік ЖОО-ларға түсіп, болашақта ұлы ғалым, ұлы жазушы, білгір де білімді маман болуларына сәт сапар тіледі. «Біз және сүйікті мектептеріңіз сендерді мақтан ететін болайық», – деп түйіндеді сөзін Е.Сағадиев.
Содан соң мектеп-гимназия директоры Салтанат Тоғатаева түлектерді осынау қуанышты күнмен құттықтап, олардың мемлекетімізді гүлдендіруге өз үлестерін қосатын саналы азамат болуларына және гимназияның мәртебесін асқақтатып, биік белестерді бағындыруларына мектеп басшылығы атынан зор сенім білдірді.
Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндердің аға-әпкелеріне айтқан тәтті тақпақтары жиылған қауымның ыстық ықыласына ие болды. Мәселен, «Кемелденген маман боп,
Келіңіздер аман боп.
Мерейлі боп күніңіз,
Мектепке кеп тұрыңыз.
Содан соң соңғы қоңырау сыңғыры естілді. Дүйім жұрттың күткені де осы бір аяулы да қымбат сәт еді. Әуезді әнмен қосыла шыққан күміс қоңырау сыңғырын естіген кейбір замандастардың, көз алдына алтын ұя мектебі елестеп, естеріне балалық балдәурен шақтары түсті ме, көңілдері босады. Көкке қалықтаған қызылды-жасылды, алуан түсті шарлар әрбір оқушының ақ бантиктей алғаусыз ақ тілегін жеткізуге асыққандай еді.
Шара барысында тыныштық пен бейбітшілік символына айналған, бақыт құсы – ақ көгершіндер ұшырылып, жұртты мәре-сәре етті. Алдарынан қиын да қызықты өмір жолы күтіп тұрған мектеп бітіруші түлектердің бойынан өздеріне деген сенімді, кезіккен қиындықты қасқиып тұрып еңсере алатын қайсарлық пен өжеттікті аңғарғандай болдық. Өйткені, олар Тәуелсіз еліміздің ізгі қасиеттерін, рухани құндылықтарын бойларына сіңірген, өз Жері мен Елін қорғай алатын өр ұрпақтың өкілі емес пе?!
Қоштасарда алтын ұя мектебің,
Маңдайыңнан сипап өтер көкте күн.
«Сәт сапар!», деп қол бұлғаймыз бәріміз,
Тілейміз біз армандарға жеткенін! – деп біз де, арман қуған жастарға жақсы ниетімізді білдіріп, тарқастық.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»