Кеше Мәжілісте «ХХІ ғасырдағы Ұлы Жібек жолы: түркітілдес елдердің рөлі мен келешегі» атты парламенттік кездесу өтті. Маңызды шараға Парламент Мәжілісі, ТүркПА Хатшылығы, Халықаралық Түркі академиясы ұйытқы болды.
Жалпы, биыл ТүркПА-ға Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің басшылығымен Қазақстан тарабы төрағалық етуде. Сондықтан бұл жолғы кездесу осы төрағалықтың, сонымен қатар, елордамызда өтіп жатқан «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбында ІХ Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп отыр. Басты мақсат – Түркітілдес мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды талқылау, интеграция мәселелерін қарастыру.
Шараның алғы сөзінде түркітілдес мемлекеттер арасындағы қатынастың жыл санап жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқандығын алға тартқан Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев мәдениет, ғылым салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бар екеніне тоқтала келіп, әсіресе, экономика бағытындағы әлеуеттердің зор екенін ескеріп: «ТүркПА парламентшілерінің біздің елдеріміз арасындағы, оның ішінде Жібек жолының экономикалық белдеуі аясындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайту жобаларын талқылауға қатысуы түркітілдес елдердің ынтымақтастығын нығайтуға сөзсіз ықпал ететін болады», – деді.
М.Әшімбаев әлемдік қоғамдастықтың Жібек жолы жобаларына қызығушылығы тарихи тұрғыдан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өңірге, атап айтқанда, біздің елдерімізге қызығушылықты арттыратынын атап өтті.
Одан әрі кездесуге қатысушылар бауырлас мемлекеттер арасындағы коммуникация, көлік, көршілес елдермен қарым-қатынас, интеграциялық одақтардың түркітілдес елдермен байланысы сынды өзекті тақырыптарды талқыға салды.
Осыған орай, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев, Сенаттың Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Серік Біләлов, Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Амангелді Дәуренбаев, т.б сөз сөйледі.
Өз сөзінде Шығыс пен Батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолы көне заманнан бері адамзат тарихындағы әлемдік деңгейдегі өркениеттер арасындағы бейбіт даму байланыстардың көрінісі екенін алға тарта келіп, А.Дәуренбаев Ұлы Жібек жолын дамытуды барынша жалғастыра беру экономиканың барлық саласында барша түркітілдес елдермен ғана емес, күллі әлеммен өзара іс-қимылдың зор келешегін ашатындығын айтты.
Іс-шара барысында ТүркПА парламентшілерімен қатар, біздің елдегі дипломатиялық корпустың, мемлекеттік органдардың өкілдері, «Экономикалық зерттеулер институтының», Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырысқа төрағалық еткен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Серік Сейдуманов кездесуді қорытындылай келе, айтылған маңызды пікір-ұсыныстардың алдағы уақытта түркітілдес елдер парламенттерінің бірлескен жұмысының нығая түсуіне ықпал ететіндігін жеткізді.