Кеше елордада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына байланысты мерекелік шаралар болды.
Айтулы оқиға аясында өткен Ғылыми кеңестің салтанатты отырысына мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, ғылым және білім саласы өкілдері қатысты.
Мерейтойдың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтауын оқып берді. Құттықтауда 1996 жылы арнайы Жарлықпен құрылған университет бүгінде отандық жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшының біріне айналғаны және Астананың рухани әрі зияткерлік орталығы болып отырғаны атап көрсетілген. Қазақстан Президентінің Еуразия ұлттық университеті алдағы уақытта да «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру үшін білікті мамандар даярлайтын маңызды ғылыми-ағартушылық мекеменің бірі болып қала беретініне сенім білдіретіні айтылған.
Бүгінде ЕҰУ – Еуропа, Азия, Американың 258 жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, шет мемлекеттер елшіліктерімен, халықаралық білім беру қорларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан еуразиялылық идеясын іске асыратын болашақ университеті.
Қазір мұнда 16 мыңнан астам студент 168 мамандық бойынша білім алады, 2011 жылдан бастап 250 пән ағылшын тілінде жүргізіліп келеді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2000 жылы университет базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылған.
Салтанатты шарада сондай-ақ, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың құттықтау хаттары оқылып, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының директоры Александр Сидорович, РФ Президенті жанындағы экономикалық кеңес мүшесі Александр Аузан сөз сөйлеп, Лондон Олимпиадасының чемпионы университет түлегі Александр Винокуров өз лебізін бейнекөрініс арқылы жеткізді.
Жиында сөз алған 2004 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, ЕҰУ-дің құрметті профессоры Эдвард Прескотта осы оқу ордасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп: «Мен әлі күнге дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуімде, сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыған кезімде көрсеткен қонақжайлылықтарыңыз бен ықыластарыңызды әрдайым есіме түсіремін. ЕҰУ 20 жылдың ішінде қарқынды дамып, жоғары халықаралық бағаға ие болды. Еуразия ұлттық университетінің қара шаңырағына, оның ішінде студенттерге шығармашылық рухын сақтап, жаңа мақсаттарға ұмтылып, дами беруді тілеймін, – деді.
ҚР ЖОО еліміздің білім-ғылым саласының дамуына үлес қосып, өңірлердің өсіп-өркендеуінің қозғаушы күшіне айналып отыр. Жиырма жылда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарымен тығыз достық және ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынас құра білген аталмыш университетте Қазақстан ректорлары кеңесі жұмыс істейді. Бүгінгі мерейтоймен еліміздің 70-тен астам ЖОО ректорлары құттықтады. Сахна төріне шыққан барлық ректорлар атынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы құттықтады.
Астанамен қатарлас дүниеге келген бұл білім ордасының құрылуы – ел болашағы үшін маңызды бастамалардың бірі еді. Еуразия аталуының өзінде көп мән жатыр. Тұрақты дамуға бағытталған үздіксіз ізденістер нәтижесінде күрмеуі күрделі көптеген мәселелер оң шешімін тапты. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен және шетелдік таңдаулы оқу орындарымен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу ісі жолға қойылды. Ондағы таңдаулы мамандарды шақырып, дәріс оқыту бүгінде дәстүрге айналған. Бұл өз кезегінде дарынды жастарымыздың болашағына кең жол ашып отыр.
Мерейтойлық басқосу барысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов сахна төріне көтеріліп, университеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан бұрынғы ректорлар – А.Құсайынов, М.Жолдасбеков, С.Әбдіманапов және Б.Әбдірайымды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығы мерекелік медалімен марапаттады.
Салтанат соңы «Күлтегін аманаты» қойылымы мен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне ұласып, «Астана көктемі» мерекелік іс-шараларына жалғасты.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»