Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 31 мамырда болатын «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына әзірлік және оны өткізу мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қазіргі замандағы қауіпті қатерлердің бірі ретіндегі терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылауға парламентшілер, діни қайраткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары мен дипломаттар, сондай-ақ, отандық және шетелдік сарапшылар қатысады. Форумның жұмысына әлемнің 41 елінен 63 делегация келеді деп күтілуде.
Кеңесте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының 1 маусымға белгіленген отырысына әзірлік барысы да қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов хабардар етті.