• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Оңтайландыру опынтып жүрмей ме?

533 рет
көрсетілді

Елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін ендірудің кезеңдік қадамдары жалғастырылуда. Саладағы кез-келген реформа сияқты, оның басты мақсаты тұрғындарға медициналық қызмет көр­сетудің сапасын арттыруды көздейді. Осыған байланысты, ден­саулық сақтау мекемелері құрылымдық өзгерістерді бастан өт­керуде. Атап айтқанда, облыстағы алты ауылдық аурухана амбулаторияға айналдырылды. Мұның барлығы Үкіметтің ден­саулық сақтау жүйе­сінің мемлекеттік нормативтеріне қатысты 2009 жылғы 15 жел­тоқсандағы №2131 қаулысындағы талаптарды орындау мақ­сатында атқарылған. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­ты­ғының орынбасары Баян ЫСҚАҚОВАНЫ әңгімеге тартып, та­қырып төңірегінде ой өрбітуді өтінгенбіз. – Баян Сейілханқызы, был­тырғыны қосқанда қайта құ­рыл­­ған ауруханалардың са­ны то­­ғызға жетіп отыр. Бұл уақыт та­лабы дегенімізбен, көптеген арыз-шағымдарды да тудыру­да. Осы­ған орай, газет оқыр­ман­дарына қандай түсінік берер едіңіз. – Сұрағыңызға жауап бермес бұрын жаңа жүйе туралы айта кетейін. Өткен жарты жылдың ішін­де ғана 491 адам амбула­то­рия­­лық емдеу ұйымдарын өз еркімен таң­дау құқығын пайда­лан­ды. Тіркел­ген өтініштердің барлығы да қана­ғат­тандырыл­ды. Осы мерзім ара­лығында ау­ру­ханаға жатқызу ту­ра­лы 11869 өтініш түссе, оның 41,8 пайызы ауыл тұрғындары болып отыр. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақ­стан облысының көршілес аудан­да­ры­нан 337 адам Көк­ше­тау қа­­ла­сының аурухана­ла­рын­да ем қа­­­был­дады. Осы­ның өзі ұлттық жү­йе­нің артықшы­лығын айқын­дайды. Ал оңтайландыру немесе қай­та құрылу ауылдық ауру­хана­лар­ды ғана емес, тұтас жүйені қам­ти­ды. Стационар­лар­дың төсек орын­дық қарымы 2009 жылмен салыс­тырғанда, 483-ке азайып, 6107 төсек-орын­ды құрады. Сөй­тіп, әр 10 мың тұрғынға шаққан­дағы орын 82,8 болып отыр. Респуб­ликалық көр­сеткіш – 65,4. Соған қара­мас­тан, жекелеген аудандар мен облыстық мекемелерде осы қуат­тың өзі тиімді пай­даланыл­майтыны анықталды. Нақ­­ты дерекке сүйенсек, өткен жылы сыр­қат­тардың 30 пайызы ауру­ханаға негізсіз жатқызылған. Есесі­не күн­­дізгі стационар­лар­дағы төсек орын саны 589-дан 1088-ге көбей­тілді. Осыған сәйкес емделгендер саны 8512-ден 15617-ге жетті. – Сөзіңізден аңғарғаны­мыз, ауылдық ауруханаларды дәрі­гер­лік амбулатория етіп оң­тай­лан­дыру арқылы күн­діз­гі ста­цио­нар­лардың тиімділігі арт­пақ. Сон­да емдеу орын­да­рын мемлекеттік нормативке сәйкестен­діру­дің негізгі ұс­та­ным­дары қан­дай? – Ол медицина мекемелеріне тіркелген тұрғындар санына бай­ланысты болмақ. Мәселен, шал­ғай елді мекеннің климаттық-гео­гра­фия­лық, тағы басқа ерекшеліктеріне қарай, кемінде 5000 тұрғыны бар болса, аурухана құ­рылады. Ал, 2000-нан астам тұр­ғыны бар ау­мақ­та дәрігерлік амбулатория жұмыс істейтін болады. Одан төмен қарай фельдшерлік-акушерлік пункт, ме­ди­циналық пункт болып кете береді. Қазір об­лыста 117 ауылдық дәрі­герлік амбулатория қызмет көрсету­де. Ор­на­ласу жағдайына қарай, барлық мекемеде күндізгі стационар сақ­талып отыр. Енді аурухана мәселесіне қай­та оралайық. Былтырғы жылдың ба­сында оның саны жетеу еді. «Ха­лық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Қазақ­стан Респуб­ли­касының Кодексіне сәй­кес Астрахан ауданындағы Пер­вомайка, Зеренді ауданындағы Кү­сеп ауылдық ауруханалары дәрі­герлік амбула­то­рияға ауыстырыл­ды. Бұған дейін онда тәулік бойғы стационар, амбулатория және зертхана бар деп есептелді. Бірақ, мамандар болмаған. Ауыл­дық ауруханада дәрігердің ставкасы 20 төсек-орынға теңес­тірілген. Ал, біздің өңірдегі халық тығыздығы кей жерлерде, тіпті дәрі­г­ерлік амбулатория ашуға да аздық ететіні байқалады. Сондықтан, бірнеше ауыл­дың тұрғындарын бір ауру­ханаға немесе амбулаторияға тір­кеуге тура келеді. Аурухана­лар­дың «100 аурухана» бағдарла­масы­мен негізінен аудан орталықтарында салынып жатқан себебі де сол. – Сонда ауруханалары жа­был­ған ауыл тұрғындары неден ұтылып отыр? – Тәулік бойғы стационарды айтпағанда, ештеңеден. Бірақ, ауыр халдегі, тіпті орта деңгей­дегі сыр­қат­тар кемінде аудандық ауруханаларда немесе арнайы медициналық мекемелерде емделуге тиісті екендігін түсінуіміз керек. Қалғандары күндізгі стационар мен амбулатория қызметін пайдаланады. Ендеше, жоғарыда аталған құрылымдық өзгерістерге үрке қараудың қажеті жоқ. Оң­тай­ландыру – қысқарту немесе үнем­деу емес. Адамдар өз орын­дарын­да жұмыс істеуде, өйт­кені облыс­та әлі күнге 400-ге жуық дәрігер жетіспейді. Жедел жәрдем көлік­тері, зертханалар да орнында. – Ал ұтымды тұсы жайлы не айтасыз? – Қаржыны шашыратпай, тиімді пайдалану арқылы саланың әлеуе­ті күшейтіледі. Оңтайлан­дыру нәтижесінде дәрігерлік ам­бу­ла­ториялардың саны был­тырғы 158-ден 109-ға қыс­қарды, оның 49-ы медпункт пен ФАП-қа ай­налды. Керісінше, 18 медпункт фель­д­шерлік акушерлік пункт дә­ре­жесін алды. Сондай-ақ, 2009 жылы бірде-бір ФАП болмаса, қазір оның саны 62-ге жетіп отыр. Барлық ауылдық медицина ұйым­дары аудандық аурухананың құ­ры­лымдық бө­лім­шелері болып са­налады. Осы арқылы медицина­лық көмек аудан аумағын тұтас қамтып, ал­дын алу шаралары жос­парға сәйкес жүргізіледі. Стацио­нар­­лар­д­ың төсек қоры норматив талап­тарына сәйкестендірілді. Жұ­­мыс барысы құзырлы органдар та­ра­пы­нан үнемі бақылауда (был­тыр­ғы тоғыз айда 161 тексеріс бол­ған) ұсталады. Орын алған азын-аулақ кемшіліктің оңтайландыру мәсе­ле­сіне қа­тысы жоқ. – Газеттің облыстағы қо­сынына Шаңтөбе жұмыс­шы кенті мен Есіл ауданынан шағым түсіп еді... – Ауылдық ауруханаларға қа­тысты жоғарыда айтылған мәселе Шаңтөбе мен Двуречный село­сына да қатысты. Есіл қа­ласынан 64 шақырымдағы Дву­реч­ныйдың екі қабатты учаскелік аурухана­сында стационар­лық 20 төсек-орын бо­латын. Үкімет қаулысына сәйкес ол дәрігерлік амбулатория болып қай­та құрылды. Қазір мұн­да 10 орын­дық күндізгі және 5 орын­­дық тәу­ліктік стационар жұ­мыс істеп, үш ауылдың тұр­ғын­да­рына қызмет көр­с­етуде. Қа­зір­дің өзінде осын­да­ғы тәуліктік стационарда 98, күн­дізгіде 202 адам емделді. Шаңтөбенің ауруханасы ке­ңес кезіндегі одақтық орта машина жасау министрлігінің ве­домство­лық қарауында болған және 400 шақы­рымдағы Степногорск қала­сының құрылым­дық бөлімі сана­латын. Қа­зір уа­қыт та, нақты жағ­дай да өзгер­ді. Аурухана дәрігер­лік амбулатория атанғанымен, әр­қай­сысы 20 төсек орындық тәу­лік­тік және күндізгі стационар жаб­дық­тал­ды. Зертхана, рентген кабинеті, жедел жәрдем бө­лімі жұмыс істейді, бұ­рын бол­маған УЗИ ап­паратын са­тып алу жос­парлан­ған. Әйел­дердің босану мәсе­лесі де қа­рас­тырылған. Оның үстіне, тұр­ғындар түрлі ме­дици­налық құ­жат­тар­ды алысқа шап­­­қыла­май, осын­да рәсімдей ала­ды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.