БОКС. Астанада әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында 51 килоға дейінгі салмақтағы Жайна Шекербекова ширек финалда германиялық Азиза Ниманиді жеңіп, жартылай финалға шықты. Осы арқылы ол Олимпия ойындарының лицензиясына қол жеткізді.
КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭ. Болгарияның Варна қаласында қазақстандық Темірлан Жәнібеков 65 килоға дейінгі салмақта Еуропа чемпионы атанды. Сол сияқты Қытайдың Ханжоу қаласында Никита Гарас пен Әлемгүл Сабырхан Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Осы жарыста Нұрлыхан Сәдуақасова мен Аяулым Мұратова күміс жүлдені, Данияр Әлімусинов қола медальді иеленді.
ТЕННИС. Венгрияның Будапешт қаласында ITF сериясына жататын жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Оған Қазақстан құрамасында Дастанбек Ташболатов пен Жібек Құламбаева қатысуда. Дастанбек турнирдің ширек финалына шықты.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ. Өскеменде қазақ күресінен Ырғызбай Досханұлының атындағы халықаралық турнир өтуде. Оған әлемнің 20 елінен балуандар қатысуда. Олардың арасында Олимпиада және әлем чемпиондары бар.
ДЗЮДО. Оралда ерлер және әйелдер арасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске түсіруге арналған VIІ халықаралық турнир өтті. Жарысқа 200-ден астам спортшы қатыcты.
ГАНДБОЛ. Қызылордада әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының суперлига ойындарының 5-ші туры өтіп жатыр. Оған Алматы облысының «Іле», Өскеменнің «Алтай», Астананың №5 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар және жасөспірімдер мектебі, «Алматы» және Қызылорданың «Сейхун»-КАМ-ҚМУ» командалары қатысуда.
«Егемен-ақпарат»