• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2016

Берекелі бес том

387 рет
көрсетілді

Жазушы Марат Мәжитовтің төл әдебиетімізге салған толайым олжасы осындай Осыдан төрт жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде басылымның сол кездегі басшысы, әдебиеттанушы ғалым Сауытбек Абдрахманов: «Қазіргі қазақ әдебиетінің қан базарынан өз орнын ойып тұрып алған қаламгерлердің қатарында осы күндерде жетпіс жастың жотасына шыққан Марат Мәжитов есімін де атай аламыз», деген екен. Бұл пікірдің дұрыстығына һәм орындылығына біздің зәредей де күмәніміз жоқ. Өйткені, осынау сабат мінезді сабыр иесі қаламгерді өзіміз де біршама білеміз. Ер жасы елуге келгенде әңгіме-хикаяттарын әбден оқып, шығармашылығы жайында шама-шарқымызша сыр шерте шағын мақала да жазған болатынбыз. Студенттік шақта курсымыздағы жасы үлкеніміз болғандықтан «Сұр шал» атанып кеткен аға досқа: «Сұр шал жай шал емес, шығармашылық кемеліне келген, сірге мөлдіретер қымыздай бабындағы шал», деп бір жағы әзіл араластыра  ақжарма тілек те айтқан едік сонда. Мәкең қаламының қоңыр жорғасы бүлкілдей екпіндеп, әсіресе, «Құныскерей» және «Тобанияз» деген ел көңіліне тоқ кесек екі роман тудырғаны да сол елуінен кейін. Ал оған дейін журналистік қызмет атқара жүріп «Қып-қызыл жалын», «Құлынды жон», «Соңғы айналым» атты шұрайлы әңгімелер, хикаяттар жинақтарымен тәуір танылған болатын. Осылардың ішінде «Құныс­керей» аса тағдырлы роман. Жазушының бас туындысының бастауында тұрған «Құмдағы із» көлемді әңгімесі студенттік шағында жазылып, іле-шала «Жұлдыз» журналының 1973 жылғы 3-санында жарияланды. Бас кейіпкер Құныскерейдің өзі қаламгердің әкесі, қасиетті кісі Кәрім ақсақалдың нағашысы болып келеді. Соңғы аманат хатын осы жиеніне жазыпты. Кәрекең ол хатты қырық жыл құпия сақтап, жазушылық жолға түскен ұлына табыстаған ғой. Сол кеңес кезінде әлі де баяғы «банды» атынан арылмаған халқымыздың бір боздағы Құныскерей нағашы атасы туралы індетіп жазуды Марат Мәжитовтің әке өсиетіндей санауы да сондықтан болса керек. «Жұлдызға» шыққан әң­гіменің арты дауға айналып, авторды жазғырған жалалы хаттар «Правда» газетіне дейін жолданып, біраз шулатқаны да есте. Марат сөйтіп, «жазалануға тиісті бандының тұқымына» айналып та кете жаздаған-ды. Мінеки, енді келіп бүгінгі белгілі жазушы Марат Мәжитовтің жақын күндерде ғана шыққан бес томдық шығармалар жина­ғының бірінші кітабына осы «Құныскерей» романы тұтастай еніп отыр. Құныскерей Қожахмет баласы – алты Алашқа белгілі Иманжүсіп, Мәди рухтас өр­шіл тұлға, қазақтың намысы мен мүд­десі үшін күрескен, Тай­сойған өңірінің алғадай тумасы. Құныскерей банды атанып қуғын-сүргінде жүрген кек пен шер иесі. Романда оның бітім-болмысы, сол кездің уақиғалары қазақтың жалпақ та құнарлы тілімен келісті суреттеледі, кеше мен бүгін, ескі мен жаңа салыстырыла отырып, қилы-қилы шегіністер жасау тәсі­лімен, сан алуан «тар жол, тайғақ кешулер» сарапталып, електен өткізіледі. Жазушының екінші томына ертеректе және Тәуелсіздік жылдарында жазылған көркем әң­гімелері енген. Негізгі арқау – ауыл өмірі. Ал Адай уездік ко­митетінің төрағасы болып, мемлекет қайраткерлігіне дейін көтерілген қазақтың көрнекті перзенттерінің бірі, 55 жасында Кеңес өкіметінің қаһарына ілігіп, 1930 жылы атылып кеткен Тобанияз Әлниязұлының қым-қиғаш күреске толы өмір жолы қамтылған қабырғалы роман үшінші томды көркейтіп тұр. Бұл туындыдан да сол заманның шынайы тыныс-тіршілігін, кестелі тіл мен орамды ойларды молынан табамыз. Сегіз арыс Адай еліне хан Тобанияз атанған қыран тектес қайраткер образы нанымды көрсетілген. Роман, сонымен қатар, Әліби Жангелдин бейнесі көрініс табуымен де құнды, құнарлы бола түскен деуіміз керек. Төртінші томдағы, негізінен Тәуелсіздік жылдарында жазылған көсемсөз бен көркем очерк, эсселер де оқырманға қызғылықты болмақ. Бел буған бесінші том соңғы жылдары жазған «Аман­ғали», «Әкім сайлау» сипатты әңгімелермен ерекшеленген. Жазу­шының «Барлыбай түбіндегі ән» повесі тарихи шындықты өзек етсе, басқа хикаяттарында да әр кезең, әр уақыттың өзіне тән оқиғалары жымдаса өріледі. Бәрі де кезінде оқырман ілтипатына бөленген дүниелер. Берекелі бес томдығы халқына жол тартқан қабырғалы қаламгер, аға достың сүйінішті әдеби олжасына құтты болсын айтамыз. Жазар көбейсін. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»