• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

«Егеменнің» еңбек торысы

572 рет
көрсетілді

Арқалы ақын, белгілі жазушы, аудармашы Әбіраш Жәмішұлы Сыр өңірінің тумасы. 1945 жылы орта мектепті тәмамдап, Қазақ мемлекеттік университетінің жур­­на­листика факультетінен дәріс алған оның еңбек жолы қатардағы қаламгерліктен бастау алады. Бертін келе ол «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде басшылық қызметтер атқарған. Барынша қарапайым­дылығымен ақырын жүріп, анық басқан Әбекең мерзімді баспа­сөздің тынымсыз тіршілігінде жүрсе де, қолынан қаламы түс­пеген жан. «Арай», «Күміс кірпіктер», «Дала шұғыласы», «Төс­кей» және т.б. жүрек жазбалары соның нәтижесі. Айта кету керек, Әбіраш Жәмішұлы аударма сала­сында да аз еңбектенген жоқ. Ол аты әлемге әйгілі ақын А.С.Пуш­киннің жыр жолдарын қалың қазақ оқырмандарына тарту етті. Сондай-ақ татар, өзбек, армян, тәжік ақындары шығармалары­ның шырайын кіргізумен қатар Шығыстың ұлы шайырлары Хафиз бен Физули ғазалдарын, Қожа Ахмет Ясауи хикметін қазақ оқыр­мандары жата-жастана оқи­тын дүниеге айналдырды. Қазақ халқы қашанда артында өлмейтұғын сөз қалдырған қалам­герлерін аса құрмет тұтып, қа­дірлеген. Есімі Сыр аймағына ғана емес, елімізге етене танымал Әбе­кеңді кейінгі ұрпақтарына ұла­ғат етуді мұрат тұтқан ауыл тұр­ғындарының ақынға жасап жатқан құрметіне ел риза. Өзі туған Шіркейлі ауылының тұр­ғын­дарының сұранысына сәйкес, 1996 жылы ҚР Министрлер кабинетінің шешімімен Шіркейлі ауылындағы №129 орта мектепке Әбіраш Жәмішевтің есімі берілді. Әбіраш бейнесін мәң­гілікке мұра етуді, яғни тұғырға қондыруды көздеген ауыл тұрғын­дарының тағы бір бастамасы өз ше­шімін тапты. Яғни, ауыл тұр­ғындары асы­ға күткен Ә.Жәмі­шев­тің тұ­ғыр­­ға қонған тұлғасы өз атын­дағы мектеп алдынан орын тепті. Ақын ескерткішінің ашылу салта­натына қатысушылар Әбіраш Жә­мі­шев жайлы жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Алғашқы сөз ал­ған аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіп­баев: – Әбекеңнің өзі өлсе де, оның артында қалған сөзі өлмейді. Содан да оның жазбалары біздің жү­ре­гімізде мәңгілікке жазылып қал­ған, – деген ол ауыл тұр­ғын­да­рына, оның ішінде қарымды қа­лам­гердің мүсінін тұғырға қон­ды­ру­ға қаржылай демеушілік жа­саған «Мәди қажы» ЖШС ди­рек­торы, аудандық мәслихат де­путаты Аббас Камалатдинге риза­шылық сезімін білдірді. Салта­нат­ты шарада облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс, ұлағатты ұстаз Қанатбек Әбілқасымов, демеуші Аббас Камалатдин, Ә.Жә­мішұлының қызы Гүлнар Әбі­раш­қызы, ауыл ардагерлері сөз сөйлеп, тұғырлы тұл­ғаға тағзым жасады. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы. Сырдария ауданы.