Қазақстан халқы 2030 жылға қарай 20 миллионға жетеді. Бұл туралы Астана экономикалық форумы аясындағы өсудің жаңа үлгісін іздеу жолында тақырыбындағы сессияда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
– Демографиялық болжамдар бойынша, еңбекке қабілетті жастағы Қазақстан халқының жыл сайынғы табиғи өсімі 2017-2018 жылдары 10 мың адамға дейін төмендейді. Ал 2019 жылдан бастап өсім жоғарылай бастайды. Сонымен қатар, 2020 жылы өсім шамамен 25 мың адамға жетеді. Ал 2025 жылға қарай жыл сайынғы өсім 100 мың адамнан асады. Бұл еңбек нарығында күрделі жағдай туындатқанымен, экономикалық өсім қарқынына оң ықпал ететін болады, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта табиғи өсім мен адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуы себепті Қазақстан халқының жалпы саны да көбейетін болады. Жиын барысында ол Біріккен Ұлттар Ұйымы экономикалық және әлеуметтік істер департаментінің болжамды мәліметтерін тілге тиек етті. Мәліметтерге жүгінер болсақ, 2030 жылы Қазақстан халқы 14 пайызға өсіп, 20,1 миллион адамға жететін болады.
– Уақыттың осынау сын-қатеріне жауап беру үшін біз ішкі еңбек ресурстарын өнімді жұмысқа тартуды жоспарлаудамыз. Қазіргі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, Қазақстан халқының саны мамыр айының басында 17 миллион 733,1 мыңға жеткен.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»