«Қағаз, қалам, уақыт бер аздаған, мен өмірге жырлау үшін келгенмін», деп өзі айтқандай, аз ғұмырында артына мол мұра қалдырған Мұқағали Мақатаевтың таяп келе жатқан туған күніне орай №172 жалпы білім беретін мектепте әдеби кеш өтті. Оқушылар бала Мұқағали мен дана Мұқағалидың бейнесін сахнаға шығарды. «Әке, сенің жасыңнан асып барамын, Кезі-кезі келгенде тасып та алам. Кезі-кезі келгенде жасып қалам, Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң. Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын», десе бала Мұқағали, «Апырмай, туған жер-ай, теңдесер кім, Бұл жерге сен болмасаң келмес едім. Кіндігімді байлаған қазығым-ай, Сен болмасаң бұл маңды көрмес едім», деп толғанады дана Мұқағали.
Кеште ақын өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы оқушыларға көзін көріп, сөзін естіген жыр жампозы туралы ағынан жарылып әңгімелесе, ақындар А.Әбдіқалық, Б.Мәжитұлы арнау өлеңдерін оқыды. Ақынның баласы Жұлдыз Мұқағалиұлы әкенің асыл қасиеттерін, дарын-қарымын тілге тиек етсе, халықаралық Мұқағали қоғамдық қорының президенті, жыр дүлдүлінің келіні Бақыткүл Айдарова атасының таяуда ғана баспадан жарық көрген томдарын, өзге де құнды заттарды мектеп мұражайына сыйға тартты. Білім ордасының директоры Нұрайым Қанабекқызы ардақты ақынды осылайша ардақтау, кейінгі ұрпаққа оның өлмес жыры мен өшпес өмірін насихаттап отыру, мұны дәстүрге айналдыру біздің қарызымыз бен парызымыз, –деді.
Бота МҰҚАТОВА, бастауыш сынып мұғалімі.
Алматы.