• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

«Аманат бір өзіңе жырым – сырым»

630 рет
көрсетілді

«Қағаз, қалам, уақыт бер аздаған, мен өмірге жырлау үшін келгенмін», деп өзі айт­қандай, аз ғұмырында артына мол мұра қалдырған Мұқағали Мақатаевтың таяп келе жатқан туған күніне орай №172 жалпы білім беретін мектепте әдеби кеш өтті. Оқушылар бала Мұ­қаға­ли мен дана Мұқағалидың бейнесін сахнаға шығарды. «Әке, сенің жасыңнан асып барамын, Кезі-кезі келгенде тасып та алам. Кезі-кезі келгенде жасып қалам, Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң. Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын», десе бала Мұқағали, «Апырмай, туған жер-ай, теңдесер кім, Бұл жерге сен болмасаң келмес едім. Кіндігімді байлаған қазығым-ай, Сен болмасаң бұл маңды көрмес едім», деп толғанады дана Мұқағали. Кеште ақын өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы оқу­­шыларға көзін көріп, сөзін естіген жыр жампозы туралы ағынан жарылып әңгімелесе, ақындар А.Әбдіқалық, Б.Мә­­житұлы арнау өлеңдерін оқыды. Ақынның баласы Жұлдыз Мұқағалиұлы әкенің асыл қасиеттерін, дарын-қа­рымын тілге тиек етсе, халықаралық Мұқағали қо­ғам­дық қорының президенті, жыр дүлдүлінің келіні Бақыткүл Айдарова атасының таяуда ғана баспадан жарық көрген томдарын, өзге де құнды заттарды мектеп мұражайына сыйға тартты. Білім ордасының директоры Нұрайым Қанабекқызы ардақты ақынды осылайша ардақтау, кейінгі ұрпаққа оның өлмес жыры мен өшпес өмірін насихаттап отыру, мұны дәстүрге айналдыру біздің қарызымыз бен парызымыз, –деді. Бота МҰҚАТОВА, бастауыш сынып мұғалімі. Алматы.