• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Міндеттелген тапсырмадан – атқарылған іске дейін

218 рет
көрсетілді

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сы XXIV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген тапсырмалар бойынша Ассамблея мүше­лерінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Алқалы отырыста Ассамблея Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мем­лекеттік маңызы зор «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен жалпы­халықтық «Қайырымдылық керуе­ні», «Қамқор» патриоттық жобасы секілді бірқатар бағдар­ла­малардың жүргізілу барысын пысықтаумен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысын ұйымдастыру мен алдағы уақытта өзге де пайдалы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарады. Кеңесте сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңге­ру­шісі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсыруымен Ассам­блея тарапынан атқарылып жатқан игі істердің маңыздылығына тоқ­талып, ел ішінде «Қазақстан» телерадио кешенімен бірлесе жүр­гізген жалпыхалықтық «Қайы­рымдылық керуені» акциясы аясында 1000-ға тарта адамнан өтініш түскенін, нәтижесінде 500-ден аса азаматтың түйткілді мәселесі оң шешімін тапқанын жеткізді. Сонымен қатар, Ералы Лұқпан­ұлы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі тақырыбында өткізілген жал­пықазақстандық ашық диктант жазу үдерісін қорытындылай келе, бүгінгі Қазақстан қоғамының жаңа сапаға көшкендігіне, халықтың ұлттық идеяларға белсенді ара­ласатындығына ризашылығын білдірді. Ұлт бірлігі мен мемлекет мәртебесін паш еткен игі шараға атсалысқан 140 мың қатысушының 45 мыңы ұсынылған тапсырманы «өте жақсы» орындағандығын айта келіп, мектеп қабырғасында шәкірттердің патриоттық санасын қалыптастыра түсу мақсатында «Қазақстан – бір ұлт, бір халық» тақырыбында сабақтар кестесін бекітуді ұсынды. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдау мақ­сатында жүргізіліп отырған «Қам­қор» патриоттық жобасы жөнінде атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, осы уақытқа дейін ынталы азаматтар тарапынан 29 миллион теңге жиналғаны мәлім болды. Сондай-ақ, кеңейтілген кеңес барысында елімізде алдағы жылы өткізілетін ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары да қозғалды. Ассамблея тарапынан көрме үшін этноауылдар құрылысын қам­та­ма­­сыз ету мен көрмеден кейін­гі уа­­­қытта ол нысандарды ха­лық игі­­­лі­гіне жарату жоспары пысық­тал­ды. Бұдан өзге, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы еліміздегі белді теле­арналардың бірімен келісе отырып, еліміздегі түрлі ұлт өкілдері туралы таным­дық фильмдер түсіру жобасын да талқылады. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ