Жапондық телекомпания қазақ жерінде осы құпияға ден қойды
Жапонияның Fuji Television телекомпаниясы «Mystery All the world» «Әлемнің бар шалғайының құпиялары» атты танымал бағдарламасы үшін Торғай геоглифтері туралы фильм түсірді. Күншығыс елінің белгілі телекомпаниясының өкілдерін Торғай даласына «Торғай шаршысын» алғаш байқаған, Turgay Discovery жобасының жетекшісі Дмитрий Дей өз экспедициясы құрамында алып барды.
«Торғай даласындағы археологиялық құбылысқа жапон телевизиясының қызығушылығы арқасында Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен мәдениетін халықаралық медиа кеңістікте насихаттау мен кеңінен тарату үшін екі күндік сапарымызды ұйымдастырып, жүзеге асырудың сәті түсті. Экспедиция құрамында жапон телекомпаниясының телеоператоры әрі репортері Какинума Сан, Turgay Discovery жобасының жетекшісі өзім, жобаның зерттеушісі Сергей Козин бар», – деп жазды Дмитрий Дей әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жапонияның Fuji Television телекомпаниясы түсірген қазақстандық геоглифтер туралы материал «Mystery All the world» бағдарламасында 2016 жылдың маусым айында көрсетіледі.
Топырақ үйінділерінен тұратын геометриялық бедерлер жоғарыдан түсіргенде ғана анық көрінеді. Бүгінде Қостанай облысының оңтүстігіндегі Торғай даласынан крест, свастика, шеңбер үлгісіндегі жүздеген геоглифтер табылып отыр. Бір қызығы, олардың барлығы да бір-бірінен алыс емес, бір аумақта – Торғай иінінде жатыр. Қазақстандық және шетелдік азуын айға білеген ғалымдардың барлығы да Торғайдан табылған геоглифтерді ежелгі мәдениетпен байланыстырады және оларды Мысыр пирамидалары, Оңтүстік және Орталық Америкадағы мінәжат нысандары мен британиялық Стоунхендж секілді әлемдік брендтер қатарына жатқызады.
Дмитрий Дейдің пікірінше, қазақстандық геоглифтерге әзірше шетелдік ғалымдар көбірек қызығушылық танытып отыр. Америкалық НАСА ғарыш агенттігі Торғай геоглифтерін көбейтіп таратты. «Қазғарыш» мұнан кейін қайта түсірді. Түркияда 2014 жылы өткен Еуропа археологтары қауымдастығының форумында Торғайда табылған бұл олжалар сенсация ретінде бағаланды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы