Қазақта «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бар. Бірақ бюджеттің азын-аулақ қаржысына қарап отырған балалар бақшасын «балды мекен» деп айта алмасақ керек. Дегенмен, сол болар-болмас қаржының өзінен қымқырып қалуды ар көрмейтін ағайындар болады екен.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданының прокуратура қызметкерлері Н.Ілиясов ауылындағы «Балдырған» балалар бақшасының бюджет қаржысын жаратудағы әрекеттеріне тексеру жасағанда, суық қолдардың қимылы бар екені бірден анықталып шыға келді. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұнда бюджеттің 2 052 786 теңге қаржысының көлденең қалтаға түсіп кеткенін анықтады.
Сондықтан «Балдырған» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларының әрекетінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс белгілері бар деп табылып, аудандық прокуратура тиісті құжаттарды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Ал аудандық соттың үкімімен балабақшаның бұрынғы меңгерушісі А.Айдарбековаға бас бостандығын 5 жылға шектеу, есепшісі Б.Келісоваға 3 жылға шартты түрде сотталу жазалары кесілді.
Мұрат АЙТҚОЖА